Әр нөмірін асыға күтеміз
Аудандық газеттің өткен нөмірінен аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлының «Жергілікті газет – жаңалық жаршысы» тақырыбындағы пікірін оқыдым. Аудан басшысының орнықты ойы мен пайымды пікірін оқығаннан кейін қолға қалам алып, баспасөзге жазылу науқанына қолдау көрсетуді жөн санадым.
Облыстық «Сыр бойы», аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тұрақты оқырманы болғаныма жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Бүгінде жасым тоқсаннан асса да мерзімді басылымдардың әр нөмірін асыға күтемін. Газет халыққа тарайтын күні «бүгін газетте не жазылды екен» деп елеңдеп, мақалаларды оқығанша асығамын.
Газетті оқу – зиялылықтың, парасаттылықтың белгісі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі таңда ақпарат алмасудың заманауи тәсілдері де көп екен. Қазір айтылған ақпарат көзді ашып-жұмғанша сол мезетте-ақ ғаламтор, түрлі сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы әлемге тарап жатады деп естиміз. Бірақ газет оқу мәдениеті – қашанда талғамы жоғары оқырманның талабы. Газеттен біз шынайы ақпаратты, байыпты сараптаманы, нақты тұжырымды және тереңнен зерттелген таңбаланған тарихты табамыз. Желдей ескен әлеуметтік желілерден газетті айрықшалап тұратын негізгі басымдық – осы. Газетке басылатын сөздің мағынасы зор, ықпалы ерекше. Ел азаматтарының ізгі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын газет бетінен табуға болады.
Ауданның тарихымен біте қайнасып, халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан аудандық «Тіршілік тынысы» газетін бүгінде сырдариялықтар үзбей оқиды. Газет бетінде жаңалықтардан бөлек, ауданымыздың тарихына байланысты мақалалар, белгілі тұлғалар туралы материалдар үздіксіз жариялануда. Ал басылымның ұзақ жылдардан бері ұстаздардың рухани дүниесін кеңейтіп, шығармашылығын шыңдап, білім саласындағы жаңашылдықтардан хабардар болып отыруына қосқан үлесі, тіпті орасан. Сондықтан бәсекеге қабілетті және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жас ұрпақты тәрбиелеуге мүдделі әрі оқу үдерісіндегі заманауи жаңалықтарды білуге ұмтылатын кез келген ұстаз алдымен жаңалықтардан тыс қалмай, мерзімді басылымдарды оқуы керек.
Баспасөзге жазылу – ерікті түрде атқарылатын шаруа болғанымен, бұл әркімнің біліміне, парасаттылығына, тәрбиесіне байланысты нәрсе. Бүгін оқырманды газетпен емес, газетті оқырманмен қамтамасыз ету қажеттілігі туған кезеңде сенімді әрі шынайы ақпарат алғысы келген, елінің ғана емес, өзінің де тағдырына бей-жай қарай алмаған кез келген азаматтың газетке жазылудан қалыс қалмайтыны анық. Өзім өмірді бір кісідей көрген, ұзақ жылдар оқу-ағарту саласында еңбек еткен адам ретінде газетке жазыламын. Жаңалықтарды газет арқылы оқу өмірімнің айнымас бөлігі деп білемін.
Рақымжан қажы Бәйменов,
ардагер ұстаз,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы
ардагер ұстаз,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы