Заманауи жетістіктің артықшылығы
Цифрлық технология мемлекетімізге тәуелсіздік тарихымен бірге батыл енді. Ең алдымен цифрландыру білім беру саласында жаппай компьютерлендіру арқылы қолға алынса, кейін компьютер кез келген кеңседе негізгі құрал ретінде пайдаланыла бастады. Уақыт өте келе заманауи жетістіктің бағасы арта түсті.
Елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама арқылы мемлекетіміз өркениетті елдердің қатарына енуді мақсат етіп, цифрлы жүйе жалпы халықтың әл-ауқатын жақсартуға жол ашты.
Елбасы Н.Назарбаев «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты» деп нақты бағдар берді.
Цифрлы технология соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына да келді. Мұны республика бойынша жергілікті денсаулық сақтау мекемелеріне, яғни емханаға келушілер пайдалануда. Емхана дәлізіне қойылған терминалдар арқылы дәрігер кезегіне тұрады. Бұл кезектілікті азайту үшін қойылған «Электронды табло». Ол арнайы бағдарлама арқылы кезекті электронды түрде басқарады. Ал қолдағы амбулаториялық картаны бүгінде электронды денсаулық төлқұжаты алмастырды. Ем алушы бұрынғыдай дәрігер қабылдауына келгенде қолында міндетті түрде жүретін амбулаториялық картаны көрсетіп, оған тапсырған анализ қорытындыларын жапсырып әуре болмайды. Оның денсаулық туралы барлық мәліметі электронды төлқұжатта сақтаулы. Яғни электронды ақпаратта қажетті мәліметтер, атап айтқанда, қандай да бір дәріге аллергияның бар-жоғы, зертханалық талдаулар, дәрігерге көрінген кез, жалпы ауру тарихы, тағайындалған дәрі-дәрмектердің барлығы жазылған. Электронды төлқұжатқа кіру мүмкіндігі дәрігерлерге ғана берілген. Сондай-ақ жедел-жәрдем дәрігерлері мен фельдшерлер де жедел түрде ауру тарихымен таныса алады.
Аудандағы денсаулық сақтау саласындағы бұл жүйенің жүргізілуі туралы мамандандырылған бөлім меңгерушісі Сексенбай Ерімбет:
– Электронды денсаулық төлқұжаты – әрбір қазақстандықтың медициналық тарихы. Бұрын мәліметтер қағаз жүзінде амбулаториялық картаға жазылса, қазір цифрландыруға байланысты барлығы электронды нұсқада толтырылады және медициналық ақпарат орталықтандырылған мемлекеттік серверге енгізіледі. Төлқұжатта ем алушының тіркелген емханасы, учаскелік дәрігердің аты-жөні, жазылып берілген рецептер, тағайындалған дәрі-дәрмектер, рецепт берілген дәріханалар, ауруханаға жатқызылу деректері, диагноздары, ауруының халықаралық коды, жоспарлы түрде ауруханаға жатқызуға жіберген мекеме, емдеу хаттамасының нөмірі, диспансерлік есепте тұрған уақыты жинақталады. Барлық мәліметті басқаруға немесе өзгертуге болмайды. Оны тек оқуға мүмкіндік бар.
Мемлекет басшысы атап өткендей, алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емхана мен аурухана медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс. Осы орайда ауданда медициналық құжаттарды қағазсыз жүргізу енгізіле бастады. Медицина қызметкерлерін компьютермен қамтамасыз ету соңғы екі жылмен салыстырғанда 60 проценттен 85 процентке дейін жетіп отыр.
Ауданда медицина саласына цифрландыру жүйесін енгізу барысында денсаулық туралы мәліметтерді жинақтап, бірыңғай жүйеге біріктіру мақсатында 2019 жылдың қараша айының бүгінгі күнгі мәліметі бойынша халықты тіркеу жүйесіне 35602 адам тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 102 процентке артқан. Сонымен қатар 2018 жылы 33649 тұрғынның әлеуметтік жағдайы нақтыланса, 2019 жылы 34904 халықтың әлеуметтік жағдайы нақтыланып жүйеге енгізілген.
Науқастарды қағазсыз қабылдауға көшкен медицина саласындағы жаңалықтар тұрғындар үшін тиімді.
З.Тапатқызы, зейнеткер:
– Қан қысымымен емханада есепте тұрамын. Учаскелік медбике мен дәрігердің қызмет көрсетуі ұнайды. Кезекте бұрынғыдай ұзақ уақыт отырмаймыз. Ұялы телефон арқылы тіркеліп, уақытында барып, қараламыз. Тапсырған анализ қорытындыларын да осы телефон арқылы біліп отырамыз. Тегін дәрі-дәрмекті де уақытылы алып тұрамыз. Қолымызда үнемі жүретін амбулаториялық картаны да ұмытып кетіппін деп жүрмейтін болдық.
Б.Ілиясова, кент тұрғыны:
– Ай сайын емханаға келіп, анализ тапсырамын. Электронды кезекке тұру ыңғайлы. Сол күні дәрігерге де көрінуге мүмкіндік бар. Алдын ала тіркелу арқылы учаскелік дәрігердің қабылдауында боламын. Дәрігер барлық анализдерді компьютерден көріп, қажетті ем-домын тағайындайды. Бұрынғыдай анализ қорытындыларын іздеп әуре болмаймын. Электронды амбулаториялық картаның тиімділігін көріп отырғандардың қатарындамыз.
Тұрғындардың соңғы кезде көбірек пайдаланып жүрген «ДамуМед» мобильдік қосымшасына қосылып, әрбір тұрғын дәрігердің жұмыс кестесімен таныса алады. Оған қоса тұрғылықты жері бойынша тіркелген аймақты анықтайды және үйде отырып дәрігер қабылдауына жазылады немесе үйіне шақырта алады. Мобильді қосымшаға скрининг, флюро тексеруден және дәрігерге дейінгі кабинеттен міндетті түрде өту туралы хабарламалар келу сияқты тұрғындарға ыңғайлы қызметтер көрсетіледі. Осындай электронды жүйенің нәтижесінде жұмыс сапасы артуда.
Б.ЖАНӘЛІ