Мектеп – білім мен тәрбиенің қайнар көзі
Мектеп – білім бесігі. Білімнің қайнар көзі мектепте қалыптасатыны рас. Білім ошақтарының білімді ұстаздарының талапты оқушылардың түлеп ұшуына сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Газетіміздің бүгінгі шығарылымының «Білім» беті аудан орталығынан шалғайда орналасқан Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейге арналады. Білімнің қара шаңырағы, сан ғасырлық тарихы бар мектеп-лицейдің жыл көлемінде атқарылған жұмыстары, тыныс-тіршілігі мен жетістіктері туралы мектеп-лицейдің директоры Қалихан Омаровпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Қалихан Бердіханұлы, сөздің ең ұлысы – тарих демекші, Сіз басқарып отырған білім ошағының тарихы тереңде жатқанын білеміз. Осы ретте, алғашқы сұрақты мектеп тарихына бағыттасақ.
– Иә, сан ғасырлық тарихы бар мектеп – 1927 жылы «Жәдігер» 4 сыныпты бастауыш мектебі болып іргесі қаланды. Білім ордасы 1934-1935 оқу жылында жеті жылдық болып қайта құрылды. 1951 жылы Ермағанбет Жүсіпов басшылық етіп, осы кісінің кезінде мектеп үйі салынып «ВЛКСМ-ның XXX жылдығы» аты берілді. Кейіннен 2015 жылы А.Атақаев көшесінде орналасқан жаңа ғимараттың іргетасы қаланып, №37 мектеп-лицейі 3 қабатты типтік жобада, 900 орындық болып салынды. Білім мекемесіне қарасты Сырдария ауданы әкімдігінің 2016 жылғы 28 қарашадағы №371 қаулысына сәйкес, білім ошағына №37 мектеп-лицей мемлекеттік мекемесінің статусы берілді. Содан соң, Қызылорда облысы әкімдігінің 2021 жылы 5 қаңтардағы №176 қаулысына сәйкес, Қызылорда облысының білім басқармасының Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің «№37 мектеп-лицейі коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта аталды. Тоқсан жеті жыл ішінде Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі, еңбек ардагері, ҚР Білім беру ісінің үздігі болған ұстаз ардагерлері шәкірттерге білім берді.
– Білім ошағының бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай?
– Қазіргі таңда мектепте барлығы 975 оқушы бар. Оның ішінде 1-11 сыныптарда 892 және даярлық сыныпта 83 бала бар. Оқушылардың үлгерім сапасына келетін болсақ, оқу озаты – 211. 1-4 сыныптың оқушылары және әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан 450 бала бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған.
Мектептің материалдық базасы жаңа модификациялық биология, химия, физика кабинеттерімен жасақталған. Сонымен қатар тарих, орыс тілі мен әдебиеті, математика кабинеті, қазақ тілі және қазақ әдебиеті, ағылшын тілі, мультимедия кабинеті, робототехника, информатика, алғашқы әскери дайындық, бастауыш сынып оқу сыныптары пәндік оқу бағдарламасы бойынша жаңа технологиямен жабдықталып, практикалық оқу жүйелі түрде жүргізілуде. Балаларға жан-жақты білім беру үшін 5 зертхана жұмыс жасайды.
Ер балаларға арналған оқу шеберханада станоктармен, ал қыз балаларға арналған шеберханада тігін машинасы, үтік үстелімен жабдықталған. Мектебіміз бойынша 17 спорттық үйірме бар. Жалпы, Шаған ауылдық өнер мектебі мен облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебіндегі үйірмелерге 543 оқушы қатысады.
– Мұғалім қастерлі мамандық иесі екені сөзсіз. Сіз басқаратын мектеп мұғалімдерінің қандай жетістігі бар?
Мектепте жалпы 162 мұғалім қызмет етеді. Педагог-зерттеуші – 21, педагог-сарапшы – 62, педагог-модератор – 53. Бүгінде ұжымда тәжірибесі толысқан мұғалімдермен қатар, жас ұстаздар білім береді. 10 пән бірлестігі құрылған. Пәндік апталықтар, семинарлар өткізу, мұғалімдердің тәжірибе алмасуы дәстүрлі түрде жүзеге асырылады. Ұжымның ауызбіршілігі, біліктілігі арқасында мектебіміз биіктерден көрініп келе жатыр. Бұл дегеніміз – білім мен тәрбиені бір арнаға тоғыстырып, оқушыларға сапалы білім беруде аянбай еңбек етіп келе жатқан ұстаздың жемісі. Мәселен, бастауыш сынып мұғалімі Роза Сейтасқарова «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгімен, физика пәнінің мұғалімі Ләйлә Мамрайемова ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Ләйлә Мамрайемованың жетекшілік еткен оқушысы Нұрболат Баянбайұлы ауыл балаларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадада физика пәнінен аудандық, облыстық кезеңдерден І орын алып, республикалық кезең қатысушысы болды. Сонымен қатар Роза Сейтасқарованың оқушысы Мұхаммед Қайратұлы «Алтын сақа» олимпиадасының облыстық кезеңінен І орын алды.
– Оқушылардың жеткен жетістігі және пәндік олимпиадаларға қатысу деңгейі қандай?
– Оқушылардың жақсы нәтижесі көп. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының математика бағытының облыстық кезеңі бойынша 10 сынып оқушысы Нұрдана Сейдалы ІІІ орын, орыс тілі мен әдебиеті бағытының облыстық кезеңінде 9 сынып оқушысы Ескендір Жақсыбек І орын алып келді. Ал, «Зерде» республикалық ғылыми жобалар конкурсының ағылшын тілі бағытының облыстық кезеңінен 7 сынып оқушысы Талшын Сәдуақасова ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар «Инофест – 2023» байқауында Алтыншаш Арыстанбек пен Инабат Аймағанбетова ІІ орын, «Хакатон – 2023» байқауында 6 сынып оқушысы Инабат Аймағанбетова мен 7 сынып оқушысы Ерсұлтан Жанболатұлы жүлделі ІІ орынға қол жеткізді. Биыл 66 оқушы 11 сыныпты бітіреді. Үш оқушымыз «Алтын белгіге», он екі оқушымыз «Үздік аттестатқа» үміткер. Оқушылар ақылы түрде қаңтар және наурыз айларында ҰБТ-ға қатысып, орташа балл 78 балл құрады.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА