Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақынды іздеп Алматыға барғанда...

Ақынды іздеп Алматыға барғанда...

Күз. Алматы. Жаңбыр себелеп тұр. Дала әрі жылы, әрі салқын. Ұшақтан түсе сала ақын, жерлестер мақтаны­шы Жадыра Дәрібаеваның қасиетті қарашаңырағына бет алдық. Әр талы ақынынан хал сұраған әсем қаланың бағы, жасыл желегі, тіпті сарғайған жапырағына дейін ерекше шабыт сыйлайды. Атақты ақындарға құтхана болған Ж.Жабаев көшесімен жаяу адымдап келеміз. Міне, ақын апамыздың үйінің төбесі де көрінді.

Қазаққа ақындық, қаламгерлік һәм сөз өнері етене жақын екені екібастан белгілі. Соның ішінде жаны нәзік, көңілі көркем әйел ақындардың поэзия­сы жоғары бағаға ие. Фариза, Күләш, Зай­­да секілді көрнекті ақындармен есімі қатар аталатын Жадыра Дәрібаеваның жүрек­жарды туындылары бүгінде қа­лың оқырманның жансусарына айналып үлгерді деп айтуға толық негіз бар. Иә, Сыр топырағынан нәр алған ақынның қазақ әдебиеті үшін төккен тері мол, сіңірген еңбегі өлшеусіз... Оны бір мақалаға немесе бір кітапқа сыйғызу мүмкін емес. Бәрі тағылымды тарих, есті естелік. Біз сол тағылымды тарихтан тін тартып, есті естеліктерді қайта жаңғырту үшін Алматыға ақынды арнайы іздеп келіп, сәлем бердік. Сапарымыз сәтті болды. Ақынның көңілі көтеріңкі екен.

«Көркем шығармашылықтың міндеті – адам табиғатын байыту, ой-өрісін өсі­ру, биіктету, әркімді өз жүрегінің түк­піріндегі тұнық сезімдерге, сана түйт­кіліндегі алуан түрлі ағыстарға үңілдіріп, маңайындағы басқа да жұмыр бастының шырылдаған жан айқайына құлақ астырып, сыршыл әлем тынысын тыңдату» деп «Сырдария кітапханасы» серия­­сымен жарыққа шыққан «Ақ бура сезімдер» атты біртомдығына жазған алғысөзінде айтқанындай, ақын жырларының поэтикалық бояуы қанық, сыршыл сезімдерге бай. Оның үстіне сырбойылық ақындар қазақ жырына дидактикалық сарынды кеңірек енгізгені де ақиқат. Жалған дүние мен мәңгіліктің айырмасын философиялық терең­дікпен жырлаған өңір ақындарындағы сарын Ж.Дәрібаеваның жырларында да бар. Сондықтан ақынмен кездесуіміздің әлқиссасын өзінің өлеңін жатқа оқумен бастадық.

«Тартысы көп, айтысы көп өмірде,
Шырылдаумен қанша жүрек сөнуде.
Сыбағамды алмадым деп еселеп,
Кейбіреулер Құдайды да сөгуде...
Бар жақсылық келе бермес бір басқа,
Әр пейілге арналады жыр басқа.
Кезегімен келіп тұрар қайғы, бақ,
Күндеріңе көгереңдеп күл шашпа»...

Бірнеше жыл бұрын жазған өлеңін жатқа оқығанымызға риза болған ақын ойға шомып, терезеден төңірекке көз тас­тап сөз сабақтады. Әдебиеттің әң­гімесі әріден басталатынын білгенбіз. Ақын бізге «Ақынға ар-ынсап неге керек?» деді. Біз «Рухани толысу үшін» деп қысқа қайырдық. «Дұрыс, ар-ынсап жанның тыныштығын сақтау үшін керек» деп жауап берді. Әрі қарайғы сыр-сұхбатымыз табалдырығы төр, төрі тұғыр болып есептелетін қасиетті Туған жер туралы жалғасты.

Туған жер тақырыбы бір қарағанда кез келген ақын үшін оңай тақырып көрінуі мүмкін, бірақ туған жеріңнің өзге жерден ерекшелігі неде, соны қалай өзгеше жырлауға болады деген мәселе алдынан шыққанда кім-кімнің де самайынан тер сорғалатары анық. Ал өскен ортасының рухани құдіретін терең сезініп, жүрегіне сыр түйгендер үшін ол көсіліп айтар жыр, шабыттана шертер сыр. Оның дәлелін ақын өз өлеңімен айшықтай түсті.

