Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір өнер орталығының жұмысына жоғары баға берді

Қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір өнер орталығының жұмысына жоғары баға берді

Жақында саяси ғылымдарының докторы, профессор, журналист, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір ауданға сапары барысында «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының жұмысымен танысқан болатын. Өз кезегінде жерлесіміз өнер орталығының жұмысын жоғары бағалады.

Сырдария аудандық мәдениет үйінің базасында «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының құрылтайшысы Анар Қалдыбаева жиналған қауымға үйірменің басым-бағыттарын түсіндірген еді. Өз кезегінде, «Шешендік өнер» үйірмесінің мүшелері қазақтың үш биін ерекше сомдап шықты. Сонымен бірге «Көркем сурет», «Бисермен өру» секілді үйірмелердің туындыларына көпшілік ризашылық білдірді.

– Сырдария ауданы мен үшін қымбат. Қай кезде де, рухани, мәдени құндылығымен ерекшеленетін туған жерімді мақтан тұтамын. Міне, бүгін жас өнерпаздардың еңбегін көріп, таланттың көбісі ауылдан шығатынына көзіміз жетті. Сан түрлі жанрда үйірмеге қатысатын балалар ата-аналардың үкілеген үміті. Керемет өнер туындылары ерекше әсер сыйлады. Балаларды қазақылыққа баулып, ұлт мәдениет жоғары биіктерге көтеруіміз керек. Мемлекеттің қолдауын ұтымды пайдаланған өнер ұжымымына ризалығымды білдіремін, – деді қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір.

Иә, өнерімен көпшілікті тәнті еткен балғындардың өнер ошағы – «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығына биыл 1 жыл толып отыр. Бұл ретте, барша ұстаздарды 1 жылдық мерей тойымен шын жүректен құттықтаймыз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
28 қараша 2022 ж. 270 0