Нашақорлықпен күрес – ортақ міндет
Есірткімен күрес, нашақорлықтың алдын алу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл – қауіпті кеселді аса ауыр қылмыс деп бағалауға да болады. Өйткені, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Ұлттық Құрылтайда айтылған бұл ой бәрімізді алаңдатады.
Ауданымызда «Есірткісіз аймақ» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның аты айтып тұрғандай басты мақсат – есірткісіз аймаққ айналуды көздейді. Осы ретте Асқар Тоқмағамбетов ауылында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы іс-шаралар ауыл әкімінің тікелей бақылауында. Сонымен қатар үш жақты жоспар қабылданып, бекітілген. Жоспарда ұйымдастырылуы тиіс жұмыстар толық қамтылған.
Іс-шаралар жоспары аясында есірткінің зияны жөнінде түрлі тақырыптық кездесулер ұйымдастырылуда. Сондай-ақ ауыл аумағындағы алқаптарды аралау жұмыстары жүргізілуде. Аралауға аудандық прокуратура, аудандық ішкі істер бөлімінің өкілдері қатысуда. Қадағалау және құқық қорғау органының өкілдері жәй аралап қоймай, тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, заңның қатаңдатылғанын айтып, нақты мысалдар келтіріп жүр. Бұл жұмыстарға ауыл әкімдігінің мамандары да тұрақты түрде қатысып, атқарылған жұмыстар әлеуметтік желідегі ресми парақшалар арқылы насихатталуда.
Жалпы, алғанда, есіртікі қылмыстарының алдын алу мен болдырмауға мемлекет қатаң шаралар қабылдауда. Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайдың жалпы отырысында мұны Президенттің өзі айтты.
«Мен бір нәрсеге баса назар аударғым келеді. Бұл – нашақорлық. Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр. Қазақстан Республикасының аумағында есірткі өндірісі белең алып барады. Бұл – мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін мәселе. Есірткінің таралуына қарсы күрес үшін бүкіл уәкілетті органдардың күш-жігерін біріктіру керек. Әйтпесе, жағдайды ушықтырып аламыз. Қазақстан аумағында синтетикалық есірткі өндіретін орындарды түбегейлі жою үшін батыл шаралар қабылдау керек. Бұл – аса маңызды міндет» деді Мемлекет басшысы.
Президенттің тапсырмасын орындауға Ел Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар кірісіп кетті. Енді есірткі егіп есіріп, оны қолданып жүргендерге жаза қатаң болады. Бұл жұмыстар заң үстемдігін қамтамасыз етуді басты мақсат санайтын ауылымызда да кешенді түрде жүргізіле береді.
Г.АЛИЕВА,
А.Тоқмағамбетов ауылдық әкімі аппаратының жетекші маманы
А.Тоқмағамбетов ауылдық әкімі аппаратының жетекші маманы
Фото: ашық дереккөзден