Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнерімен өрге жүзген

Өнерімен өрге жүзген

Өзі күйші, өзі өлең-жырды мәнерлеп оқығанда тыңдарманның жүрегіне жеткізетін, қазақтың салты мен дәстүріне берік, қазақ әдебиетінің олжалы оқырманы, ара-тұра қалам алып, өлең жазатын өнері және бар. Бұл өнердің бәрі ақиық ақын А.Тоқмағамбетов ауылының өнерлі жасы Ақниет Базарбаеваның бойынан табылады.

Жақында ғана Шіркейлі ауылында өткен «Өмірге құштар көңілмен» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауында жүлделі орын алып, көрермен көңілінде ерекше сақталған Ақниет туралы жазып, қатар-құрбысына үлгі етуді мақ­сат еттік. Кішкентай кезінен қалам мен қағаз­ға жақын болып, өлең шығаруды серік еткен қыз бүгінде туған жерден түлеп ұшып, студент атанған.

Оның жасы – он тоғызда. Ол – Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан универ­ситетінің 3-курс студенті. Бүгінде халық аспаптары, оның ішінде домбыра мамандығын игеріп, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген жайы бар.

– Бастапқыда арманым журналист болу еді. Кейін тағдырдың бағыты мен мүмкіндіктерге орай осы мамандыққа бет алдым. Жалпы, домбыра тарту, күй шерту маған таңсық емес. Бұл қасиет маған әкемнен дарыған. Отбасымызда барлығы домбыра шертеді. Әрине, кәсіби түрде, нотамен болмаса да, «әу демейтін қазақ жоқ» дегендей, ән-күйге отбасымызбен жақынбыз. Менің атам бір емес, бірнеше аспапта ойнайтын. Атамның үйіне барғанда түрлі аспаптарды көріп, қатты қызығатынмын. Ол кісі маған «Би» деген күйді ойнап берген еді. Өкінішке орай, қазір атам ортамызда жоқ. Бірақ дәл сол күйді тартып бергені әлі күнге кешегідей көз алдымда. Тіпті атамды түсімде жиі көремін, өнер жолында мені желеп-жебеп жүрген шығар деп ойлаймын, – дейді кейіпкеріміз.

Одан кейін Ақниет болашақ мамандығына қалай келгенін әңгімеледі.

– 2-сыныпта оқып жүрген кезімде анам домбыра сыныбына берді. Гүлназ Сералиева есімді апайым мені домбыра аспабына баулыды. Бірақ, домбырамен бірден «достасып» кете алмадым. Гүлназ апай қаталдау болатын. Оның үстіне өзімнен де бар, жалқаулыққа салынып, алғашқы күннен үйге берген тапсырманы орындамай барғанмын. Бірақ мұғалім ол үшін ұрыспады, ұзақ лекция да оқымады. Бар болғаны, көзіме тіке бір қарады. Сол көзқарастан мен кейін көп нәрсе ұқтым. Бірақ сол кезде баламын ғой, жылап қайтқаным есімде. Әкем мені қорғаштаса да, анам бастаған істі аяқсыз қалдыруға болмайтынын айтып, домбыра сыныбын ақыры бес жыл бойына үздік оқып, тәмамдадым. Әр ісіме қолдау көрсетіп, әркез ақыл-кеңесін аямайтын, үлгі-өнеге көрсетіп, бізді өсірген ата-анама алғысым шексіз, – дейді Ақниет Айнабекқызы.

Әкенің қанынан, ананың ақ сүтінен нәр алып, үлкен өмірге қадам басқан Ақниеттің бойындағы өнер де, талант та ата-анасынан дарып әрі тәрбиемен келген. Әкесі домбыра шерткенімен қоса кейде өлең шығарып, бата шығарып, кейінгі буынға үлгі көрсетеді. Ал анасы негізгі жұмысынан бөлек кітап пен газет оқуға құштар жан. Ақниет отбасында төрт ағайынды. Екі ағасы мен әпкесінің ортасында еркелеп өскен ол – үйдің кенжесі. Кішкентай кезінде өлең құрастырып, машықтанған кейіпкеріміз түрлі мүшәйраларда да топ жарғанымен, бой жете келе өлең жазуды көп қолға алмағанын айтты. Тіпті бала күнінде анасына арнап жазған алғашқы төрт қатар өлеңін әлі күнге сақтап қойған екен. Ал өлең-сөзді мәнерлеп оқуға машықтанған Ақниет поэзия оқығанда ең бастысы «жүректен-жүрекке жеткізе алу керек» дейді.

Бүгінде сол бір балалық шақта қырсықтықпен жарты жолдан тастап-ақ кетпек болған домбырасы кәсібіне айналып, балалық қылығын есіне алған Ақниет әр істе жауапкершілік пен ынтаның маңызды екенін жақсы біледі. Қазақтың қара домбырасын жанына серік еткен бойжеткен өнердің арқасында шет елдерде болып, тіпті халықаралық байқауларда топ жарған. Ақниет Базарбаева Беларуссияда өткен «Artivires» жобасында 2-орынды иеленіп, ұлт намысын қорғаған. Түрлі байқауда бағы мен бабы қатар келіп жүрген бойжеткен аудан, облыс, республика, әлемдік деңгейдегі сайыстарда бақ сынап жүр. Ақ ниетті Ақниеттің алар асуы әлі алда деп білеміз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
30 тамыз 2023 ж. 283 0