Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Электронды кітаппен оқыту – озық технология жетістігі

Электронды кітаппен оқыту – озық технология жетістігі

Соңғы жылдары өмірімізге енген жаңа технология бар­лық салаға өзгеріс әкелді. Дәлірек айтқанда электронды құжаттан бастап, адамға қажетті барлық мәліметке электронды нұсқада жылдам қол жет­кізу оңай. Бұл құжаттың түріне қолыңызда­ғы смартфонның көмегімен де қол жеткізе аласыз. Қызмет көрсету тетігі цифрлық форматта болғандықтан компьютер арқылы да жүргізілетіндігі адамдар үшін өте ыңғайлы. Бұл ХХІ ғасырдың жетістігі болғанымен, айтарлықтай кем­шілігі де бар. Яғни бір сәтке компьютер интернет жүйесінен ажыраса, сол сәтте барлық қызмет көрсету тоқтап қалады.

Бүгін біздің сараптамаға арқау болған тақырып – электронды кітап оқудың артықшылықтары мен кемшіліктері, яғни сандық нұсқадағы оқулықтың мектеп бағдарламасына енуі, оны қолданудың артықшылығы мен тиімсіздігі туралы болмақ.

Цифрлық кітапқа көшу –
уақыт талабы


Әуелден-ақ мектеп оқушысының сөмкесінің салмағын азайту мақсатында қолға алынған бұл жүйемен қоса олқылықтан шығу жолы ретінде бастауыш сынып оқушыларының оқулығын әр тоқсанға лайықтап шығару қолға алынған. Сәйкесінше, қазір оқушылардың сөмкесіндегі оқулықтың сал­мағы едәуір азайған. Бұғанасы қатпаған жас жеткіншектер салмағы санитарлық нормаға сәйкес салмақпен мектепке баруда. Ал жоғар­ғы сынып оқушылары үшін оқулықтарды электронды нұсқада шығару, күнделікті 6-7 оқулықты арқалап жүргеннен тиімді. Әрбір пән мұғалімі баланың қолындағы смартфон арқылы да оқулықтағы тапсырманы жүктеп береді. Оқушы үшін дап-дайын тұрған тапсырманы оқулықтан емес, электронды нұсқада орындап, қажет жерін тауып алып, ашып оқи береді.

Байқасаңыз кітапханалар да сандық фор­матқа кітаптарды енгізумен айналысуда. Кітап­ханаларға қойылған компьютер арқылы қажетті кітапты тауып алып оқу әлдеқайда жылдам әрі оны өзіңізге жүктеп алу да оңай. Негізінен бұ­рынғыдай кітап сататын дүкендер ірі қалаларда болмаса шағын аудан, ауылдарда кітап дүкендері жоқтың қасы. Бұл кітап өндірісінің дамуы азай­ғанын көрсетсе керек.

Бұрын мыңдаған таралыммен шығатын жаңа кітап қазір небәрі 100-200 данада басылады. Аздаған таралым кітап шығарған автордың өзінен артылмағандықтан, кітап дүкендеріне жетпей де қалады. Сондықтан қағаз кітаптан гөрі авторлар кітаптарын электронды түрде жүктеуге аса мән береді. Бұл арзан, әрі кітап оқырмандарының көбеюіне де әсері мол. Электронды кітаптардан бөлек қазір аудио түрінде де кітаптар шығуда. Тиімді амал кітапты кез келген жерде, қалаған уақытта оқуға мүмкіндік беретін артықшылығы.

– Кітапты қолыңа алып, ақтарып отырып оқығанның орны бөлек. Адамның білімін, ой-өрісін кеңейтетін, айналасын танып, білуге, ой мен сананы байытатын кітап – рухани қазына. Кітап сөресіндегі көне кітаптарды жылына бір рет ақтарып, оны жыл сайын толықтырып отыруды әдетке айналдырғанмын. Балаларыма өзім оқыған кітаптарды оқуға кеңес беріп, оның мазмұнын айтып, кейде бірге талдап, талқылаймыз. Әлі есімде бұрын әкеміз бізді жанына жинап алып, кешкісін бір шамның жарығымен кезек кезек кітап оқытатын. Қызыға оқитынымыз сонша сол кітапты тауысқанша ұйқымыз келмейтін. Сонда бір кештің өзінде бір кітапты бітіріп оқитын едік. Ал ертесіне қандай кітап оқитынымыз туралы әкеміз өзі айтып отыратын. Өйткені ол кісі алдымен өзі оқып алғаннан кейін біздің қызығушылығымызды оятатын. Қандай ғажап кезең, қазір балалар кітап оқымайды. Телефонға телміріп, қажетсіз ақпаратпен басын қатырып жатқаны өкінішті, – дейді байырғы оқырман Ш.Балтабайұлы.

