Сотқа дейінгі хаттама –татуласудың тиімді тәсілі
Жыл басынан бері Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне «Сотқа дейінгі хаттама» ұғымы енгізіліп, тараптарға дауларды татуласу рәсімдері арқылы шешу мүмкіндігін ұлғайтты. Осыған орай, татуластырушы судья мен сот отырысы хатшысының татуласу рәсімдері мен сотқа дейінгі хаттама бойынша процестік әрекеттері әдістемелік ұсынымда нақтыланды.
АПК-нің 150-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі хаттама осы Кодекстің 73-бабының бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес жасалған жағдайда, талап қоюды қабылдау ол келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, сотқа дейінгі хаттаманы тараптар медиаторға немесе адвокаттарға жүгіну арқылы да жасауына болады.
Алдымен, татуластырушы судьяның қарауына тек қана талап қою іс жүргізу тәртібімен қаралатын талап қоюлар бөлініп беріледі. Сондай-ақ бұйрықтық, ерекше, ерекше талап қою тәртібімен іс жүргізу санаттарындағы талап қоюларды қоспағанда, барлық талап қоюлар татуластырушы судьяға бөлінеді.
Әуелі, татуластырушы судья соттың қарауына жатпайтын талап қоюларды уақытында қайтарып немесе қабылдаудан бас тартуға міндетті. Бұл әрекеттер АПК-нің 151, 152-бабымен реттеліп, судья 5 жұмыс күні ішінде процестік шешім қабылдау тиіс. Осы ретте бірнеше әңгімелесулер өткізілуі мүмкін екені ескеріліп, татуластыру рәсімі үшін – 10 жұмыс күні, сотқа дейінгі хаттама жасалған кезде – 15 жұмыс күнінің ішінде әңгімелесу күні тағайындалады.
Ал, сот отырысының хатшысы талап қоюлар бойынша міндетті түрде келесі жұмыс күнінен кешіктірмей татуластыру рәсіміне шақыру хатын жолдауы тиіс.
Судьяға тараптардың татуласқандығы жөнінде өтінішхаты түскен жағдайда, азаматтық іс қозғау және істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарым қабылдап, тараптардан сотқа дейінгі хаттаманы және басқа да құжаттарды ұсынуды міндеттеуі тиіс.
Сонымен татуластырушы судьяға татуласу келісімі түскен соң, судья алдын ала сот отырысын тағайындап, онда келісімдегі шарттардың заң талабына сәйкестігін және үшінші тұлғалардың құқығына зиян келтірмейтіндігін тексеріп, істі тоқтату және келісімді бекіту туралы ұйғарым қабылдайды. Бұл ретте судья сотқа дейінгі хаттаманы бекітпейді, тек келісім ғана бекітіледі.
10 жұмыс күннің ішінде тараптар татуласу рәсіміне қатысудан бас тартса немесе келмесе, сотқа дейінгі хаттаманы жасамаса, судья талап қоюды сот кеңсесіне қайта бөлу үшін өткізеді.
Сонымен бірге, 15 жұмыс күннің ішінде сотқа дейінгі хаттама жасалып, ондағы талаптар тараптармен орындалмай, татуласу рәсімі нәтижесіз болса, судья талап қоюды сот кеңсесіне қайта бөлу үшін өткізеді.
Сотқа дейінгі хаттама бүгінгі күні дауларды шешуде өзінің оң әсерін тигізді. Оған дәлел өткен 2022 жылы Сырдария аудандық сотында 95 азаматтық іс бойынша сотқа дейінгі хаттама жасасу нәтижесінде, тараптар арасындағы келісімді бекіте отырып іс тоқтатылды.
Дәурен Ералиев,
Сырдария аудандық
сотының судьясы