Жас қалам иесі – Ханзада
Отбасы және ұрпақ тәрбиесі егіз ұғым. Әрбір ата-ана өз баласын адамгершілігі мол, саналы етіп тәрбиелеуге барын салады. Ата-ана үшін перзентінің жақсы азамат болып өсуі маңызды. «Баланың бас ұстазы – ата-ана» немесе «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей бақытты отбасы болудың негізгі шарты да үлкен жауапкершілікке негізделеді.
Шағандық ерлі зайыптылар Ғабит Сейілбек пен Гүлнұр Досбай отбасында төрт перзент тәрбиелеп отыр. Барлығы да ер бала. Балаларының үлкені Ханзада білімге құмар, бала кезінен қолына қалам ұстап тырнақалды өлеңдерін қойындәптерге түртіп, жазып жүрген жас талант иесі.
Аудандық басылым қай кезде де талантты да дарынды балаларды қолдап, шығармашылыққа жақын жастардың қаламын қуаттап келеді. Қанат қақты мақалаларын, өлеңдерін газет бетінде жариялап, әрі қарай қабілет-қарымын шыңдауға жол сілтейді.
Жақында редакцияға осындай жас қалам иесі Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Ханзада Сейілбек келді. Ол болашақта журналист болуды армандайды. Келешекте журналист мамандығына оқып, жоғары білім алғысы келетін шәкіртке қолдау білдіретінімізді айтып, өзімен ала келген өлеңдері мен мақалаларын оқыдық. Ізденісі бар, орнықты ой, жазуға деген қабілеті қалыптасып келе жатқанына қуандық. Ең бастысы журналистикаға деген қызығушылығына мән бердік. Ал мұндай талап одан әрі біліммен шыңдалса нағыз маман атануына жасалған бірден бір қадам деп білдік.
– Маған ең алдымен сұхбат жанры ұнайды. Терең білімі бар, белгілі бір саланы меңгерген мамандармен әңгімелесуден ой-өрісіңді дамытқанға не жетсін? Мықты журналистердің сөйлеу мәнеріне, адамдармен тіл табыса кететін қасиетіне қатты қызығамын. Болашақта журналист болуды мақсат еттім. Осы уақытқа дейін жазғандарымды көптеген байқауларға ұсынып көрдім. Жүлдегер де атандым. Ендігі мақсатым журналистика мамандығының қыр-сырын білу үшін жоғарғы оқу орнының студенті атану, – дейді жас қаламгер Ханзада Ғабитұлы.
Ханзаданың алғашқы жазбаларына пікір білдіріп, ақ батасын беріп, қолдау білдірген ардагер-ұстаз, газетіміздің тұрақты авторы Нағыман Әйтенов. Ұстаз білім берген шәкірттерінің арасынан жазуға қабілеті бар балаларды тәрбиелеп, журналист мамандығын алуға қай кездеде аянып қалған емес. Нағыман ағай осы уақытқа дейін қаншама шәкіртіне бағыт-бағдар беріп, алды еліміздің түкпір-түкпірінде журналистика саласында қызмет етіп жүрген жас кадрлар болса, кейінгілері Ханзада секілді жас талапкерлер.
– Балаларымның үлкені Ханзада кішкентайынан зерек болды. Көркем сөз оқып, өлеңдерді жылдам жаттап алатын. Бастауыш сыныптан бастап өлең жазды. Ол өлеңдерін Нағыман ағай «Балдәуренге» жібіріп, жарияланды. Кейін мақала жазуға қызыға бастады. Жазған мақалалары да байқау жеңімпазы атанған кездер болды. Енді аз уақытта балам мектеп бітіреді. Оның арманы журналист болу. Сондықтан сіздермен байланыс орнатып, бағыт-бағдар берсеңіздер деген тілегім бар, – дейді анасы, №37 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Гүлнұр Досбай.
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық медалімен марапатталған талант иесіне небәрі бір жасында атақты жазушы-аудармашы, Шаған ауылының тумасы Әбілмәжін Жұмабаев бата беріп, шығармашылықтың алтын көпірін қаласа керек. Айтса айтқандай Ханзада бала кезінен әдебиетті сүйіп оқыды, шығармашылық жолына түсті. Мектептегі ардақты ұстаздары Ләззат Ділдәбекова, Ардагүл Жаңабай жыр мүшәйраларына, түрлі байқауларға қатысуға жетекшілік етіп, қолдау білдірді.
Шығармашалық жолында он шақты өлеңнің авторы атанған Ханзада Сейілбек жыр мүшәйраларында жүлделі орын алып келеді. Жас қаламгердің шығармашылық жолындағы жетістіктері де жетерлік. Атап айтқанда Сырдария ауданының 90 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жырым сенсің, Сырдария» атты мектеп оқушылары арасында өткен жазба ақындар мүшәйрасында үздік өнер көрсетіп, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ «Al-Faraby» республикалық білім қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен Республикалық «Абай жолы» жас көркем сөз оқу шеберлерінің арасындағы байқаудың іріктеу кезеңінде үздік өнер көрсеткен жас талан иесі екінші кезеңге жолдама алып, жеңімпаз атанды. Республикалық Абай және Шәкәрім оқулары байқауының жеңімпазы ретінде де І дәрежелі диплом иегері атанды. Өткен жылы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған аудандық «Пай, пай өмір!» атты мәнерлеп оқу сайысында Алғыс хат алды. ІІІ республикалық «Қадыр оқулары – 2020» байқауында «Өлең жаздым тоғыз тарау, жеті өрім» номинациясымен марапатталуы Ханзаданың «Қадыр ақынға» атты жазған өлеңіне берілген жоғары баға. Сонымен қатар «Жыр алыбы – Жамбыл» аудандық көркем сөз оқу шеберлерінің байқауында, Алтын Орданың 750 жылдығына орай «Көне тарих сыр шертеді» атты шығармалар байқауында жүлдегер атануы шығармашылық жолындағы ізденістің жемісі.
Бала кезінен Ханзада қазақ халқының азаттығы жолында асқақ жырымен, ақ найзаның ұшымен күрескен батыр, әрі ақын Махамбет Өтемісұлының өлеңдерін жаттап өсті. Батырдың теңдік жолында жазған өлеңдерінен үлгі алу өмірлік ұстанымына айналды. Сондықтан болар Ханзаданың бойынан ер жігітке тән қайсарлық, салмақтылық, туған жерге, тілге деген патриоттық сезімі байқалады.
Осындай талапты да, талантты ұрпақтың жүрек қалауымен таңдаған мамандығының иесі атануына шын жүректен тілектеспіз, қадамы сәтті болғай!
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