Тіршілік тынысы Сырдария аудандық қоғамдық-саяси газет

PDF нұсқалар мұрағаты

№64 ГАЗЕТ

20 тамыз 2019 ж.

№63 ГАЗЕТ

17 тамыз 2019 ж.

№62 ГАЗЕТ

13 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » МАЗАМДЫ ҚАШЫРҒАН ДАҢҒАЗА

МАЗАМДЫ ҚАШЫРҒАН ДАҢҒАЗА

Күнделікті тірлікте қажеттілікке байланысты қалаға, далаға шапқылап жүресің. Сондай күндердің бірінде облыс орталығына бару керек болды. Аудан орталығынан Қызылордаға уақытылы тасымал көлігі жүреді, ал асыққан кезде жүйткіп отырып жеткізетін таксилер де бар. Солардың біріне отырып белгілі бағытқа бет алдық. Көлік қозғалысымен жүргізушілердің әуен ойнайтын үнжазба қосатыны белгілі. Олардың ішінде жолыңды қысқартып, көңілге қонымды әндер болады, кейде миыңды ашытып, басыңды қатыратын белгісіз әуендер дегбіріңді қашырады. Ал қалаға қарай мінген такси жүргізушісінің үнжазбасынан тағылымы мол термелер ойнай бастады. Өмірдің шынайылығын көрсетіп, ғибратқа толы жыр жолдарын ұлттық аспап домбыраға қосып жеткізетін төл туындылар құлаққа қонымды, жанға сая болады. Тәрбиелік мәні зор оқиғаларды көз алдыңа келтіріп, содан белгілі бір ой түйіп, кесапатынан қашып, жақсылығына асығуды қалайсың. Мұндай термелерді тыңдағанда кейде жаныңда отырған жандарды да ұмытып, күмбірлеген домбыраның дауысы мен айтылған толғаныс керемет күйге бөлейді.
Алғашқы терме аяқталып, екіншісі басталған тұста жайдары шақты бір жан бұзды. Бұл таксиге бірыңғай жастар мінгенбіз. Солардың біріне тағлымды термелер көңілін күйттеп, титығына тиген секілді. Батыстың жын-ойнағына немесе орыстың секіртпелерін ән деп санайтын жасқа мазмұнды толғаныстар ұнамаған секілді. Жүргізушінің иығынан түртіп «Кешіріңіз, басқа әндер жоқ па?» деді. Жасы үлкен кісіден басқа әуендерді қоюын сұрады. Термелер такси тізгініндегі жанның күнделікті тыңдайтын үнтаспасы болса керек немесе жастар жол бойы ғибратты әуендермен сусындасын деген болуы мүмкін әлгі кісі үнтаспаны ауыстырған жоқ, тек дауысын сәл ғана төмендетті. Үнжазбадағы термешінің даусы бәсеңдегенімен белгілі бір ойға құрастырылған толғау әрмен қарай жалғаса түсті. Ал талабының орындалмағанына ерегескен жас ұялы телефонын шығарып, құлағына «тығынын» тықты. Оның ар жағында шыңғырған ащы үн, дүрсілдеген дыбыс, құлағын жарып жіберетіндей дауыс. Бұл қылыққа әркез терме тыңдап жүрген жүргізуші сабырмен басын шайқады да көлік алдында отырған маған қарап жымиды. Бұл жымиғанның астарында «Әй, жастар-ай, қайда бет алып бара жатырсыңдар» деген ойдың барын ұғынғандай болдым. Әрине, заманына қарай адамы десек те, түркі жұртының ішінде халқымызға ғана тән төл туындылардан теріс айналып бара жатқан замандасымның қылығына аға толқын алдында ұятты болдым. Қазақ поэзисында қалыптасқан лирикалық өлеңге мойынұсынбаған жанның қолындағы телефонын жұлып алып, лақтырып тастағым келді. Алайда, әркімнің өз қалауы өзінде, өзіне керектіні өзі таңдайды. Сондықтан үлкен кісіге амалсыздан үнсіз жымиып қана жауап қайтаруға тура келді. Содан қалаға жеткенше кейінгі буын неге терме тыңдамайтын болғанбыз деген ой келді.
