Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бисермен өрілген өнер

Бисермен өрілген өнер

Сұлу өнер кісісінен шыдам мен сабырлықты, әдемілікке құштарлықты талап етеді. Назерке Сәбитованың қолынан шыққан бисермен өрілген өнер туындыларын көрген адам еріксіз тәнті болып, тамсанатыны сөзсіз.

Шығармашылыққа жаны жақын жандар негізгі кәсібі тағдыр салған жолмен басқаша өрілгенімен шығармашыл жұмысты біржола ысыра алмайды. Күнделікті күйбең тіршіліктен қолы қалт еткенде жаны сүйген ісімен айналысып, жан дүниесі тыныштық табады. Бұндайды әдетте «хобби» деп атап жатамыз.

Кейіпкеріміздің негізгі мамандығы – тәрбиеші, мұғалім. Қазіргі таңда аудандағы «Мансұр» спорт шығармашылық клубында үйлестіруші қызметін атқарып жүрген Назеркенің бисерден жасаған ерекше картинкаларын көргенде кәнігі шебердің жұмысын тамашалағандай боласың. Сұлу өнерге құштарлығы кіші мектеп сыныбында-ақ басталған екен.

– Бастауыш сыныпта оқып жүргенде оқушылар үйінен ұстаздар келіп түрлі бағыттағы үйірмелер бар екенін және мектептерді аралап, оқушы жинап жүргенін айтты. Жалпы кесте тіге білу әр қыз баласына керек нәрсе ғой, мен де осы бағытқа өзімді бұрғым келді. Тоқыма тоқу, тігу өнеріне қатты қызығатынмын. Анам бұл қалауымды қолдап, үйірмеге қатысуымның дұрыс екенін айтты. Мен тоқыма және бисермен өру үйірмелеріне қатысып, Аққыз және Нәзира апайлардан көп нәрсе үйрендім. Жұмыстың негізгі қыр-сырын осы кісілерден игерген соң ғаламтордан немесе көрмелерден әдемі дүние көрсем, соны оңай тоқып кете беретін болдым, – дейді кейіпкеріміз.

Шындығында, кісінің жаны сүйген шығар­­машылығымен айналысуы жан-дүние­сін тыныштандыратын бірден-бір жол. Кейіпкеріміз де күнделікті күйбең тір­шіліктен бой жазу үшін бисерлерін алдына жайып, шетсіз, шексіз сұлулыққа еніп кеткендей әсер алады екен. Бастапқыда бисерден қолға тағатын білезік, кілтке тағатын бұйым секілді кішігірім сәнді дүниелер тоқыса, қазір ауқымды дүниелер жасап шығарып жүр. Әсіресе, түрлі-түсті майда тас, моншақтардан ағаш бейнесін жасағанда, ол керемет сұлу болып шығады екен. Жалт-жұлт етіп жанып тұрғандай әсер қалдыратын ағаш бейнесін тырнақтың ұшындай бисерлерден құрастырып шығу қандай өнер, қаншалықты еңбекті талап ететінін бағамдай беріңіз.

Сонымен қатар Назерке қазіргі кезде сәнге айналып, сұлулардың сұранысына ие болған моншақтан жасалған сәнді қолсөм­келерді де оңай жасайды. Бірақ онысын пұлдап, сатуды ойламаған. «Жан рахатым үшін жасаймын, сатып көрмеппін, көбі­не сыйға тартамын» дейді кейіпкеріміз. Бұған дейін сөмке, түрлі сәнді бұйымды құрбыларына, туыстарын үлестіріпті. Бірақ сәті түссе, сұлу өнерді кәсіпке айналдырудың ойында бар екенін де айтып қалды. Шебердің қолынан шыққан бұйымдар талай көрмеге қатысып, көрерменін тамсантқанын да айта кету орынды.

– Негізі шығармашылық өнер міндеттілік үшін емес, жан қалауыңмен жасалғанда жұмырлана түседі. Сондықтан көбіне көрме немесе байқау үшін атүсті, асығыс жұмыс жасағым келмейді. Бірақ ондай кездер де болған. Ойланып, асықпай, жүрек қалауына салып жұмыс істесең, қай іс те өнімді болмақ, – дейді ол.

Қолөнер – халық өмірімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасқан өміршең өнер. Ел тұрмысына сән берген қолөнерді халық өмірінен бөліп алып қарау мүмкін емес. Сұлу бұйымдарды көріп, көз ақысын бергенде ұлттық өнерді ұлықтауға өзінше ат салысып жүрген шеберлеріміздің қолы алтын деп тамсанбасқа болмайды.


А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
09 қаңтар 2024 ж. 240 0