Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Орынды бастама оң болсын

Орынды бастама оң болсын

Қазір жаңалық таратудың, әлеуметтік желінің дамыған заманы. Бірақ мерзімді басылымдардың қоғамдағы мәні маңызы қай кезде де жоғары. Мен Сыр өңіріндегі облыстық, қалалық, аудандық газет редакцияларының өз сайттарын, әлеуметтік желідегі парақшаларын ашып, жаңа заман талабына сай жұмыс істеп жатқанына қуанамын. Жақында Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің электронды нұсқасынан жақсы бір мақаланы оқыдым. Бүгін сол мақала туралы пікір білдіргенді жөн санап отырмын.

Аудандық газеттің 2023 жылғы 24 қазан күнгі №84 санында «Сыр сүлейі – Рахмет Мәзқожаев» тақырыбында мақала жарияланыпты. Мақаланың авторы Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы екен. Жастайынан қалам ұстап, шығармашылыққа бейім азамат болып қалыптасқан Ақтөрені бұрыннан білеміз. Бұл жолғы мақаласында ол тарихтан тін тартып, сүбелі сөзді пайымды пікірмен сабақтап, атақты жырау, ақын, сүлей Рахмет Мәзқожаевтың қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне, өнері мен тарихына сіңірген еңбегін қаламына арқау етіпті.

Мақаланы толық оқып шықтым. Р.Мәзқожаевтың өмірі мен шығар­машылығы жан-жақты зерде­леніпті. Тіпті бұған дейін Өтеген Жаппархан, Дүйсенбек Аяшұлы, Аққошқар Сералиев секілді азаматтардың жазған мақаларындағы орнықты ойлар мен бұған дейін жазылып, жарияланбаған тың ақпараттар кеңінен қамтылыпты. Әсіресе, атақты тұлғаның ұрпақтары туралы біреу білсе, біреу білмейді. Еңбек ардагері Ғалия Арынова ұсынған мәлімет негізінде мақала авторы оны да жазып, жариялапты.

Мақаланың түйіні – Аманкелді ауылындағы мәдениет үйіне Рахмет Мәзқожаевтың есімін беру. Бұл бас­тама өте орынды әрі құптарлық іс. Жырауға туған ауылында мәдениет үйінің атын беру жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Ел болып қолдап, халық басқарған азаматтар мен аудан, облыс депутаттары атсалысса, игі іс нәтижелі аяқталады деп сенемін.

Мен саналы ғұмырымды жыраулық дәстүрдің дамуына арнаған азаматпын. Ол еңбегім еленіп, түрлі марапаттарға да ие болдым. Осы саланың ыстығы мен суығын қатар сезініп, ұзақ жылдар ізденісті серік еткен азамат ретінде Рахмет Мәзқожаевтың еңбегін жоғары бағалаймын. Атақты Мұхтар Әуезовтің халық ауыз әдебиетіндегі қиссаларды жинап, ел ішінде жыраулық дәстүрді дамытқан Рахмет жыраудың талантына тәнті болып, оны Алматыға шақыруының өзі ерекше тарих. Дүлдүл жыраудың есте сақтау қабілетін жоғары бағалаған М.Әуезов түркітілдес ұлттарға танымал «Көрұғлы» эпосын бес салаға (дастанға) бөліп жырлаған толық түрін әдебиет институтындағы үнтаспаға жаздыртып алған. Рахмет жырауды халықтың рухани қазынасын ұлттық ою-өр­нектерімен нақыштап жетілдірумен бірге, оны кеңінен насихаттаушы тұлға ретінде де қарастыруға болады. «Шахзада», «Ораз молда», «Сұр­мерген», «Ағайынды үш жігіттің әңгі­месі», «Жолбарыс мінген ұры», «Жеті ашық», «Қыз жібек», «Мұңлық-Зар­лық», «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырлары мен қисса-дас­­тандары халқымыздың баға жетпес байлығы. Сондықтан Сыр сүлейіне лайықты құрмет көрсетіліп, Аманкелді ауылындағы мәдениет үйіне атақты жырау Рахмет Мәзқожаевтың есімін беру бас­тамасына қолдау көр­сеткеніміз дұрыс. Әрине, бұл жер­гілікті атқарушы, өкілді мекемелер мен ономастикалық комиссияның құзы­ретіндегі іс екенін жақсы білеміз. Десе де, игі бастамаға оң болсын айтып, қолдау көрсетуді өзімізге азаматтық парыз санаймыз.


Алмас АЛМАТОВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
Қызылорда облысының Құрметті азаматы
28 қазан 2023 ж. 165 0