АЛҒАШҚЫ ЖҰМЫС КҮНІМ КӨЗ АЛДЫМДА
Туған жерде еңбек ету, өскен ортаның дамуына үлес қосу – азамат үшін мерейлі міндет және зор абырой деп білемін. Сондықтан да болар, Шымкент қаласынан жарыққа шығатын республикалық «Қазақстан жолы» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарып жүрсем де өзім ер жеткен, оң-солымды таныған Тереңөзекте жұмыс жасауды көп ойлайтынмын. Бұл арманым 2014 жылы аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне тілші болып орналасуым арқылы жүзеге асты. Аудандық газеттегі алғашқы жұмыс күнім әлі көз алдымда.
Мен жұмысқа орналасқан жылы аудандық басылымдар «Сыр медиа» серіктестігінің құрамына еніп, бірігіп жатыр екен. Әрине, бұл болашақ үшін аса қажетті маңызды шешім еді. Өйткені, серіктестіктің қолдауымен аудандық газеттердің тынысы кеңейіп, материалдық-техникалық базасы жақсарды. Жаңа қызметтік көліктер, құрал-жабдықтар, қажетті кеңсе заттары берілді. Сонымен бірге, жас тілшілерге біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуға зор мүмкіндіктер ашылды. Мұны біз серіктестік құрамына енген алғашқы жылы-ақ сезіндік.
Аудандық газеттің жұмысы қауырт, қарбаласқа толы. Аптасына екі рет жарыққа шығатын басылым қызметкерлері үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ауданның тыныс-тіршілігінен бөлек, облыстағы, республикадағы жаңалықтармен танысып, ой елегінен өткізіп, салыстырып отыру ортақ міндет.
Бірлігі бекем ұжымда үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық көрсету, адал еңбек ету, тапсырманы тиянақты орындау секілді бұлжымас қағидалар қалыптасқан деп айтуға толық негіз бар. Оның үстіне басылымның бас редакторы Сәуле Сұлтанқызы тек білікті басшы ғана емес, анамыздай сырлас, қамқор, мейірбан жан болды. Ұжымдағы Мүсілім Қалмұратұлы, Шаһарбек Нұрсейітов, Гүлсім Әлжанова, Бибісара Жанәлі секілді алдыңғы буын аға-апаларымыз бізге білгенін үйретіп, мол тәжірибелерімен бөлісіп, бағыт-бағдар берді. Осындай іргелі ұжымда мен үш жылдан астам уақыт жемісті еңбек еттім.
2017 жылдың желтоқсан айында аудан әкімінің баспасөз хатшысы қызметіне кірістім. Жаңа жұмыс туралы ұсыныс түскенде аудандық газетті, ұжымды қимадым. Дегенмен, аудан әкімдігінде жұмыс жасауды жөн көріп, бас редактор Сәуле Сұлтанқызы бастаған әріптестерімнің ақ тілегімен аудан әкімінің баспасөз қызметінің тізгінін қолға алдым. Аудан басшысымен тікелей жұмыс жасау, мемлекеттік мекемедегі жұмыс режимі алғашында қиынға соқты. Талап екі есе қатаң, мақсат та ауқымды. Оның үстіне шығармашылыққа, жазуға жақын жан болғаннан кейін мемлекеттік қызметке үйренісу оңай болмады. Алайда, әріптестерімнің сенімін ақтайын деп, бар күш-жігерімді салып жұмыс жасадым. Баспасөз қызметінің жұмысына аудандық газет үнемі қолдау көрсетіп, аудан әкімінің қатысуымен өткен жиналыстарды, мәжілістерді, кездесулерді, іс-шараларды ақпараттандыруға зор үлес қосты. Қазіргі таңда аудандық газет ұжымы мен аудан әкімінің баспасөз қызметінің арасында тығыз әріптестік байланыс орнады.
Аудандық газеттің әрбір жетістігіне, жаңалығына қуанып отырамын. Лайым, 80 жылдық белеске шыққан аудандық газеттің жұмысы жемісті болсын. Әріптестерімді, басылымынң барлық қызметкерлері мен газет оқырмандарын «Тіршілік тынысы» газетінің 80 жылдығымен құттықтап, шығармашылық жетістіктер тілеймін.
Ақтөре Ибрагимұлы,
аудан әкімінің көмекшісі–
баспасөз хатшысы