Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Абыройы асқақ атаммен мақтанамын

Абыройы асқақ атаммен мақтанамын

Анам үйге аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 22 қазан күні жарыққа шыққан нөмерін әкеліпті. Айтуынша, аудандық газетте айтыс өнерінде өзіндік орны бар ардақты атамыз туралы мақала жарияланыпты. Айтса айтқандай, газеттің бірінші бетінде «Заңғар ақын – Замаддин» тақырыбында кең көлемді мақала жазылған екен. Мақалада атамның 80 жылдығына арналған облыстық айтыстың өту барысы жазылыпты. Сонымен бірге «Бір өзі – бір театр» тақырыбында да естелік-эссе беріліпті. Отбасымызбен газетте оқып шықтық.
Мақаланы оқығаннан кейін менің бойымды мақтаныш сезімі кернеді. Өйткені, мен Сыр елінің ардақты ақыны саналған тұлғаның немересімін. Бұл мен үшін зор мәртебе. Әкем мен анам бізге үнемі атамның айтыстарын, қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесін айтып отырады. Оған өзім де сан мәрте куә болдым.
Жақында Сырдария ауданының әкімдігі атамның 80 жылдығына арналған айтыс өткізді. Біз де айтысты тамашалауға бардық. Іс-шарада аудан әкімі Руслан Рүстемов атама «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Әкем мен анам және басқа да туысқандарым көздеріңе жас алды. Бұл қуаныштың көз жасы еді.
Айтыста атам туралы бейнефильм көрсетілді. Сондай-ақ ақындар атамның таланты мен айтыс өнеріндегі орны туралы жырлады. Айтыстан кейін марапаттау рәсімі өтті және естелік суретке түстік. Бұл күнді мен ешқашан ұмытпаймын. Абыройы асқақ атамды құрметтеген барша азаматтарға алғыс айтамын.

Замадин Саят Мақсұтұлы,
Сәкен Сейфулин атындағы
№4 IT лицейінің 6 «В» сыныбының оқушысы
04 желтоқсан 2019 ж. 1 434 0