Халық пен тіл барда баспасөз жойылмайды
Бүгінгі таңда баспасөз, оның ішінде белгілі басылымдар хақында түп-тамырсыз, негізсіз және жөн-жосықсыз қауесет таратуға тырысатын пасық пиғылды пенделер кездесіп қалады. Олар «Баспасөздің, яғни газеттің болашағы жоқ. Қазір электронды құралдар телеарналар мен ұялы телефондар газеттің орнын басып келеді-мыс» дегенді алға тартады. Бұл – өте өрескел, қате пікір.
Қазақ атамыз «ұрпағымыз тарихты білсін» деп тасқа қашап жазған ескерткіш жазуларды, жыр-дастандарды қалай ұмытамыз? Халық пен тіл бар да баспасөз жойылмайды. Оның үстіне, мерзімді басылымда қоғамдағы құбылыстар мен оқиғалар тереңірек әрі кеңірек баяндалады. Елге егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Әр күн мен әр айдың, тұтас жылдың тарихын жасайтын қалың бұқараның көзі мен құлағына әрі үніне айналған газеттің жойылуы мүмкін емес.
Сөзім дәлелді болу үшін қазіргі таңда республикалық газеттердің жарық көргеніне 100 жылдан асқанын мысал ретінде айтайын. Сондай-ақ өзім еңбек жолымды бастаған аудан айнасы, шежіресі мен жылнамасы «Еңбек туы», қазіргі «Тіршілік тынысы» газетінің жарыққа шыққанына биыл 85 жыл толғалы тұрғанын мақтаныш етемін. Аудандық газетте 15 жылдан астам, облыстық газетте 20 жыл қызмет атқарыппын. Мерейлі де мәртебелі тойы болғалы отырған төл газетім «Тіршілік тынысында» қызмет жасаған кездерімді, кейбір оқиғаларды еске түсіріп, оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдім.
Журналистика жүрек қалауына айналды
Өмірге өзіндік көзқарасын қалыптастырғаннан кейін кез келген кісі азаматтық позициясын айқындайды. Сол кездегі тәрбиенің әсері ме, біз «Отанымыз және қоғам бізге не береді?» деп емес, керісенше «Сүйікті Отанымызға қалай пайда келтіреміз, қоғамдағы құбылыстарға қаншалықты игі ықпал ете аламыз?» деп жиі ойланатынбыз. Осылайша сыры мен қыры, жұмбағы мол, мехнаты мен машақаты зор журналистика әлеміне бетбұрыс жасап, жауапкершілігі қара нарға жүк болатын мамандықты жүрек қалауы, өмірлік ұстаным ретінде қабыл алдым. Қиын да құрметті мамандық жайында «арқалағаны – алтын, жегені жантақ» деп белгілі жазушы әрі журналист ағамыз Шерхан Мұртаза айтпақшы осы мамандықтың жалына жармастым.
Алғашқы қадамымды аудандық «Еңбек туы» газетінде бастағанымды бүгінде мақтан тұтамын. Белсенді автор, штаттан тыс тілші ретінде мораль тақырыптарын көбірек қозғадым. Сол кезде қоғамда жиі кездесетін жастардың өзгелерге еліктеп, мода қуғанын басылым арқылы сынағаным есімде. Балағы ұзын, көшенің шаңын жинап жүретін, кала-кала шалбар, жарассын-жараспасын ұлдардың ұзын шаш қою секілді әдеттерінің терістігін дәлелдеуге тырыстым. «Кала-кала қыздарға жараса ма?», «Ұлдың тәрбиесі – ұлттың болашағы», «Қызым үйде, қылығы түзде» деген тақырыптарда қалам сермеппін. Кейіннен шағын новеллаларым, өлеңдерім мен мақалаларым жариялана бастады. Сөйтіп біржолата журналистиканы өмірлік мақсат-мұратқа, берік ұстанымға айналдырдым.
