Сот қызметкерлері – сот жұмысының айнасы
Ата Заңымызда көрсетілгендей, биліктің бір тармағы саналатын сот жүйесі – елімізде адам құқығы мен бостандығының сақталуының, қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың қамтамасыз етілуінің бірден-бір кепілі.
Биыл Қызылорда облыстық сотының 85 жылдығы. Осыған орай, сот саласында қызмет етіп жүрген сот майталмандары жайлы ақпаратпен бөліскенді дұрыс көрдім. Сот майталмандары дейтін себебім, олар өздерінің адал қызметтерімен, кәсіби біліктіліктерімен сот саласының дамуына ықпал жасаған.
Соттың «тылында» тынымсыз еңбек ететін сот хатшыларының жұмысы былайғы жұртқа беймәлім. Өйткені, халықтың көретіні – судья. Алайда іс сотқа жеткенге дейінгі, сотта қаралып біткеннен кейінгі сырт көзге көріне бермейтін қисапсыз жұмыстың артында көптеген кеңсе қызметкерлерінің еңбегі жатыр. Судья істі қарап, дауға төрелік еткенімен, оған қатысты іс-құжаттарының барлығы алдымен сот хатшысының сүзгісінен өтеді.
Сот отырысының өз уақытында басталып, тәртіпке сай өтуі кеңсе қызметкерлерінің жауаптылығына, тиянақтылығына тікелей байланысты. Себебі кеңсе мамандары арыз-шағымды «Сот кабинеті» арқылы қабылдап алғаннан бастап азаматтармен қойын-қолтық жұмыс істейді. Арыздың талапқа сай жазылуын, құжаттардың толықтығын, қосымша анықтамалардың бар-жоғын түгендегеннен кейін кеңсе қызметкерлері қос тарап пен куәлардың сотқа дер кезінде қатысуын қамтамасыз етеді. Бір қатысушының сот отырысына келмеуі – істің талапқа сай таразылануына мүдделі қаншама адамның уақытын жоғалтуына, жұмысынан қалуына, қаржысын шығаруына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде сот отырысын дұрыс ұйымдастыра алмағаны үшін сотқа деген жағымсыз көзқарасты қалыптастырады. Сондықтан соттың белгіленген мерзімде, кедергісіз өтуіне жағдай туғызу сот хатшыларының өз қызметін қаншалықты меңгергеніне дәлел бола алады.
Бұрынғы кеңсе қызметкерлерінің жұмысымен салыстырғанда қазіргі мамандардың жұмыс жүктемесі айтарлықтай төмен. Себебі, жаңа технология жетістіктері енгізілмей тұрып кеңсе мамандары көп қағаздың ортасында көміліп отыратын. Сот отырысының хатшыларына тіпті қиын. Сотқа қатысушылардың әрқайсысының айтқанын айна-қатесіз қағазға түсіру оңай шаруа емес еді. Ал қазір сот мәжіліс залдары толықтай дыбыс-бейне жазу құрылғыларына жазылатындықтан, енді сот хатшыларына істің нөмірін, тараптардың аты-жөні секілді қажетті деректерді енгізеді. Енді хаттама жазбай-ақ сот отырысы жазылған таспаны бірге тіркесе жеткілікті.
Сот отырысына қатысушыларды шақыруда да ілгерілеу бар. Бұрын әр қатысушыны сот отырысына шақыру үшін поштаның көмегіне жүгінетін едік. Бұған қаншама қағаз, уақыт кететін. Қазіргі кезде бұл мәселе де толық шешімін тапты. Енді қатысушыларға ұялы байланыс арқылы хабарлама жіберіп, телефонына тікелей қоңырау шалу арқылы сот отырысына шұғыл жинауға болады.
Сот беделін арттыруда кеңсе қызметкерлеріне қатысты тәртіп пен талаптың күшейгенін де айта кеткен жөн. Бүгінде сот мамандарының біліміне, адамдармен сөйлесу мәдениетіне жіті мән беріледі. Сотқа қатысты ең алғашқы пікір сот қызметкерлерінің өзін-өзі ұстауына, сауатты да салқынқанды жауап беруіне байланысты болғандықтан мамандар күнделікті қызметте «Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін» басшылыққа алады. Әдеп кодексінің талабына сай болу – сот беделін нығайтудың алғышарты. Өз қызметін жетік білетін, әдептен озбайтын, азаматтардың сауалына ұқыпты да сыпайы жауап бере алатын мамандар сотқа қатысты жағымсыз пікірдің туындауына жол бермейді.
Сот мамандары – болашақ судьялар болғандықтан, әдептілік әліппесін осы бастан меңгергені аса маңызды. Міне, осындай сүзгіден өткен сала қызметкерлері майталман мамандар атанып шығады.
Олжас Дүйсенов,
Сырдария аудандық
соты әкімшісінің
жетекші маманы