Бүгін ақын Жадыра Дәрібаева 72 жасқа толды
Бүгін сырдариялық жерлесіміз, көрнекті ақын, Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұраны мәтіні авторларының бірі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жадыра Дәрібаеваның туған күні. Ардақты ақын биыл мерейлі 72 жасқа толуда. Бұл туралы басылымның бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялады.
– Жерлестер мақтанышына айналған, бүгінде әсем Алматыда тұратын тұлғаны телефон арқылы туған күнімен құттықтап, тереңөзектік оқырмандарының, шығармашыл азаматтардың атынан игі тілегімді жеткіздім. Туған күн иесіне зор денсаулық, мол бақыт және шығармашылық сәттіліктер тіледім.
Өз кезегінде ақын апамыз алғысын айтып, ақ батасын берді. Сырдария ауданындағы жаңалықтарды әлеуметтік желі арқылы көріп, біліп отырғанын атап өтіп, туған жердің дами беруіне тілектестігін білдірді, – делінген жазбада.