Жерлестер мақтанышы
Ол кезде біз бастауыш сынып оқушысы едік. Білім саласынан арнайы келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізген мамандар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері туралы айтып, авторларын жаттауды тапсырды.
Кешке күнделіктегі мұғалім тапсырмасын көрген анам авторларды шетінен жаттата бастады. Сол кездегі Әнұранның авторлары Қадыр Мырза Әлі, Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев, Мұқан Төлебаев, тіпті есімі тілге қиын Евгений Брусиловский мен Латиф Хамидиді де жаттадым. Бірақ Жадыра Дәрібаева есіміне келгенде ұмытып, кідіріп қала бердім. Сонда анам «Жадыра апаң – біздің жерлесіміз. Сыр бойының тумасы. Ақын, қуатты қаламы қара сөз жанрында да тербеліп жүр. Ол кісінің есімін ұмытуға болмайды. Тіпті болмай бара жатса, Жадыра әпкеңді, одан кейін кәдімгі дәріні есіңе түсір де, кідірмей айт» деп үйретті.
Кішкентай бала кезімізде айтылған кей ақпарат пен көргеніміз жадымызда сақталып қалатыны бар ғой. Міне, Жадыра Дәрібаева есімімен мен алғаш осылай танысқан едім. Одан кейін «ұмытуға болмайтын» бұл есімді жадымнан шығарған емеспін. Есейіп, ес білгелі сыршыл ақынның жырларына қаныққан жайым және бар.
Жадыра Дәрібаева туралы қалам тербемес бұрын ақын апамыздың өмірі мен шығармашылығымен тереңінен таныстық. Ізденіс барысында ақынның «Ақ бура сезімдер» атты жинағы қолымызға түсті. 2009 жылы «Қайнар» баспасынан шыққан кітапта жерлесіміздің әңгімелері басылыпты. Онда автор «Менің де өмірден көріп-түйгенім аз емес екен... Мен туып өскен Қызылорда облысы Тереңөзек ауданы Сырдария өзенінен бес-алты шақырым қашықтықта орналасқан. Қазіргі Сырдария ауданының орталығы. Бұл шағын ауыл мен үшін бүкіл қазақ даласының кішкентай моделі секілді. Туған халқымды менің елжіреп сүюім сол Тереңөзектен бастау алғаны хақ» деп жазады. Сондай-ақ «Егемендігіміздің тұғырын биік, босағасын берік етіп, отаншылдықтың, сүйіспеншіліктің, тұлғалықтың жалынын жас ұрпақтың бойында лаулатамыз десек – біз туған жұртымыздың қасиеттілігі мен гуманистік келбетін әдебиет пен өнер арқылы жеткізе білуіміз керек. Аяулы ата-әжелеріміздің, әке-аналарымыздың заманның небір сорақылығын көре жүріп, бойларын да, ойларын да кірлетпей таза сақтап қалуы, олардың ақ ниеті мен ұшқыр көрегенділік пайымының, сабырлы салиқалылығының өзі – тұлғалылықтың шынайы өрнегі емес пе» деп тереңнен толғанады.
Өлең өлкесінде Фариза, Күләш, Зайда, Ақұштап апаларымызбен есімі қатар аталатын Жадыра Дәрібаеваның жүрекжарды туындылары бүгінде қалың оқырманның олжасына айналды деп айтуға толық негіз бар. Жерлестер мақтанышына айналған ақын өзіндік өрнегін өлең айдынына сызып, қазақ әдебиетіне өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді. «Гүлжайна», «Мерей», «Біздің жақтың аспаны», «Қасиеттілік шырағы» жыр жинақтары мен «Ақ бура сезімдер» атты әңгімелер жинағының авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі – Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Мемлекеттік Әнұраны авторларының бірі. «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Жадыра апамыздың кеудесінде «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісі жарқырайды. 1948 жылдың 4 қыркүйегінде Тереңөзек кентінде дүниеге келген ақын бүгінде Алматы қаласына қоныс аударған. Туған жерден жырақта жүрсе де, әркез ел-жұртының қуанышына қатар қуанып, тілектестігін білдіріп отырады. Соңынан ерген ұрпаққа әркез апалық ақылын айтып, оң бағыт пен бағдар беріп, ел жаңалықтарын қалт жібермейді.
Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищені, одан кейін Мәскеу қаласындағы М.Горький атындағы Әдебиет институтында білім алған ол Мәскеудегі А.В.Луначарский атындағы Театр өнер институтында дәріс бергенін де айтып өткеніміз орынды. 1982 жылы Алматы қаласына жанұясымен қоныс аударғаннан кейін Қазақстан Жазушылар одағында, «Қазақстан әйелдері» журналы редакциясында, БҰҰ Даму бағдарламасында қызмет жасаған.
Қалам ұстап отырған менің қолым,
Сізге ұнар жыр іздеп қалтырайды, – деп ішкі сезімін жырына арқау еткен, қаламынан оқырманын сүйсіндірген небір жыр шумақтары төгілген ақын, жерлесіміз Жадыра Дәрібаеваның есімі Сыр халқына ғана емес, түгел республикаға таныс. Ақын – асқақ рухтың адамы. Өнер өлкесіне кеңінен құлаш жайып, поэзия мен прозада қатар қалам тербеген Жадыра апамыз Алатау төрінен:
Мен даланың қызымын,
Айдарынан жел ескен,
Құм мен қамыс ызыңын
Шығарғам жоқ еш естен.
Аңсатады құйының,
Тымырсықты жек көрем,
Көңілімде тұнығың,
Мөлдір шықтай кеппеген.
Құнарың бар бойымда,
Аялашы, демеші,
Жүзге келген тойыңда
Кездесейік келесі! – деп сағынышқа толы сәлемін жолдап, туған жердің 95 жылдық мерейтойына жүрекжарды лебізін арнапты.
Сезімін өлең қып құрап, жырдан жауһар таққан ақын апамыз биыл 75 жасқа толып, мерейі артып отыр. Осы ретте, поэзия көгінде еркін самғап, жырымен талай жаралы жүрекке шипа болған жерлесіміз, сыршыл ақынды мерейлі мерейтойымен құттықтап, амандық-саулық, зор денсаулық тілейміз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