Осыдан он-он бес жылдардың көлемінде кез келген үйге барсаң кәрі-жас терме тыңдап отыратын. Үлкендер «кішіге ғибрат болсын» деп әдейі толғауларды тыңдатып қоятын. Соның есесіне жастар терме тыңдап, тағлымды үйренді, сонымен көгерді. Ал қазір арнайы отырғызып қойсаң да домбыраның дүңгірінен қашатын болдық. Ұлттық аспап деп айқайласақ та сол арқылы айтылған нақылды құлаққа қыстырмайтын болдық. Үлкен кісілер отырған жерде, мүмкін көріну үшін бе белгісіз, өтірік қиқулаймыз, ал былай шыға бере мағынасыз, мәнсіз әнге әуеспіз. Асылында, терменің өзіне ғана тән қасиеті бар екенін ұғынып жүрген жоқпыз.
Жоғарыда терме ғибратқа толы толғаныс екенін атап өттік. Оның ерекше қасиеті тек мәні зор мағыналы нәрсені теріп айтып, бір нәрседен екінші нәрсеге еркін ауысып отыруында. Оның негізі нақылға құралады, сөзі өнегелі, ырғақтылығы құлаққа жағымды. Термелерде қоғамдағы әлеуметтік сарындар басым болады. Өмір сүріп отырған қоғамдағы түйткілді мәселелер айтылып, өсиетпен, нақылмен сабақтасады. Өз заманының мұңын жырлаған Жамбылдың, Кененнің, Сүйінбай, Шернияз, Майлықожа, Тұрмағанбет термелерінің өміршең болуы сол кездегі бүкіл қоғамдық мәселелерді қозғағандығында. Олар ұрпақ болашағын жырға қосты, кейінгіге насихаттады. Сол насихатты, нақылды өміршең етіп жалғаушы бүгінгі жастарға аманат, бізге аманат. Ал оны болашаққа жеткізбек түгілі, тыңдамайтын құлақ болмаса термелердің өміршеңдігі жоғалатыны белгілі. «Адамдық қасиет болмаса», «Әкеден балаға өсиет», «Жақсы бір адам қартайса», «Өмірдің шындығы» және тағы басқа толып жатқан толғау-термелерді тыңдай білмесек, тарихқа талдау жасай алмаймыз. Ал тарихты қадір тұтпасақ, ұлт келешегі кемел болатыны екіұдай.
Насихат ретінде келетін термелер кейінгі кезде заман ағымына қарай өзгеруде. Әрине, нақылға құралатын толғаныстардың сөзі әуелгі қалпында сақтаулы. Тек жастардың құлағына жағымды болу үшін домбырамен қатар әуенге қосылып айтылып та жүр. Атап айтқанда, өзінің жеке концерттерінде Қазақстанның эстрада жұлдызы Мейрамбек Бесбаев бірқатар термелерді әуен ырғағына қосып, ұлттық аспаппен орындайды. Бауыржан Бекахметов те баянмен өсиет термелерді нақышына келтіріп орындап жүр. Өзге термешілер де ғибратты өлеңдерді насихаттап келеді. Алайда, соларды тыңдайтын жандардың қатары азайып бара жатқаны көңілге қаяу салады. Жақсы нәрсені үйренбей, жаман әдеттерге үйір болып барамыз. Тағлымды термелерді көп тыңдап, содан керегімізді алсақ қана аталған жағдайға тосқауыл болары анық. Сол себепті, кейінгі жас терме-толғауларды тыңдап, оның өміршеңдігін сақтауымыз керек. Айтылған өсиеттен нәтиже шығарып, төл туындыларымызды қадірлей білейік.


Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
09 тамыз 2019 ж. 78 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам