Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Күй күмбірі қалықтап көк аспанда...

Күй күмбірі қалықтап көк аспанда...

Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салты, дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы. Сол себепті де қасиетті домбыраға деген құрмет ешқашан төмендемейді. Осыған орай Ұлттық домбыра күнін сырдариялықтар ерек­ше дүбірмен атап өтті. Орталық стадионға қазақы киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүрлер ұлықталды.

Сырдария даласын дүбірге бөлеген думан атақты Құрманғазының «Балбырауын» күйімен басталып, І.Жансүгіровтың «Күй» поэмасы оқыл­ды. Көрініс қойылып, көш керуені көрсетілді. Мұ­нан соң жиналған көпшілікті аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ұлттық домбыра күнімен құттықтады.

– Ұлттық аспабымыздың бүгінде заманауи музы­ка өнеріне бейімделіп, дүние жүзінің сахнасында қазақ өнерін танытуға үлкен үлес қосуда. Домбыра – қазақ үшін жай ғана музыкалық ас­пап емес, одан әлдеқайда биік тұрған киелі құн­дылық. Қайталанбас өзіндік дара үні адам бо­йына рух беретін, ішкі жан дүниеңді әдемі нұрға бөлейтін домбыраға жетер жер бетінде ешқандай аспап жоқ. Төрт мың жылдай тарихы бар киелі домбыраның қоңыр үні кім-кімді де тамсандырмай қоймайды. Ұлттық кодымызды қайта жаңғыртуға бағытталған айтулы мерекенің әр қазақ баласына берері мол екені белгілі. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір секілді бабаларымыздан мирас болып қалған күй өнерін жандандыруда бұл күннің алар орны ерекше. Ұлттық рухты күмбірлеген күйден артық көтеретін дүние кемде-кем. Халқымыздың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлі: «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп қасиетті аспапты жырға қосқан. Біз ұлттық аспабымыздың бүкіл әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналғанын мақтан етеміз. Атадан балаға аманат болған осындай асыл қазынамызды қадір тұту – бәріміздің ортақ борышымыз. Жылдан-жылға домбыра тартатын жастардың да қатары көбейіп келе жат­қаны қуантады. Қазақтың дәстүрлі ән-күйін насихаттап жүрген барша аудан өнерпаздарына шынайы алғыс айтамын, – деді аудан басшысы.

Құттықтаудан соң ауданның көркем­өнер­паз­дары сахналық қойылымдар қойды, домбырамен күмбірлетіп күй төкті, дәстүрлі әндерді орындады. «Сырдария квартеті «Домбыра» әнін, домбырашылар блогы «Адай» күйін, М.Әбсадықов «Сары бидай» әнін, А.Өтеуов «Өсиет» термесін орындап, қошеметке бөленді. Бұл кеште өтірік айтыс жанры да көрсетілді, әкелер мен әжелер ансамбльдері ауылдың алты ауызын шырқады. Жігіттер мен қыздар арасында өз өнерлерін орта­ға салды. Салтанатты іс-шара концерттік бағдар­ламаға ұласып, ән мен күйден шашу шашылды.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
05 шілде 2022 ж. 613 0