Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Неге терме тыңдамаймыз?

Неге терме тыңдамаймыз?

Ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын ұлт бойына дарытып, жан-дүниесін байытуда, өнерге деген ынтасын арттыруда қазақтың қасиетті де киелі қара домбырасының атқарар рөлі зор. «Қолына домбыра ұстаған балаға имандылық пен дарындылық жылуы дарып, қатыгездіктен аулақ болады» деген сөз де бекерден-бекер айтылмаған. Домбыра – үлкен рухани, адамгершілік мектебі. Домбырамен тек күй төкпейді, ұлттық аспаппен сүйемелдей отырып ән де айтады. Мәнді, мағыналы, естір құлаққа жағымды, айтар ойы, тәрбиелік мәні бар әндер – терме деп аталады. Терме көбіне домбыраға немесе ұлттық аспапқа салынып айтылады да, өсиет-нақыл түрінде келеді. Кейінгі кезде бұл жанрды эстрадамен үйлестіріп, жаңаша леп беріп жүрген әнші-термешілер де бар.

Терме – халық поэзиясында қалыптасқан лирикалық өлең. Ғибраттық, тәрбиелік мәні бар сөзді теріп айтып, бір тақырыптан екін­шіге еркін ауысып отыру – терменің негізгі ерекшелігі. Аталған жанр қазақ хал­қымен қатар, қырғыз, қарақалпақ, өзбек ха­лық шы­ғармашылығында да тарихи мәнге ие. Қазақ халқында қаншама жылды артқа тас­тап, талай ұрпақ сүйсіне тыңдап, айтып өскен және қазіргі заманға сай қайта өңделген термелер бар. Бірақ оны тыңдайтын құлақ бар ма?

Қазақ халық ауыз әдебиеті саласын те­реңірек зерттеп жүрген бір ұстазымның әзілі аралас әңгімесі есіме түсіп отыр. «Бір жыршы-термеші ауылдарды аралап, бұрынғы дәстүрге салып әнін, термесін орындайды екен. Бір күні бір ауылға, келесі күні екінші ауылға, солай өзінің сапарын жалғастырып жүрген көрінеді. Тіпті кей ауылда бірнеше күн тұрақтап қалады екен. Қазір жыр-терме тыңдайтындар бар ма екен деп әр ауылды аралап жүрген әлгі «сал-сері» бір күні белгісіз бір ауылға келіп түсіпті. Сөйтіп ел-жұртты қырдың шетіне жинап, өзінің «кәнсертін» бастапты. Бірінен кейін бірі жырды да, термені де орындап, бірнеше сағат өтіп кетсе керек. Жастар жағы біртіндеп тарай бастапты. Орта жастағылар да әрі отырып, бері отырып, болмаған соң жайларына жүре беріпті. Ең соңында бір әже әлі күтіп отыр, бері күтіп отыр дейді. Жыршы жырын сағаттан сағатқа жалғап әйтеуір дегенде аяқтап барып әлгі әжеге ден қойып «Әже, сөз қадірін ұғатын өзіңіздей үлкендер болмаса, жастар термені тыңдамайды ғой. Сізге рақмет» деп тілегін жаудырса керек. Сөйтсе әже «Шырағым, астыңдағы көрпе менікі еді, соны күтіп отырмын» деген екен.» Дәріс тыңдап отырған бәріміз ду етіп күлдік те, жеңіл күлкі тез тыйылды. Әркімнің ойында «расында да неге терме тыңдамаймыз?» деген сұрақ қалғандай.

Белгілі ғалым Р.Бердібаев «Егістік жерді жаздың ыстық айларында бірнеше рет суармаса, шыққан егін мүлде қурап кететіні секілді дер кезінде жалғастығын таппаған дәстүр де жоғалады» деген сөзі бар еді. Ғалымның астарлы ойы ата-бабаларымыздың наным-сенімдерінен, тарихынан, тұрмыс-тіршілігінен, жақсы мен жаман туралы ашып айтатын жыр-толғау мен терме жанрларынан көз жазып қала жаздап отырғанымызға тура бағытталып айтылғандай.

