Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Вирустық гепатитті емдеуге болады

Вирустық гепатитті емдеуге болады

28 шілде - Дүниежүзілік гепатитпен күрес күні. Адам ағзасында өмір сүретін вирус бірнеше жылдар бойы белгілерді көрсетпеуі мүмкін. Вирустық гепатиттің алдын алуға және емдеуге болады, ал С гепатиті толық емделеді.

Қызылорда облысының гепатоорталығына емхананың жолдамасы бойынша 54 жастағы пациент жүгінген. Тексеру барысында көзге ота жасау қарсаңында ер адамда С вирустық гепатиті анықталды. Пациент есепке алынды.

Бірінші жартыжылдықта гепатоорталыққа барлығы 2 345 адам жүгінген, олардың 200-ге жуығы алғаш рет есепке алынған. Жалпы, диспансерлік есепте өңірдің 2,5 мыңға жуық тұрғыны бар, деп хабарлады гастроэнтеролог Ұлбала Әлімбетова.

Орталық қалалық емхана дәрігерінің айтуынша, Софосбувир, Даклатасвир тегін дәрілік препараттарының арқасында С гепатитімен сырқаттану деңгейі төмендеді.

«Біз бұл дәрі-дәрмектерді тағайындаймыз, емхана пациенттің тіркелген жері бойынша оларды тегін береді. Егер С гепатиті бар науқаста фиброз болмаса, біз дәрі-дәрмектерді үш айға тағайындаймыз. Егер фиброз, цирроз анықталса, онда дәрі-дәрмектерді алты айға дейін қабылдау керек. Тіпті толық емделгеннен кейін де пациентті есептен шығармаймыз, бір-екі жыл ішінде оның денсаулығын қадағалаймыз», - деп атап өтті Ұлбала Әлімбетова.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовтың айтуынша, егер сіз диспансерлік есепте тұрсаңыз, вирусты гепатит кезінде медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан тегін және толық көлемде көрсетіледі.

Мамандар сақ болуға шақырады. Гепатит вирустары лас тамақ, жұқтырған қанмен, сондай-ақ сілекеймен, етеккірмен, вагинальды бөлінді сұйықтықтармен және ұрық сұйықтығымен байланыс арқылы берілуі мүмкін. Егер дұрыстап сақтандырылмаса маникюр, татуировка жасайтын құралдардан, стоматологиялық және хирургиялық құралдардан да қауіп төнуі мүмкін. Сонымен қатар, гепатит вирусы анадан балаға жүктілік кезінде немесе босану барысында, емізу кезінде де берілуі ықтимал.
27 шілде 2022 ж. 263 0