Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Вирусты гепатит туралы не білеміз?

Вирусты гепатит туралы не білеміз?

Вирусты гепатит – бауыр жасушаларының вирустармен зақымдалуы. Гепатит, вирусты гепатитті тудыратын бірнеше вирустар бар. Олар өз алдына екі топқа бөлінеді: энтеральды (ауыз арқылы жұғатын А, Е гепатиттері) және парэентеральды гепатиттер (В, С, дельта, тета, т.б. вирустар). А, Е энтеральды гепатиті адамнан адамға инфекция, вирус түскен су, тағам арқылы жұғатын болса, парэентеральды гепатит қан арқылы жұғады (мысалы, адамға гепатитпен ауырған науқастың қаны құйылса немесе стоматологқа барғанда дәрігерлер ауырған адамға қолданған құралын басқа адамға қолданатын болса, сонымен қатар, маникюр, педикюр, денеге татуировка сурет салатын жерлерде де жұғуы мүмкін).

«А» вирусты гепатиті – тұрмыстық қатынас және алиментарлы (қоздырғыштармен ластанған су және тағам арқылы) жолдармен берілетін инфекциялық ауру. Көбінесе күз-қыс айларында «А» вирусты гепатитімен сырқаттану деңгейі жоғарылайды. Аурудың көзі - науқас адам болып табылады. Аурудың таралуының негізгі факторына қоздырғышпен ластанған тамақ пен су, күнделікті пайдаланылатын заттар мен ойыншықтар жатады. Сонымен қатар, үйдің антисанитариялық жағдайы мен жеке бас гигиенасын сақтамау да аурудың таралуына ықпал етуі мүмкін.

Клиникалық белгілері

Энтеральды, парэнтеральды гепатиттердің өзінің клиникалық белгілері бар, өзінің кезеңі бар. А гепатиті 5-6 күнге дейін созылса, парэнтеральды, В, С гепатиттерінің инкубациялық кезеңдері 6 айға дейін созылады. Сарғаю алды білінбейді. Науқас күннен-күнге шаршап, біраз уақыттан кейін өзінің сарғайғанын біледі, қашан ауырғанын айта алмайды. Сондықтан оларға эпидемиялық анализ жинап, клиникалық көріністеріне мән берсек, қандай гепатит екенін білуге болады. Нақты диагноз қан талдамасынан кейін қойылады. Оның биохимиялық және серологиялық зерттеу жолдары бар.

Алғашқы симптомдары

А гепатитін жұқтырған адамда сарғаюдың алдында әртүрлі белгілер байқалады. Мысалы, тұмау ауруымен ауырып қалған тәрізді дене қызуы көтеріліп, құсуы мүмкін. Не болмаса ішек ауруы тәрізді басталып, іші өтіп, не буындары сырқырап, басы айналуы мүмкін. 5-6 күннен кейін денесі, көзі сарғая бастайды. Кіші дәреті қою қоңыр түсті болады да, үлкен дәреті ағарып кетеді.

Ал В, С гепатитіне келсек, ол біраз уақыт созылмалы түрде өтеді. Ауру ауырғанын сарғайғанда ғана болмаса, бірден біле қоймайды. Мұндай жағдайда анализдік талдау жасап, эпидемиологиялық анализдерін міндетті түрде сұрауымыз керек. Науқас сырқаты жасырын өткен 6 айдың ішінде тіс емдеген болса, не болмаса бір аурумен ауырып қан құйылған болса, т.с.с. гепатитті басқаларға да жұқтыруы мүмкін деп ойлауымызға негіз бар.

Вирусты гепатиттің алдын-алу, одан сақтану

– Вирусты гепатитті халық арасында сары ауру деп атайды. Созылмалы вирустарға өте көп көңіл бөлу керек. Екпелерді уақытылы алып, скринингтен өтіп тұрған дұрыс. Сары ауруға немқұрайлы қарауға болмайды. Неге десеңіз, созылмалы вирусты гепатиттің соңы бауыр обырына айналуы мүмкін. Сондықтан сақтану керек.

А вирустық гепатитінің алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинациялау.

Сондай-ақ қарапайым шараларды сақтау арқылы да аурудың алдын алуға болады:

– жеке бас гигиенасы қағидаларын қатаң сақтау, тамақтану алдында және дәретханадан кейін қолды сабынмен жуу;
жеміс жидектерді пайдалану алдында тазалап жуу;
белгісіз су көздерінен қайнамаған суды ішпеу;
білім беру объектілерінде санитариялық-гигиеналық, дезинфекциялық талаптарды қатаң сақтау.

Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы

Фото: ашық дереккөзден
16 қаңтар 2024 ж. 179 0