Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Жас Алаш" ғасыр белесінде

"Жас Алаш" ғасыр белесінде

Биыл қазақ баспасөзінде ойып алар орны бар республика­лық «Жас Алаш» газетінің жарық көргеніне 100 жыл толды. Ғасырлық белеске шыққан басылым оқырманға ой саларлық дүниені ақ­параттандырып, көкейкесті мәселелерді көтеріп келеді. Сонысымен де еліміздегі аға басылым саналатын газеттің баспасөз саласында бәсі биік.
Ғасырлық мерейтойға орай ұжым қыз­меткерлері ауданға арнайы келіп, аудан активімен кездесті. Кездесуге «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Қайрат Мат­реков, қоғам қайраткері Дос Көшім, бас редактордың орынбасары Сейсен Ұлықбеков, жауапты хатшы Нұрымжан Мауытов және газеттің өңірдегі меншікті тілшісі Миуа Байназарова қатысты.
Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев жасалаштықтарды мерейтоймен құт­тықтады.
– Жүз жылдық тарихы бар, қазақ басы­лымдарының ішінде өзіндік стильге ие «Жас Алаш» газеті 1921 жылдың 21 наурызынан бастап бұқараға тарап, баспасөз саласында ерекше қызмет көрсетіп келеді. Газет ұжымы қашанда еліміздің даму тарихындағы небір қиын-қыстау кезеңдерде де ұлт ұйытқысы, адам тағдырының жанашыры, халық пен билік арасындағы алтын көпір болуда. Сіздерді 100 жылдық мерейтоймен құттықтап, қалам қуатымен елімізді нығайту жолында шығармашылық табыс тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары Димаш Серікбайұлы.
Мерейтойға лебізін білдірген соң га­зеттің бас редакторына аудан әкімінің «Құт­тықтауын» табыс етіп, жергілікті қолөнер шебері Жәнібек Маханбет жасаған туындыны және «Сырдария ІІ» кітабы мен 8 бөлімнен тұратын «Арнасын жыр кернеген Сырдария» атты аудиоантологияны сыйға тартты.
Кездесуде «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Қ.Матреков ғасырлық мерейтойды атап өту Сыр елінен басталғанын жеткізді.
– Басылымның негізін қалаған Ғани Мұратбаев екенін жақсы білесіздер. Осыған орай өңірдегі тілшіміз М.Байназарова газет­тің мерейтойын Сыр өңірінен бастауды ұсынған болатын. Бұл ұсынысты ұжым болып қолдап, Сыр еліне арнайы сапармен келіп отырмыз. Бұл келгендегі мақсатымыз – халықтың басылымға деген ой-пікірін, ұсыныстарын тыңдау. Сол арқылы алдағы жұмысымызды жүйелейтін боламыз. Негізі, бұл басылымда қазақ зиялылары еңбек етіп, халықтың мұң-мұқтажын газет бетінде жариялап отырды. Бүгінде сол ізді жалғап, көптеген мәселелерді қаузап келеміз. Сіздермен кездескенімізге қуаныштымыз, сый-құрметтеріңізге алғы­сымды жеткіземін, – деді газеттің бас редакторы.
Мұнан соң саясаткер Дос Көшім сөз кезегін алып, газеттің тұрақты оқырманы екенін, соңғы бір жылда сараптамалық материалдар басылым бетінде жарияланып келе жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар қоғам қайраткері баспасөз құралының азаматтық көзқарас танытуда, ұлт рухания­тын ілгерілетуде өзіндік орны бар екенін жет­кізді.
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы басылымға қа­тысты ойын білдіріп, лебізін жеткізді.
– «Жас Алаш» газеті өзінің айтар ойы мен өзіндік биігін қалыптастырған. Кеше­гі өткен заманда әр жастың өзінің ыңғайы­на қарай газет-журналы болды. Балалар «Балдырғанды» оқыса, пионерлер «Қазақ­стан пионерін» алатын, ал комсомолдар «Ле­ниншіл жас» газетін қолынан тастамайтын. Міне, сол кезден бас­тап есептесек бұл газетті мен 70 жылдан бері оқып келе жатырмын. Осы жылдары басылымнан көп нәрсе алдық. Баспасөз құралы ретінде кез келген тақырыпты жеткізе алатындығымен ерекшеленетінін атап өткім келеді, – деді Х.Әбенұлы.
Сондай-ақ сөз кезегінде аудандық мәс­лихат депутаты, ақын Бағдат Есназар га­зет­тің жанашыры екенін айтып, басылымда шежірелі материалдар, ұлттық рухты көтеретін мақалалар жарық көрсе деген ұсы­нысын білдірді.
Республикалық газет ұжымы сырдария­лықтардың ой-пікір, ұсыныстары ескеріле­тінін жеткізді.
Кездесуден соң құрметті меймандар «Әлеуметтік дүкен», кентке кіреберістегі көп­қабатты тұрғын үй жұмыстарымен танысты. «Әлеуметтік дүкен» жұмысын «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, тұрғын үйлермен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Бахтияров таныс­тырды.
Сонымен қатар сапар барысында аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакция­сына арнайы ат басын бұрды.
Аудандық редакция жұмысымен бас редактор Ақтөре Ибрагимұлы таныстырып, газет ұжымы республикадағы аға басылымның тұрақты оқыр­маны екенін атап өтті.
– Басылым тарихына зер салсақ, жүз жасаған «Жас Алаштың» алғашқы бас редакторы Сыр елінің тумасы Ғани Мұратбаев екенін зор мақтанышпен айтамыз. Сыр бо­йында туып, алты Алашқа танылған жасын ғұмыр иесі небәрі 19 жасында басылымның негізін қалап, газеттің ыстығы мен суы­ғына бір кісідей күйген. Сондықтан Сыр перзентінің қолтаңбасы қалған басылымның мерейлі мерейтойы – біздің де ортақ қуа­нышымыз. Аудандық газет тілшілері «Жас Алаш» газетінің тұрақты рубрикалары мен сараптамалық мақалаларынан өзін­дік ой түйіп, аудан жаңалықтарымен қатар, келелі мәселелерді баспасөз бетінде көтеріп келеді. Мысалы, «Айтайын дегенім», «Мезгіл мәселесі», «Біз жазбасақ, кім жазады?» секілді рубрикаларымыз бар. «Сын шын болсын, мәселені шешуге қатысты үн болсын» деген мақсатта алдағы уақытта да ізденетін боламыз. Газет редакциясының қызметкерлері – «Жас Алаштың» тұрақты оқырмандары, – деді аудандық газеттің бас редакторы.
Аға басылым ұжымы 40 мыңға жуық халыққа қызмет етіп келе жатқан аудандық газет ұжымына шығармашылық шабыт пен табыс тіледі.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

27 наурыз 2021 ж. 1 400 0