Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тұнық жырдың тұмары

Тұнық жырдың тұмары

Көрнекті ақын Жадыра Дәрібаеваның есімі бүгінде ауданымызға ғана емес, облысымызға, елімізге жақсы таныс. Жерлестер мақ­таны­шына айналған шығармашыл жан әлі күнге қолынан қала­мын тастаған емес. Биыл 75 жасқа толып жатқан ақынның шығар­машылығы мен өмірі ауданымызда лайықты дәріптеліп, сәйкесінше аудандық газет әркез ақпараттық қолдау көрсетіп келеді.

Ақынның 75 жылдық мерейтойына орай рухани-танымдық, әдеби-мәдени іс-шаралар өткізудің жоспары жыл басында бекітілген. Сол жоспарға сәйкес, Тереңөзек кенті мен ауылдық округтерде түрлі бағыттағы жұмыстар ұйымдастырылуда. Оның ішінде, тақырыптық кештер, кездесулер, мүшәйралар, көрмелер мен байқаулар бар. Аудандық мәдениет үйінде өткізілген бұл жолғы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы сол іс-шаралардың жалғасы.

«Тұнық жырдың тұмары» атауын арқау еткен көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына барлығы 11 өнерпаз қатысты. Талапкерлер екі кезең бойынша бақ сынап, өз өнерлерін көрсетті. Бірінші кезеңде ақын шығармашылығынан үзінді оқыса, екінші кезең Сыр өңірінен шыққан қаламгерлердің өлеңдеріне арналды. Байқауға тыңғылықты дайындалып, көпшілік көңілінен шыққан талапкерлердің бірі – Зарина Оразалы. Ол ауданға қарасты Шіркейлі ауылының оқуда озат жасы әрі әдеби-мәдени іс-шаралардың тұрақты қаты­сушысы екен. Біз байқау барысында Заринамен пікірлестік.

– Жадыра Дәрібаева апамыздың шығар­машылығы бала күнімнен жаныма жақын. Бірнеше кітабын оқып тауыс­қанмын. Өлеңдері де санаға тез жатталады. Биыл ардақты тұлғаның 75 жылдық мерейтойына орай ауылымызда бірқатар іс-шаралар өткізілді, бәріне қатысып, жоғары деңгейде өтуіне атсалыстым. Аудандық көркемсөз оқу ше­берлерінің байқауы өтеді дегенді естіп, ауыл­дық мәдениет үйінің ұсынуымен қатысуды жөн көрдім, – дейді аудандық байқаудың бас жүл­десін жеңіп алған шіркейлілік Зарина Оразалы.

Ал аудандық деңгейдегі көркемсөз оқу шеберлерінің байқауында қазылар алқасының шешімімен жүлделі бірінші орынды иеленген Гүлзат Аманкелдиеваның есімі бүгінде шығармашыл ұстаз ретінде танылып қалды. Ол бұған дейін де бірнеше байқаулар мен мүшәйраларда топ жарып, Нағи Ілиясов ауылының абыройын асқақтатып жүр. Қолы қалт етсе, жергілікті ақын-жазушылардың туындыларын жата-жастана оқитын ұстаз ақынның өнер жолын ұрпақ санасына сіңірумен де айналысып келеді. Байқау қорытындысында екінші орын иемденген ақжармалық Ақмаржан Нұрболатқызы және қос бірдей үшінші орынды қанжығаларына байлаған тереңөзектік Зере Дастанқызы мен жетікөлдік Бақдәулет Нақыпбек те байқауға жоғары деңгейде дайындалып келгендіктерін көрсетті. Оларға арнайы диплом мен бағалық сыйлықтар берілсе, қалған қатысушылар да құралақан қайтқан жоқ.

Байқаудың жоғары дейгейде ұйым­дастырылып, аудан әкімінің, ардагерлер қауымының қатысуымен өткізіл­генін аудандық газеттің сайтынан оқып, білген Жадыра Дәрібаева ұйымдастырушыларға жергілікті басы­лым арқылы алғысын айтты. Ақын 75 жылдық мерейтойының өзі туып-өскен ауданда лайықты аталып өтіліп жатқанын зор риза­шылықпен қабылдайтынын жеткізіп, Терең­­өзекке шығармашылық іс-сапар жасау, оқыр­мандармен кездесу ойда бар екенін атап өтті.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
05 тамыз 2023 ж. 447 0