«ЭЛЕКТРОНДЫ ҮКІМЕТ» УАҚЫТТЫ ҮНЕМДЕЙДІ
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауына сәйкес қазіргі таңда барлық салада цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Яғни, тұрғындар қажетті мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу керек. Бұл қызмет алушы мен қызмет көрсетуші арасындағы тікелей байланысты болдырмауға жол ашады. Өз кезегінде, бұл уақыт шығындауды болдырмай, сыбайлас жемқорлыққа деген тәуекелділікті азайтады. Халық кезек күтпейді, тамыр-таныс іздемейді, «Электронды үкімет» порталы арқылы керекті анықтамасын алады.
Мұны баршаға түсіндіру қажет. Осы мақсатта Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейінде ашық сабақ өтті. Оған аудан әкімі аппаратының электронды әкімдікті дамыту, интеграциялау және мемлекеттік қызметтердің мониторингі бөлімінің бас маманы Е.Булебаев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің аудандық бөлімінің құжат қабылдау жөніндегі маманы А.Дайрабаева, бөлімнің ІТ-маманы Ұ.Өтепберген, мектеп-лицейдің 9-10 сынып оқушылары қатысты.
Ашық сабақ барысында сала мамандары «Электронды үкімет» порталы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер жөнінде оқушыларға мағлұмат берді. Анықтамаларды портал арқылы алуға болатынын түсіндіріп, арнайы жадынамалар таратты. Өз кезегінде мектеп-лицей оқушылары тиімділігі мол жүйе туралы өз ойларын білдірді. Сонымен бірге, мамандар ауыл әкімі аппаратында жиналыс өткізіп, мемлекеттік қызмет көрсету, «Электронды үкімет» порталы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясын кеңейту қажеттігін атап өтті.
Е.БЕРКІНБАЕВ
Пікір 2