Электронды кітап шығару тиімді

Иә, электронды кітап оқу қолға алып оқығандай әсер бермейді. Кітапты парақтап отырып, ішіндегі суреттеріне, бөлімдеріне мән беріп отыру адамның есте сақтау қабілетіне әсер етеді. Ал гаджеттен ұзақ уақыт оқи алмайсыз. Ұзақ сәтте экранға қарап отыру ең алдымен көздің жанарын шаршатып, денсаулығыңызға зиянын тигізеді. Негізінен денсаулық сақшылары қағазға басылған кітапты оқуға кеңес береді. Ал кітап басуды бизнеске айналдырған баспагерлер бұл жайында былай деп айтқан екен: «Электронды кітапты дайындау көп уақыт алмайды. Сәйкесінше бағасы да арзан. Әлем бойынша адамдарға да тиімдісі сандық нұсқа. Іздеген кітапты компьютерден ғана емес, ұялы телефон арқылы да оқып алуға болады. Қоршаған ортаға да пайдасы зор. Кітап қағазға басылатындықтан, қағаз дайындау үшін қаншама шығын болады. Бірнеше өндіріс түрінен өтуді қажет етеді. Шын мәнінде электронды кітап пен қағаз кітаптан түсетін табыс та бірдей болады. Электронды кітап шығару үшін көп шығын шықпайды. Яғни қағаз шығындамай, тасымалға қаржы жұмсамай пайдасын да бірдей көресіз. Шетелде кітап бизнесі табысты бизнес қатарында. Баспагер кітап шығару арқылы таза 10 пайыз ғана табыс көрсе, электронды кітап шығару табысыңды еселеп, 50 пайызға дейін жетеді. Сондықтан баспагерлер үшін электронды кітапты өндіру әлдеқайда тиімді» дейді.

Еуропа елдерінде кітап шығару өн­дірісі электронды нұсқаға көш­келі шығынды да азайтқан. Олар қағаз кітаптың шығыны өте көп бол­ғандықтан электронды кітап шы­ғарғанды жөн көреді.

Оқушыларға пайдалануға ыңғайлы құрал

Біздің ауданда мектеп мұғалім­дері де электронды оқулықты 2019 жылдан бері пайдалануда. Оның тиімді тұсына аса мән беріп, сабақтарында қолдануды бастаған ұстаздар қауымы барлық пән бо­йынша қолдануда.

– Мектеп қабырғасында пай­далануға өте ыңғайлы құрал. Оқу­шылар салмағы ауыр оқулықтарды арқалағаннан, электронды оқулық­тың тиімді тұсын көп көруде. «Алматыкітап» бас­пасынан ауданға барлық сынып оқушылары үшін жыл сайын электронды оқулықтар келеді. Осы уақытқа дейін жоғарғы сыныптарға арналған электронды оқулық шық­са, биыл баспадан 1-2 сыныптарға Цифрлық сауаттылық оқулығы электронды­ нұсқада келді. Арнайы жабдық­талған пән кабинеттерінде, ин­те­рактивті тақтамен өтетін сабақ барысы оқушы үшін де, мұғалім үшін де ыңғайлы, әрі қызықты өтеді. Үлкен экраннан оқушыларға оқу бағдарламасы түсіндірілгенде әрі оқу құралы, әрі көрнекілік ретінде пайдаланады. Сонымен қатар тап­сырмалардың дұрыс жауаптарын бірден білуге мүмкіндік береді. Мұндай оқулықтың атқаратын қызметі әлдеқайда кең, әрі жан-жақты. Ұстаздар қауымы да электронды оқулықты пайдалануға машықтанды. Негізінен мұғалімдер электронды оқулық пен қағаз кітапты қатар пайдаланады, – деп пікір білдірді аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанат Жәдігерқызы.

Мұғалімдердің дені балалардың сапалы білім алуына цифрлық жүйеден гөрі дәстүрлі оқулықты пайдалану тиімді екенін алға тартады. Оқушы оқулықпен тікелей байланыста болып, оқу бағдарламасын меңгеруге әсері мол және сани­тарлық талаптарға да сәйкес келуі тағы бар дейді.

Ата-ана ретінде де байқаға­нымыз электронды оқулыққа бала ұзақ қарап отыра алмайды, бұл көз жанарына кері әсер ететіндіктен, жылдам шолып өтуге ғана мүмкіндік береді. Сондықтан оқу материалын есте сақтауға да кері әсерін тигізеді. Ал дәстүрлі түрде оқулықтан оқып үйрену сананың өсуіне, дамуына ықпал етеді. Қазіргі кездегі баспагерлердің әрбір тоқсанға лайықтап оқуылықтарды шығаруы бала денсаулығы үшін жасалған ең тиімді әдіс.

Тоғыз айда 77 кітап сандық нұсқаға көшірілген

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі оқырманда­рына ыңғайлы орта қалыптастыруға жұмыс істеп келеді. Оқырмандарға кітап оқуға жағдай жасалған. Оқырмандар ыңғайына қарай кітап алып немесе электронды кітапты оқуына болады. Бүгінде 434691 кітап қоры бар кітапхана биылғы жылдың 9 айында 861 жаңа әде­биетпен толыққан. Оның қазақ тіліндегісі – 785. Кітапхананың тұрақты 15876 оқырманы бар. Осы уақытқа дейін сандық нұсқаға 3650 кітап көшірілген. Бұл 788378 бетті құрайды. Ал осы жылдың 9 айында 77 кітап сандық нұсқаға енгізілген. Кітапхананы жаңа әдебиеттермен толықтыруға биылғы жылы бюджеттен 1 млн қаржы бөлінген.

– Кітапханың бұрынғы оқырман­дары дәстүрлі қағаз кітапты оқуға келеді. Кітап берілімі де жыл сайын артуда. Жас оқырмандарымыз компьютермен сандық нұсқаға көшкен кітапты оқуды қалайды. Ол үшін бізде жағдай жасалған. Негізінен кітапханаға келген әрбір оқырман кітапты қолына алып, парақтап отырғаны жан дүниесін байытқаны деп білеміз.

«Кітап – өмірлік ұстаз, рухани қазына» деп бекер айтылмаған ғой. Заман ағымымен цифрлық кітапқа көшірілгенімен қағаз кітаптардың кітапхана үшін орны бөлек болып қала береді. Дегенмен болашақта электронды кітап ұстаздар үшін де, кітапханашыларға да оқытудың ажырамас бөлігіне айналатыны сөзсіз, – дейді кітапханашы Раушан Құлмаханова.

Қағаз оқулықтың орын алмастырмайды

«Электронды оқулықтар қағаз оқулықтардың орнын алмастырмайды, дәстүрлі оқулықтарға қосымша оқу материалдары ретінде пайдаланылады» дейді мамандар.

Шын мәнінде электронды оқулықтардың артықшылығы – муль­тимедиялық, интерактивті контенті мен функцияларында. Өз кезегінде, оларды оқу үдерісінде пайдалану педагогтардың сабақты тартымды өткізуіне көмектеседі. Оқушылардың білім алуға деген қызығушылығын арттырады. Тағы бір артықшылығы – электронды­ оқулықтардың бейне, аудио кон­тенті болуында деп жоғарыда айтып өттік.

Оқулықтарды әзірлеу және оларды басып шығару еліміз бо­йынша бәсекелестік ортаға беріл­ген. Осыған байланысты,­ оқу басылымдарын дайындау мен басып шығаруға, сондай-ақ электронды оқулықтарды әзірлеуге мемлекеттік бюджеттен қаражат көзделмеген. Оны баспалар, әзірлеушілер жүзеге асырады. Ал оқу басылымдарын сатып алуға, оның ішінде электронды оқулықтарға жазылуға арналған қаражат жергілікті бюджеттен жұмсалады.

Электронды оқулықтарды «Алматы кітап», «Атамұра», «Мектеп» тағы басқа бірнеше кітап бас­палары, сондай-ақ «Жаңа бі­лім беру технологиялары» және «Педагогикалық технологиялар және білім беруді ақпараттандыру орталығы» IT компаниялары әзірлейді. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау­ және сараптау қағидаларына сәйкес оқулықтар орта білім беру ұйымдары үшін әрбір 5 жыл са­йын жаңартылып отырады. Соңғы технологияның жемісі мен жетістігі айналып келгенде адамзат игілігі үшін жасалған деп айтуға толық негіз бар.

Түйін

Сонымен елімізде электронды кітап шығарудың және оны қолданудың аясы кеңейген. Десек те ең бастысы жаңа технологияның жетістігі емес, өскелең ұрпақтың денсаулығы маңызды. Сондықтан бірыңғай цифрлық оқулыққа көшуге әлі де уақыт керек-ақ.


Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: Sputnik Казахстан
24 қазан 2023 ж. 235 0