Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаттықтан асқан құндылық жоқ

Азаттықтан асқан құндылық жоқ

Ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған Тә­уел­сіздіктің таңы атты. Мемлекеттік Рәміз­дер­ге байқау жарияланды. Гимннің сөзіне жа­рияланған алғашқы байқауға мен де өз  өле­ңімді жібердім. Ол байқауға 300-ден аса мәтін түсіпті. Оның ішінде6 майталман ақын ағаларымыз Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиевтің бірігіп жаз­ған жыры да бар екен. Сол байқауда іріктеліп алынғандардың ішінде белгілі ғалым, Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Гимні­нің сөзін жазған Қайым Мұқаметхановтың, жо­ғарыда аталған үш ағамыздың  және менің де өлеңдеріміз болды. Бұл мәтіндер Жоғарғы Кеңес депутаттарының сессиясында талқыланды. Сол сессияда атақты композиторлар Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди жазған бұрынғы социалистік Қазақстанның Гимнінің музыкасы қабылданды. Енді сөзінеқайтадан байқау жариялансын деп ұйғарылды.

Екінші байқауда қазақтың көрнекті сол үш ақындарымен бірігіп жазған өлеңіміз, 700-ден астам жыр додасынан жеңіп шығып, мәреге жеткен еді. Сөйтіп, тағдыр маңдайымызға еркіндікке жеткен туған еліміздің алғашқы Әнұранының сөзінің авторларының бірі болуды жазыпты. Қазақтың қарапайым қызы ретінде, әйелдік, аналық, ақындық міндетіммен бірге,  елдің, халықтың алдындағы салмағы батпандай осы жауапкершілікті арқалап жүру маған оңай болған жоқ. Ойлап отырсам, Тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалау жолында, халықтың санасын жаңа жүйеге бұрып, елдікке, еркіндікке жаңа тұлғалық көзқарасты қалыптастыруға сол кезде аянбай қызмет еткен елжанды, парасат-пайымы жоғары азаматтар болашақтың қамын ойлай жүріп, тынымсыз тірлік атқарыпты. Сондай жандармен бірге балабақшаларға, мектептерге, колледждерге, жоғарғы оқу орындарына, әскери бөлімшелерге, қоғамдық, өнеркәсіп ұйымдарына, кәсіпкерлер орталықтарына кездесулерге жиі барыппыз. Жұрттың еңсесін көтеріп, ата-бабамыздың рухани құндылықтары мен ада­ми ұстанымдарын, ерлікке, адамгершілікке, адал­дыққа, ұрпаққа бағышталған олардың өмір жолдарын  жастардыңжүрегіне жеткізу үшін, өз-өздеріне, болашаққа деген сенімін арттыруға септігімізді тигізуге тырысып, біраз тер төгіппіз. Мұның бәрі атаққұмарлықтан немесе біреуге жағымпазданып, өз қолыңды биік дәрежеге не көздеген бас пайдаға жеткізу үшін емес. Осының ар жағында, егемендіктің алғашқы жылдары тәлтіректеп, аяғын қалт-құлт басып келе жатқанеліміздің абыроймен іргесін бекітуүшін әрбір көзі ашық перзенттің халық алдындағы өз парызы мен міндетін терең түсінуі жатыр деп білемін. Қоғамымыз нарыққа беталған кездегі алғашқы азапты өткелдерден жүректегі жарқын сенімді шамшырақ етіп, тәуекелге бел байлап, көпшілікпен бірге беліміз майыса жаздап жүріп, жан ышқынысымен жыр жазыппыз. Осының бәрі әрбір шығармашылық иесінің басындағы болған жағдай. Жалпы, ақын-жазушылар болмысынан туған жұртымен тағдырлас қой.

Сол бір қиын-қыстау кезеңде әзиз халқы­мыздың бойындағы бар асыл қасиеттері кө­рінді. Жұртымыздың жақсылыққа деген ын­ты­зарлығының, ауызбірлігінің, жас жеткін­шек­тер алдындағы орасан жауап­кершілікті, тәуелсіздіктің, елдіктің қадір-қа­сиетін терең ұға білгендігінің арқасында небір ауыртпалықтарға бар жігер-төзімімен төтеп бергенінің сыры мен мұңы, жалыны мен сарынын қаламның ұшына арқау еттім.

Бүгінде халқымыз шыңдалып, жылдан-жылға еліміздің тұғыры биіктеп келеді. Алдымызда алатын талай асулар бар. Жастарымыздың қанаты қатайып, мейірімді, рух, парасат-пайымы жо­ғары болып, жайсаң да еңселі тұлғалар көбе­йіп, жұртымыз өз қадір-қасиетін арттырып, қанағаты мен қайырымы мол, тәлімді, өнегелі, кемелденген елдер қатарынан көрінейік деп тілеймін! Азаттықтан асқан құндылық жоқ деп есептеймін.


Жадыра ДӘРІБАЕВА,
ақын, Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұраны мәтінінің авторы,
«Сырдария ауданының
Құрметті азаматы»
16 желтоқсан 2020 ж. 331 0