Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектеп – білім тірегі

Мектеп – білім тірегі

«Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін», – дейді шығыс ғұламасы Әбу Насыр әл-Фараби. Іс-сапар кезінде маған тіршілігі қайнап тұрған ауыл мектебімен танысу бұйырды.

№135 А.Тоқмағамбетов атындағы орта мектептің тарихы сонау 1935 жылдан бас­тау алады. Бүгінгі мектеп ғимараты 1982 жылы іске қосылған, типтік жоба бойынша 624 орынға шақталған. Қос қабатты білімнің алтын ұясынан талай шәкірт қанат қаққан. Былтырғы оқу жылындағы ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы көңіл қуантып, екі оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, жалпы мектеп бітіруші 16 түлек жоғары және арнаулы оқу орындарында өз білімін жалғастыруда. Биылғы жыл әне-міне үлкен өмірге қадам басқалы отырған 13 оқушы (екеуі Алтын белгі үміткері) үшін де жемісті болып, мектеп мерейін үстем етсін дейміз!

Қазір 270 оқушыны ілім нәрімен сусындатып, тәлім мен тәрбиені қатар ұштастырған мектеп жұмысының айнасы – шәкірттер жетістігі. 2019-2020 оқу жылында аудандық, облыстық пән олимпиадасы, ғылыми жобада бақ сынаған балалар жүлделі орынға ие болған. Ауыл оқушыларына арналған «Айқа­нат» олимпиадасының қорытындысы бойын­­ша Бағжан Тілепберген республикалық кезең­ге жолдама алған. Былтыр ҚР ауыл мек­теп­терінің 5-6 сынып оқушылары арасында өт­кен «Мың бала» ұлттық олимпиадасында же­ңіс шы­ңын бағындырған Айдын Маханбет­жан «Білім – инновация» лицейінде білім алуда.

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан». Оқушы жеткен жетістіктің ұшар басында мұғалімнің ерен еңбегі тұрғаны анық. Бұл күні №135 мектепте 54 оқытушы жұмыс жасаса, олардың басым көпшілігі жаңартылған білім мазмұны аясында біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Мектеп директоры Н.Құрманалиев ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Алғыс хатымен», мектеп директорының бағдарлы оқыту ісі жөніндегі орынбасары Ш.Махатова, бастауыш сынып мұғалімі А.Дәрменова, математика пәні мұғалімі Ш.Райымбекова ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», мектеп мұғалімдері Г.Тәжімұратова, Г.Оразбаева, К.Раманқұлова ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хатымен», С.Мақашова, А.Шаймағанбетова ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Алғыс хат», дипломымен марапатталуы да атқарылған жұмыстың жемісі.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

06 сәуір 2021 ж. 498 0