Аудан айнасы «Еңбек туы» газетімен ондағы қызмет жасаған ағаларым маған көп көмек берді. Бүгінде ауданның Құрметті азаматы атанған ақын ағамыз Мұхтар Сақтапов өлеңдерімді өңдеп, жарыққа шығарса, сол кезде көсіле жазып, көпшіліктің жүрегін жаулаған журналист ағамыз Еркін Әбілов шағын новеллаларым мен мақалаларымды қорытып, сәт-сапар тілеп, жарыққа шығарды. Өзге де ағалар қандай тақырыптар қозғау керектігін айтып, бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңес айтып отыратын. Әр жазған дүнием газетте жарық көрген сайын қанаттанып отырдым. Әсіресе қарапайым оқырман халық сол кездегі оқушы мені мақтап, марапаттап «Біздің тілші бала» деп атайтын. Баспасөздің күші – халықта, бұқарада екенін сол кезде-ақ түсінгенмін. Содан болар көбінесе қоғамдағы келеңсіздіктер, кемшіліктер, халықтың жағдайына уақытылы мән бермеу секілді сын және проблемалық мақалаларды көп жазатын болдым.
Үш буынның үлесі зор
Сонау 1986 жылы Алматыдағы ҚазМУ-дың журналистикасын бітіріп, аудандық «Еңбек туы» газетіне жұмысқа орналасқанымда алдыңғы буын және орта буын ағаларым болды. Олардан көбінесе өзара сыйластық, адамгершілік қарым-қатынас, әзіл қағыстыру, жұмысқа деген жауапкершілік секілді қасиеттерді үйрендім. Ең үлкеніміз Сұлтан Қожаниязов ағамыз үлкен-кіші демей үнемі әзілдесіп жүретін. Өзі де көбінесе сын-сықақ және фельетон жазумен ерекшеленетін. Мұхтар Сақтапов мерекелік достық әзілдер жазумен қатар, фельетондарымен оқырман жүрегін жаулайтын. Сол кездегі газет редакторы Абызбай Маханбетов өте сабырлы, момын, бірақ білімді, есте сақтау қабілеті зор кісі болатын. Публицистикалық және сараптамалық сарындағы мақалаларды көбірек жазатын.
Аудандық «Еңбек туы» газетінің атауы кейіннен «Тереңөзек тынысы», 1997 жылдан «Тіршілік тынысы» болып өзгертілді. Аудандық газеттің мазмұнын байытып, жазу стилін жаңғыртып, көрнекті де тартымды етіп шығаруға Еркін Әбілов, Серік Әлімбетов, Бексейіт Шайланов, Келдібай Уәйісұлы ағаларымыз қомақты үлес қосты. Белгілі қаламгер Еркін Әбілов журналистиканың барлық жанрын, атап айтқанда, очерк, публицистика, корреспонденция, репортаж, суреттеме енгізуге тырысты. Оның жазғандары оқырман көңілінен шығып отырды әрі бізге үлгі болды. Ал Серік Әлімбетов қысқа да нұсқа жазудың, жаңаша сөздер ұйқасын табудың хас шебері еді. Кербез Келдекең – Келдібай Уәйісұлы ақындығымен қатар батыл еді, батырып жазудың майталмандығымен есте қалды.
1990-1993 жылдары газет редакторы болған Қуаныш Татанов әкімшілікпен «айтысып» жүріп, газеттің уақытылы шығуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Уақыт өткен сайын газеттің кескін-келбеті өзгеріп, атқарар жүгі де ауырлай түсетіні ақиқат. Аудандық газетке сол кезде жас буын есептелетін, бүгінде аға буынға айналған жандар келе бастады. Олар өзіндік жазу стилімен газеттің мазмұнды да тартымды, көркем болып шығуына өз үлесін қосты. Атап айтқанда, Дәметкүл Құмақбаева, Бибісара Жанәлі әр сөздері мен сөйлемдеріне мән беріп, жауапкершілікпен қарап, көркем жазуға тырысатын. Сонымен қатар, сол кезде штаттан тыс тілшіліктен журналистикаға дейін жоғарылаған Балауса Сыздықова және Айсұлу Қасымова газетке жаңаша леп, жаңаша жазу стилдерін әкеліп, басылымның абыройы мен мәртебесін арттырды. Бүгінде Дәметкүл Құмақбайқызы Астана қаласында министрлікте, ал Балауса мен Айсұлу облыстық және республикалық телеарналарда қызмет етіп жүр.
Қоғам қайшылықтары құрыштай шынықтырды
Атышулы 1990 жылдары аудандық газет те өзгелер секілді аласапыран қиын шақтарды бастан өткерді. Сол кезде қоғамда қайта құру, демократияландыру, дағдарыс, тоқырау, шаруашылық есеп, қаржыландыру, жекешелендіру, ақыр соңы нарықтық экономика секілді кезеңдер алма-кезек ауысты. Басшылықтың өзі немен, қалай айналысуы керектігін білмей дағдарып жатқанда, газеттер тіпті қиын жағдайда қалды. Баспасөзге жазылу да, еңбекақы төлеу де бартерлік әдіспен жүргізілді. Ақша дегенді көрмейтін болдық. Оның орнына шаруашылық пен мекемелерден күріш, ұн, макарон өнімдерін, жеміс-жидек, көкөніс, бақша дақылдарын, басқа да заттар алатынбыз. Қазіргідей газет офсеттік тәсілмен емес, механикалық әдіспен, яғни қолмен басылатын. Беттердегі мақалалар линотип машиналарымен теріліп, тақырыптардың бас әрпі қолмен салынатын. Кейде беттер шашылып қалып, оны қолмен қайта теріп, таң атқанша газет шығаратынбыз.
Әлгі айтылған түрлі құбылыстар кезеңінде шаруашылықтар мен мекемелерде жиі өзгерістер болатын. Шаруашылықтар түрлі қожалықтарға бөлініп, кейін қайтадан қосылып жатты. Мекемелердің де жұмыстары дұрыс маңдымай қойды. Сонда да болса халықты бірлікке, ынтымаққа шақырып, табыс пен пайда табудың тиімді жолдарын түсіндіруге тырыстық. Үнем мен ұқыптылыққа үйреніп, ысырапшылдыққа жол бермеу, өнімділікке қол жеткізу жолдарын кеңінен насихаттадық.
Жекешелендіру кезеңінде әлеуметтік мәселелер мүлдем қиындап кетті. Кейбір балабақшалар, клубтар, музыка, спорт мектептері, медпункт, тұрмыстық қызмет көрсету орындары жабыла бастады. Елді мекендерде мал бордақылау кешендері, техника жөндеу шеберханалары, құрылыс бөлімдері талан-таражға түсті. Сол кезеңдердің тірі куәсіндей қазіргі уақытта Тереңөзек кентінде «Казсельхозтехника», астық қабылдау кәсіпорны, элеватор, автотранспорт кәсіпорны секілді мекемелердің ғимараттары әлі тұр. Осындай ауыр кезеңде халықтың баспасөзге деген сенімі жоғалған жоқ. Журналистер де халықтың қамы, елдің игілігі жолында аянып қалмай үстін-үсті бұрқыратып мақалалар жазып, өзекті мәселелерді көтерумен болды. Ағартушы ғалым А.Байтұрсынұлы айтқандай, газетті халықтың көзі мен құлағы әрі үні ретінде ұстап тұруға тырысып бақтық. Халық та мұны түсініп, қиын болса да газетке жазылуды бір сәтке де ұмыт қалдырған жоқ.
Жас буынға ағалық ақыл
Қазіргі таңда заман ағымына қарай нарықтық экономика өмірімізге батыл еніп, қоғам дамуы тұрақтана бастады. Дегенмен бұқараның күшімен ғана бедел жинайтын журналистер үшін атқарылар жұмыстар ауқымды. Күн сайын азық-түлік пен түрлі қызметтер бағасы өсіп барады. Жастар арасында жұмыссыздық басым. Халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсарту, табыс табу мүмкіндіктерін арттыру жолында нәтижелі жұмыстар атқарылмай келеді.
Қарапайым мысал. Бүгінгідей көктем мезгілінде жеке тұрғындарға көкөніс, бақша дақылдарын егуге жер ашып жатыр. Бірақ осы жұмыстар талап деңгейінде ме? Жер ала алмай жүргендер бар ма? Осы жөнінде жұрт ұдайы хабардар болғаны дұрыс. «Көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр» деп мақтанамыз. Расында солай ма? Көп көшеге тал егілмей жатқаны баршаға мәлім. Тұрғындардың өзі бұған тиісті мән бермейді. Бұрынғыдай әр көшеге бөлінген мекеме, ұйымдар, жауапты басшылар жоқ секілді. Мұны айтасыз, «кәсіпкермін» деп кеуде көтеретіндер өзінің дүкені немесе дәріханасының алдында, көшесінде тал көшеттерін отырғызып, гүл егуге мойын бұрмайды. Мәселен, Тереңөзек кенті орталығындағы Аманкелді Иманов көшесінің бойындағы дүкендер, дәріханалар, басқа да ұйымдар жасыл желектен жұрдай. Осы мәселені аудан журналистері жазғанын білеміз. Нәтиже болғанша баспасөзде қайта-қайта көтеру қажет сияқты.
«Халықтың тұрмыс деңгейін арттыру, табыс табуына жағдай жасау жолында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр» деген құрғақ сөз сәнге айналды. Шынтуайтына келгенде, аудан орталығының өзінде тұрмыстық құрал-жабдықтар теледидар, тоңазытқыш, кір жуғыш машина, басқа да қажетті құралдарды жөндейтін бірегей шеберхана жоқ. Мұнан бөлек халық той өткізу үшін қалаға немесе Жалағашқа барып, әуреге түсіп жатады. Себебі кентте жөні түзу тойхана жоқ. Орталықта іскер адам болмаған соң тағы да жұрттың ақшасы қалаға, далаға кетіп жатыр. Осындайдан кейін қалайша «Халықтың жағдайын жақсартып, табысын молайтып жатырмыз» деп айтуға болады. Жоғарыда айтылған өндірістік орындар «Казсельхозтехника», элеватор, астық қабылдау кәсіпорны, тағы да басқа ғимараттарды тиімді пайдалану жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелерін газетте мейілінше көп көтеру керек. Атқарушы орган мен заңгерлер арқылы осы өндірістік орындарды мемлекетке қайтаруға қол жеткізу жолдарын қарастырған абзал.
«Турасын айтқан туғанына жақпайды» дейді атам қазақ. Табиғатымнан тура айтып, сол жолдан танбаған жанмын. Себебі журналистиканың бес принципі, яғни ұстанымы – оперативтілік, шыншылдық, халықшылдық, талапшылдық пен табандылық еш уақытта өзгермеуі керек. Әрине қазіргі таңда «Тіршілік тынысы» газеті бұрынғыға қарағанда көркем де сапалы болып шығып жатыр. Себебі офсеттік тәсілмен басылады. Әрине газеттің мазмұнын байытып, түрлендіріп, сапалы да көркем етіп шығаруға ынта-ықыластың бар екені байқалып жүр. Осы ретте жеке адамдардың, әсіресе ауданның дамуына үлес қосқан азаматтардың өмір жолы мен еңбек жолы туралы жақсы-жақсы мақалалар жазылуда. Олардың еңбегін ел-халық пен кейінгі ұрпақтың білгені дұрыс. Қорыта айтқанда, ауданның жылнамасы, шежіресі болып табылатын «Тіршілік тынысы» газетінің 85 жылдығы құтты болсын! Төл газет төрден орын алсын!
Мейрамбек ШІЛДЕБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
журналистика саласының ардагері
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
журналистика саласының ардагері