9 наурыз. Жылнама
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық ди-джей күні
Халықаралық ди-джей күні - бұл тек атаулы күн ғана емес, сонымен қатар 2002 жылдан бастап маңызды қайырымдылық шараға айналды. Жыл сайын осы күні радиостансалар, клубтар, ди-джейлер тапқан табысын дүниежүзі бойынша балалар үйіне аударады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
2001 жылы Қазақстан мен Ресей шекараны делимитациялауға кірісті. Кездесулер барысында қазақстандық және ресейлiк шекарашылар ұзақтығы 1896,5 шақырым жерді алып жатқан ресейлiк Астрахан, Волгоград, Саратов және Орынбор облыстарының мемлекеттiк шекарадан өту туралы жобалары топографиялық картаға келiсiп енгізілді.
2012 жылы Берлиндегі әйгілі «Адлон» қонақүйінің үлкен банкет залында Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 20 жыл толуына орай ресми шара болды.
2017 жылы Берлинде 1905 жылы жазылып алынған қазақ музыкасы табылды. Құнды жәдігер саналатын алғашқы жазба коллекцияны Германия Қазақстанға сыйға тартты. Бұған дейін ең алғаш қазақ музыкасы 1925 жылы Францияда жазылды деп саналған. Алайда Германияда одан де ерте жазылған аудиотека сақталған. Музыканы неміс ғалымы Рихард Карутц фонографтардың көмегімен сақтап қалған.
2018 жылы Оңтүктік Кореяның Пхенчхан қаласындағы Олимпиада стадионында қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты болды. Онда Қазақстан спорттың екі түрінен: шаңғымен сырғанау және биатлоннан 6 спортшысын жарысқа қосты.
2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдаманы іске асыру сыртқы саяси сабақтастық стратегиясы аясында ҚР мемлекеттік тәуелсіздігін, оның халықаралық беделін нығайтуға; ұлттық, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға; қолайлы халықаралық орта қалыптастыруға, Қазақстанның әлемнің барлық мүдделі мемлекеттерімен және халықаралық ұйымдарымен достық, тең құқықтық және өзара тиімді саяси және экономикалық қатынастарын нығайтуға; Қазақстанның халықаралық қоғамдастыққа және әлемдік шаруашылық байланыстарға интеграциялануының барынша жоғары деңгейіне, оның ішінде ұлттық экономиканы әртараптандыру және цифрландыру негізінде қол жеткізуге; мәдени-гуманитарлық, ғылым, білім беру және басқа да аралас салаларда халықаралық ынтымақтастықтың қарқындатуға; шет елдерде Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке және отбасылық мүдделерін, жеке және заңды тұлғалардың іскерлік мүдделерін қорғауды күшейтуге; мемлекеттің сыртқы саясатының ұзақ мерзімді басымдықтары, практикалық қадамдары және нақты нәтижелері туралы қазақстандық қоғамдастықтың және шет елдердің хабардар болу деңгейін көтеруге;қорытындысында – мемлекеттің, Қазақстанның ұлттық бизнесі мен халқының сыртқы саяси қызметтен нақты пайда табуына жәрдем етеді.
2021 жылы Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері Болатхан Тайжанның құрметіне мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Алматы қаласы әкімінің орынбасары саяси мәселелерді шешудегі қоғам қайраткері Болатхан Құлжанұлының зор еңбек сіңіргенін айтты. Сондай-ақ, Алматыда Болатхан Тайжан атындағы көше бар.
2021 жылы Қазақстанда елдің 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспары бекітілді. Онда Қазақстанның жаңа экономикалық бағытының негізгі міндеттері мен параметрлері айқындалды.
2022 жылы қазақстандық ғалымдар «мыңжылдық міндеттерін» шешу үшін бірегей технология ұсынды. Ғылыми жаңалық тұсаукесері EXPO 2020 Dubai көрмесі аясында ҚР Ұлттық павильонының алаңында өтті. Алгоритм жасаушылар оның тиімділігін COVID-19 анықтау кезінде тексерді.
2023 жылы Өзбекстанда семсерлесуден жасөспірімдер мен кадеттер арасында өткен Азия чемпионатында Қазақстан семсершілерінің жасөспірімдер құрамасы финалдық кездесуде Оңтүстік Корея құрамасын 45:35 есебімен ұтып, бірінші орынға ие болды. Александр Федотов командаластары Богдан Лукин, Ғабиден Мұстафин және Георгий Тинниковпен тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.