Вирустық гепатиттен сақтаныңыз!
Вирустық гепатиттер-гепатиттің вирустары қоздыратын адамға қауіпті жұқпалы аурулар тобы, бірінші кезекте адамның бауырын зақымдайды.Гепаттитің ең көп тараған белгісі терінің және көздің ағының сарғаюы болғандықтан, оны көбіне сары ауру деп атайды. Және бір ескертетін жағдай бұл ауру 14 жасқа дейінгі балалар арасында көп кездеседі. Вирустық гепаттитер бір-бірінен этиологиясы мен аурудың дамуына байланысты өзгеше болады,алайда оларды кейбір белгілері бір-біріне ұқсас.
Вирустық А гепатиті – бауырдың жұқпалы ауруы. Гепатит А – тек ауру адамнан жұғады. Гепатит А-ның вирусы адам ағзасына су, тамақ, кір қол, лас ыдыс аяқ, үй керек жарақтары арқылы түседі. А гепатитінің өзіндік таралу жолдары – тұрмыстағы адамдар арасындағы қарым-қатынас және вирустармен залалданған тамақ пен суды қолдану арқылы таралады.Сонымен бірге қол арқылы берілетіндіктен, А гепатитімен көбінесе балалар ауырады.
А гепатит негізгі белгілері: тәбеттің төмендеуі оң қабырға астының ауруы, дене қызуының көтерілуі, жүректің айнуы, кейде құсу, әлсіздік, дімкестік, үлкен дәреттің ағаруы , таңдайдың көз ағының сарғаюы, кейінірек терінің сарғаюы, кейде ауырған адамда сарғаю болмауы мүмкін.
Ауру әдетте жоғары температурамен басталады және кейбір белгілері тұмауға ұқсайды. 2-4 күн өткеннен кейін аурудың зәрі қоңырланады, сыраның немесе қою шәйдің түсіндей болады. Ауру ұзақтығы бір жұмадан 1,5-2 айға дейін, ал аурудан кейінгі қалыпқа келу уақыты жарты жылға дейін созылуы мүмкін. А гепатитінің диагнозы аурудың белгілері науқастан мәліметтер жинау (гепатит А мен ауырған адамдармен қатынасы болғандығын) және клиникалық анықтаулар арқылы қойылады. Вирустық гепатиттердің ішінде А гепатиті болжам бойынша жәйлі болып саналады, аурудың салдары ауыр болмайды. А гепатитінің емі ауруханада жүргізіледі.
Вирустық А гепатитінің алдын алу шаралары:
Жеке бас гигиенасын сақтау, қайнатылған немесе өз шөлмегіндегі суды ішу, тамақ ішер алдында, дәретханадан кейін, серуендеп келгенен кейін қолыңызды сабындап жууды әдетке айналдырыныз.Көкөністер мен жемістерді қолданар алдында жақсылап жуыныз.Вирустық А гепатитінің алғашқы белгілері біліне бастаса бірден дәрігерге қаралыңыз. Сонымен қатар бұл аурудың алдын алудағы негізгі шара гигиеналық норманы сақтау және балаларға вакцинация жасауды ұсынамыз.
Г.С.Каюпова,
ҚР ДСМ ҚДСҚ «ҰСО» ШЖҚ РМК
Қызылорда облысы бойынша филиалының Сырдария аудандық бөлімшесі санитарлық-гигиеналық
зертхана зертханашысы