Терме – ғибратқа толы толғаныс. Оның негізі нақылға құралады. Сөзі өнегелі, ырғағы да құлаққа жағымды болып келетін жанрда қоғамдағы әлеуметтік сарындар жиі көрініс табады. Жыр-термеде қоғамдағы мәселелер айтылып, өсиетпен, нақылмен сабақтасады. Өз заманының мұңын жырлаған Жамбылдың, Кененнің, Сүйінбайдың, Шернияз, Майлықожа, Тұрмағанбет термелерінің өміршең болуы сол кездегі бүкіл қоғамдық мәселелерді қозғауында деуге негіз бар. Олар ұрпақ болашағын жырға қосты, кейінгіге насихаттады. Сол насихатты өміршең ету кейінгі ұрпаққа берілген аманат еді. Бірақ «бүгінгі батысқа еліктеушілігі басымдау ұрпақ аманатты қалай арқалап жүр, тіпті терме тыңдаушы құлақ қалды ма» деген ойлар көкейде сарнайды.

«Деградация» дей берсек, кері кете бере­ріміз анық. Бірақ айтылмаса, тағы болмайды. Қазіргі таңда термешілер байқауы, жас ақын­дар айтысы арнайы ұйымдастырылып жүргені рас. Осыдан бірнеше жыл бұрын жарыққа шыққан «Арнасын жыр кернеген Сыр­дария» аудиоантологиясына да Сыр елінің жыр­шы-термешілерінің термелері аудио үлгіде енгі­зілгені көңілді қуантады.

Әдетте, үй тіршілігімен айналысқанда ермек болсын деп әуен қосып қоятынымыз бар. Бұрын радио, теледидардан тыңдаушы едік. Онда да арнаның қосқан әуенін ғана тыңдай аласың. Қазір ұялы телефон, ғаламтор желісі кез келген жерде түрлі әнді де, әуенді де тыңдауды жеңілдетті. Бірде осылай телефоннан музыка қосып қойып, тазалық жүргізбекші болдым. Телефоннан кіл қазақша ән, терме, мәнді-мағыналы әндер бірінен кейін бірі әуелей бастады. Әкем келесі бөлмеде кітап оқып отырған. Кешкісін менің жақсы әндер тыңдағанымды айтып, қуанып жатыр. Қарап отырсақ, көпті көрген үлкен кісілер жастардың есті ән тыңдағанын құп көреді ғой. Себебі сөз қадірін, әуез қадірін білетін жандар. Қазір «заман талабы» деп жүргенде өз ұлттық өнеріміз кейін қалып қоймаса екен. Баласына жақсы дүние үйрететін кей жас ата-ананың өзі тыңдағаны «хип-хоп», көргені «тик-ток» болуы – ұлт болашағына алаңдауға негіз.

Қазіргі кей жас өзінің тыңдап жүрген әнінің не мағына, не мән екенін де түсініп болмайды. Әуенге елітіп, соны тыңдауға үйір болады да тұрады. «Не деп жатыр» десең, жауап бере алмайды. Баяу әуен іш пыстырады десең, қазақы термені эстрада жанрына бағыттап орындап жүрген әншілер де бар. Олар негізгі әуенді бұзбай тек соны домбырамен қатар әуенмен әрлеп, кейде желдірме әуенге салып орындайды. Бала айтқаныңды емес, көрсеткеніңді қайталайды. Ұрпағы есті ән тыңдап, ұлттық өнерді ұмыт қылмасын деген әр ата-ана өзінен бастап, ең алдымен үй ішінде терме, күй тыңдауды «сәнге» айналдыруы керек. Батыстың құр даңғырасына әуес болғанша қазақша терме тыңдап өскен бала сөзіне берік, ұлтына адал, арлы, ұятты болып өсері сөзсіз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
01 шілде 2023 ж. 211 0