«Сыр елінің жыр айтпайтын жері жоқ,
Қамысына дейін әнші киелі.
Көп өсімдік өспесе де даламда,
Әрбір бұта ән-күйге бас иеді.
Бұйра құмдар буырқанып сан түрлі,
Құлақ салсаң шығарады наз үнді.
Ерке-тотай желі келіп әндетіп,
Ала қашып жөнеледі бөркіңді».

Суретті өлең. Екі шумақ өлең бүкіл Сыр бойының табиғатын тануға жетіп жатыр. Ақын үшін Отаннан киелі, қастерлі ештеңе жоқ. Ал заты әйел, болмысы ана болғандықтан әрдайым ұрпақтың амандығын, бейбіт күннің бе­ре­кесін бірінші орынға қояды. Сондықтан ақынның:

Пәк сәбиді аялаған алақан
Өмір-бақи ұшырсын деп балапан,
Мен – анамын,
Тілей жүріп тыныштық,
Тағдырыңа алаңдаймын, жан Отан! – деп жырлауы заңды.

Отанның тағдырына, ұрпақтың бола­шағына алаңдаған жанның уайымы да көп болады. Халықтық болмыстың бұ­зылуы, ата-баба дәстүрін мансұқтау, ұр­пақ тәрбиесінің олқылығы, құлқын­құ­марлықтың асқыну ақынның жанын жегідей жейді. Ол өзі үшін емес өзгелер үшін, елі үшін, елінің келешегі үшін алаңдайды. Біздің назарымызға ұсынған мына бір өлеңі мазасыз ойлар мен уайымшыл сәттердің «сарқыты» секілді.

Құмарына қанамын деп қызықтың,
Құрбаны боп айлакер мен бұзықтың,
Нұрлы сана, адамдық пен ұлттыққа,
Салынғанын сезбей жүрміз құрықтың,
Лайланғанын иман атты тұнықтың…
Құныққанның тоқтамы жоқ құламай,
Бұл өмірден өткендер аз жыламай.
Мен үшін ғой сенен асқан халық жоқ,
Кей қылығың жүргенімен ұнамай,
Киелім-ау, болсаң етті қырағы-ай...

Поэзиясы сан-саланы қамтитын ақынның өзі де жан-жақты. Бірде бізге ақылшы ұстаз ретінде ақыл-парасатпен үн қатса, бірде қамқоршы анамыздай мейірім мен жанашырлыққа иек артып, елдің амандық-саулығы үшін бәйек болады. Енді бірде сырласымызға айналып, ұзақ уақыт шер тарқатып, шығармашылық жөнінде пікірлескенді жөн көреді. Ал тағы бірде тілекші, ниеттес екенін танытып, шалғайда жүрсе де бағыт-бағдар беруге тырысады. Бұл Жадыра апамыздың көңілінің кеңдігін, жүрегінің мейірім мен ықыласқа толы екендігін білдіреді. Ол осынау қасиетімен абыройлы, құрметті, қадірлі. Сол абырой мен құрмет ешқашан аласармайды. Себебі Жадыра апамыздың артында Алашқа ана болған, пана болған қасиетті Сыр елі бар...

Ақынмен әңгімелесу, жүздесу жылы естелік ретінде жадымызда да, жүре­гімізде де сақталып қалды. Алғашқы Әнұран авторларының бірі ретінде есімі құрметпен аталатын Ж.Дәрібаева бізбен қоштасарда өзі тұрып жатқан үйдің тарихы туралы да сыр шертті. Ертеректе Жазушылар одағына тиесілі болған бұл үйде бұрын жазушы Мұхтар Мағауин тұрыпты. Ол елден көшерде қимай-қимай үйдің кілтін Жадыра Дәрібаеваға табыстап «Бұл үй – киелі үй. Көзіңнің қарашығындай сақтарсың, қалқам...» деп аманат сөзін айтқан екен. Аманат-сөзге адалдық танытқан ақын қасиетті қара­шаңырақта талай бақытты, қуанышты сәттерін өткерді. Ұзақ жылдар Қадыр Мырзалиев, Қабдеш Жұмаділов, Әбіраш Жәмішов, Әбілмәжін Жұмабаев, Мұхтар Әуезовтің баласы Мұрат Әуезов, Ілияс Жансүгіровтің қызы Үміт Жансүгірова секілді дара тұлғалармен көрші ретінде де етене жақын араласқаны да ғанибет. «Барлық ақын баласы бір ананың» демекші ақын апамызға сәлем беріп, өнегелі әңгімесін тыңдап, арқа-жарқа болып қайтқанымызға біз де қуаныштымыз. Лайым, есімі елге елеулі ақынның өмір жасы ұзақ болып, ата-бабасының атақонысы болған қасиетті Сыр еліндегі құрмет тұтар ағайынға жет­кізер қуанышты хабарлары көп болғай..!

А.Құрманайтегі
24 қазан 2023 ж. 225 0