Сот беделі - мемлекет беделі
Ата Заңымызда көрсетілгендей, биліктің бір тармағы саналатын сот жүйесі – елімізде адам құқығы мен бостандығының сақталуының, қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың қамтамасыз етілуінің бірден бір кепілі.
Ағымдағы жылдан бастап, 24 маусым - «Судьялар мен сот қызметкерлерінің күні» кәсіби мерекесі болып белгіленуіне байланысты, аудандық сотта қызмет етіп жүрген сот майталмандары, яғни ұжымым жайлы ақпаратпен бөліскенді дұрыс көрдім. Сот майталмандары дейтін себебім, өздерінің адал қызметтерімен және кәсіби біліктіліктерімен сот саласының дамуына ықпал жасаулары.
Сот беделі – мемлекет беделі. Ал, мемлекеттің бедел-абыройы қоғамның дамып гүлденуінің алғышарты.
Бүгінде аудандық соттан бастап, Жоғарғы сотқа дейін барлығы дерліктей сәулетті де, сәнді ғимараттарда орналасқан және судьялармен сот қызметкерлеріне жұмыс жасауына барлық жағдайлар жасалынған.
Оған дәлел осы ауданымыздағы сот ғимараты бола алады.
Сырдария аудандық сотында судьялар мен сот кеңсесінің мамандары жұмыс жасаймыз.
Сот ғимаратының ішінде жұмыс тоқтаусыз қайнап жататынын бірі білсе бірі біле бермейді.
Сот жүйесіндегі негізгі қозғаушы күш, басты тұлға судья болып табылады. Басты тұлға салиқалы судья өзінің адал қызметімен, кәсіби біліктілігімен соттың беделін өсіреді. Ауданымызда сот төрелігін жүргізетін аудандық соттың төрағасы Руслан Темірханұлы Алдамбергенов. 2003 жылы Қазақ гуманитарлық-құқықтық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітіріп, бүгінгі күнге дейін сот саласында қызмет етіп, сот жүйесінің дамуына өз үлесін қосып келеді. 31.12.2020 жылғы №231 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Сырдария аудандық сотының төрағасы қызметіне тағайындалып, осы күнге дейін жинаған тәжірибесін кеңсе қызметкерлеріне үйретуден жалықпай, аудандағы құқық бұзушылық істер бойынша адал әрі әділ сот актілерін шығарып келе жатыр.
Сот төрелігі десек көз алдымызға сот билігін жүзеге асыратын, сот актілерін шығаратын судьялар елестейді. Ал бүгінгі күні соттардың жұмысы тек сот актілерінің сапалы дайындалуынан бөлек басқа да өлшемдермен бағаланатынын ескерсек, оны ұйымдастырудағы сот кеңсесіне жүктелінген міндеттердің маңыздылығын айтпай кетуге болмайды.
Сот кеңсесі –қайнап жатқан істің ордасы деуге болады. Сот кеңсесімен барлық істер, құжаттар тіркеліп, есебі қалыптастырылып және аяқталып, орындауға жолданған әр бір сот актісіне бақылау жасалып отырады. Осы ретте сот кеңсесі жұмысын өз дәрежесінде ұтымды ұйымдастыра білу – сотқа жүгінушілердің әділ сот төрелігіне деген сенімін қалыптастырады.
Аудандық соттың кеңсе меңгерушісі Әбдікәрім Нұрхан Есенгелдіұлы еңбек жолын 1998-2006 жылдар аралығында мұғалім және заңгер, 2006 жылдан бастап 16 жыл Сырдария аудандық сотында бас маман - сот отырысының хатшысы қызметін абыроймен атқарып келді. Осы күнге дейін Нұрхан Есенгелдіұлы өз жұмысында байсалды, көңілдің күйін алыстан бағамдайтын, кішіпейіл, жанашыр, еңбекқор, кәсіби білікті маман екендігін дәлелдеді десем артық айтпаған болармын. Ағымдағы жылдан бастап аудандық соттың кеңсе меңгерушісі қызметіне кіріскен, алдағы уақытта жұмысына сәттілік тілеп, аудандық соттың жұмысын алға жетелейді деп сенеміз.
Сот кеңсесінің бас маман-баспасөз хатшысы Асан Меңдігүл Есенбайқызынсыз елестету мүмкін емес. Олай айтатын себебім, өз жұмысына ұқыптылығы, жан-жақтылығы, қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен, сапалы орындайтыны, барлығына үлгеретіні. Мемлекеттік қызметке алғаш кіруіме байланысты Меңдігүл Есенбайқызы маған тәлімгер болып тағайындалды. Өзінің сот саласынан жинаған тәжірибесін маған үйретуден жалықпайды, ақыл сұрағанда орнында отырып айтпай, ерінбей қасына келіп үйретіп отырады.
Меңдігүл Есенбайқызы 1993-2007 жылдар аралығында аудан орталығында банк бөлімшесінде экономист-бухгалтер қызметтерін атқарған. Аудандық сотқа 2007 жылы іс-тіркеуші болып кіріп, 2014-2021 жылдар аралығында жетекші маман, өткен жылдың шілде айынан бастап бас маман қызметін атқаруда. Меңдігүл Есенбайқызының сот жүйесінің одан әрі дами түсуіне өз үлесін әлі де қосатындығын үлкен сеніммен айта аламын және еңбегіне табыс, отбасына амандық тілеймін.
Сырдария аудандық соты екі құрамды сот болғандықтан, аудандық сотта екі бас маман - сот отырысының хатшылары жұмыс жасайды.
Сот процесін дұрыс ұйымдастыру, сот құжаттарын, сот отырысының хаттамасын, дұрыс және нақты сауатты жасау сот отырысы хатшысының жұмысына байланысты. Судьяның өнімді жұмыс жасауы сот отырысы хатшысының біліктілігіне, іскерлігіне тікелей байланысты. Хатшының жұмысы осы адамның сот залында болуын, іс материалдарын сот процесіне дайындауды ғана емес, сонымен қатар сот ісін жүргізуді қамтамасыз етуді, қарауға тағайындалған барлық істер бойынша тараптарды сот отырысына шақыруды қамтиды. Сот отырысының хатшылары төрағалық етушімен қарауға тағайындалған барлық істер бойынша тараптарды сот отырысына шақырып, тараптар кент аумағынан тыс жерде болған жағдайда бейнеконференцбайланыс ұйымдастыру, мүмкіндігінше тағайындалған іске тараптардың толық қатысуын қамтамасыз етеді. Аяқталған істер бойынша сот актілерін заңда көзделген мерзімде тараптарға және мерзімінде орындауға жолдап отырады. Соттың жұмысы мен имиджі сот отырысы хатшысының дұрыс ұйымдастырылған жұмысына, оның жауапкершілігіне, сауаттылығына, адалдығы мен дәлдігіне байланысты.
Осы аталған жұмыстарды жауапкершілікпен атқарып жүрген, сот жүйесінің темірдей тәртібін бойына сіңірген Пірімбет Гүлшат Ибайділдақызы деп атап көрсетсем артық болмас. Өзінің ақылдылығы мен сабырлығы арқасында аудандық сотта 1994 жылдан бері абыроймен қызмет етіп келеді. Тәжірибесі мол, білікті маман Гүлшат Ибайділдақызының бойынан сабырлық, парасаттылық, қарапайымдылық осы қасиеттердің барлығын байқауға болады. Гүлшат Ибайділдақызы жинаған тәжірибесі арқылы сот қызметкерлеріне ақыл айтып бағыт бағдар беруден жалыққан емес. Өзінің еңбегінің жемісін көріп, абыройының арта беруіне тілектеспін.
Сырғабаева Жұлдыз Бағдатқызы еңбек жолын 2006 жылдан бастап сот саласында әртүрлі қызмет көрсетіп келе жатыр. Жұлдыз Бағдатқызы ақ жарқын, қызметтік міндеттерін сапалы орындайтын және жауапкершілікпен қарайтын, білікті де алғыр маман. Спорттық шараларға және қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүреді, ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары. Ағымдағы жылдан бастап сот отырысының хатшысы қызметіне кірісіп, өзінің біліктілігін арттыруда. Алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жетуіне тілектеспін.
Елкенов Абзал Азилханович сот саласында 2020 жылдан бастап қызмет жасап келе жатыр. Сырдария аудандық сотының қызметкерлер құрамына, яғни бас маман-аға сот приставы болып ағымдағы жылдың сәуір айында қосылды. Аз уақыт өтседе ісіне жауапты, қызметтік міндеттерін адал, сапалы орындайтын білікті маман екендігін көрсетіп жүр.
Рашидова Ақнұр Рашидқызы 2014 жылдан бүгінгі күнге дейін Сырдария аудандық сотында іс жүргізу инспекторы қызметін атқаруда. Ақнұр Рашидқызы қызметтік міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, сапалы орындайтын қызметкер. Өзі өнерлі, әрдайым жадырап жүреді. Болашақта тәжірибелі, мықты маман иесі бола алады деп айта аламын.
Өзіме келетін болсам Дуйсенов Олжас Оразбаевич, осы ауданның тумасымын. 2010 жылдан бері мұнай, байланыс саласында қызмет атқарып келіп, 2022 жылдың наурыз айынан бастап аудандық соты кеңсесінің қызметкерлері қатарына жетекші маманы болып қосылдым. Жоғарыда аталған сот майталмандарымен қызметтес болғаныма қуанамын және ұжымыммен мақтанамын. Осы уақытқа дейін жинаған тәжірибем мен алған білімімді еңбек жолында пайдаланып, сот жүйесінің одан әрі дамуына үлесімді қосу басты мақсатым деп білемін.
Әріптестеріме еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақыт пен амандық тілеймін.
Сонымен қатар, бәріміздің ортақ шаңырағымыз – Қазақстан Республикасының одан әрі дами және өркендей беруіне тілектеспін!
Сырдария аудандық сотының
жетекші маманы О. Дуйсенов