17 наурыз: Оқиғалар мен атаулы күндер
1995 жылы журналистика саласының «Алтын жұлдыз» Жалпыұлттық сыйлығы тағайындалды. 2001 жылдан бастап «Алтын Жұлдыз» Қазақстан Журналистика академиясының ресми сыйлығы болып табылады. Сыйлық - шығармашылық табыстарды және қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге түсе алатындығын кәсіби және қоғамдық танудың жоғары белгісі. Қазіргі таңда Қазақстан журналистикасының дамуына өз үлестерін қосқан 100-ден астам тұлға осы сыйлықпен марапатталған.
1995 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы құрылды.
2003 жылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамы жанынан жаңа еншілес кәсіпорын - «ҚазМұнайТеңіз» теңіз мұнай компаниясы» жабық акционерлік қоғамы құрылды.
2005 жылы 2005 жылғы қаңтардың 25-інде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген «2005-2007 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында ғарыш қызметін дамыту» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «Қазғарыш» Ұлттық компаниясы» АҚ құрылды.
2010 жылы Ташкентте «Көксарой» резиденциясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовтың кездесуі өтті. Онда саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақстандық-өзбекстандық қарым-қатынастың одар арғы даму мәселелері талқыланды.
2010 жылы «Қазпошта» АҚ пошталық корреспонденцияны жедел жеткізу бойынша EMS (Express Mail Service) кооперативінің «Алтын деңгей» сертификациясына ие болды.
2015 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Қытайға барған сапарында «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығы табысталып, оған қосымша берілген гонорар есебінен «Милосердие» Ерікті қоғамы» мен Мемлекеттік тілді дамыту қорына 300 мың доллардан берді.
2017 жылы Астанада «Тұмар» ұлттық телевизиялық алғашқы сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Ұйымдастырушылар - «Қазмедиа» орталығы және Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі. Мақсаты - тарапынан ең сапалы және өзекті телевизиялық мазмұнды тауып, талантты профессионалдарды қолдау, сондай-ақ сапалы қазақстандық телевизияны жылжыту әрі дамыту.
2017 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі олимпиада қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін Ұлттық Олимпиада комитеттері қауымдастығының президенті, Кувейт шейхі Ахмад әл-Фахад әл-Сабахты «Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен марапаттады.