ЖЫРЫММЕН ЖҰРТЫМ ШӨЛ БАССЫН
Шіркейлі ауылы – талай ақиық ақындар мен дарабоз таланттарды дүниеге әкелген қасиетті өлке. Жыр тұнған сайын даласы бар бұл ауылдың жастары да шетінен ақын, шетінен талантты.
Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың есімі бүгінде жалғыз аудан емес, облыс, республика көлеміне танылған жас ақын. Тағдыр оның қос аяғын арбаға танғанымен, рухы мен жүрегіне – қайсарлық, батырлықтың дәнін екті. Отбасындағы ортаншы ұл, тағдыр сынына мойымай көпке үлгі көрсетіп келеді. Қаламынан талай жүрек сырын тербеткен жыр құйылған ақынның бүгінде екі бірдей кітабы қалың оқырманға жол тартқан. Жақында Қ.Мұхамеджанов атындағы Шіркейлі ауылдық мәдениет үйінде «Өмірге құштар көңілмен» атты «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», Б.Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісінің иегері, «Алтын қауырсын» номинациясының иегері, ақын Нұрмұхаммедтің Әбілқасымовтың құрметіне көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық байқауы өтті. Шараны Шіркейлі ауылдық округ әкімдігі мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған. Ақынның өзі арнайы келген сайысқа облыс, ауданның беделді азаматтары мен мәдениет саласы қызметкерлері және ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Ауданға қарасты 14 елді мекеннен он екі қатысушы бақ сынасқан жарыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқысында Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың шығармашылығынан жыр оқыса, екінші кезеңде «Жас толқын» сериялық кітабына енген жас ақындардың туындыларын жатқа оқып, көрермен ықыласына бөленді. Он екі қатысушы ішінен жетікөлдік Сандуғаш Нұрланқызы Нұрмұхаммедтің әсерлі өлеңдерінің бірі «Тағдырды» оқығанда дүйім жұртты аузына қаратып, көпшілік көзіне жас алғызды. Әр ауылдан келген оқушылардың барлығы да талантты, талапты жастар. Осылайша әділ қазылардың шешімімен бас жүлдені Шіркейлінің тумасы Қаракөз Сәрсенбекова қанжығасына байлады. Арнайы жүлдені С.Нұрлан иемденсе, шахмат ойнаудан үздік шыққан Нұржігіт Кеңес жеңімпаз деп танылды. Сайысқан қатысқан барлық қатысушыларға «Мәди Қажы» ЖШС-нің төрағасы С.Сұлтанов демеушілігімен бағалы сыйлықтар мен арнайы алғыс хаттар табысталды.
Майя ҚОЖАБАЙ