Сот жүйесі – жауапты сала
«Армансыз адам қанатсыз құспен тең» дегендей, сот саласының қызметкері болу – менің асыл армандарымның бірі. Алайда адам арманына бірден жете қоймайтыны бар емес пе...
Мен арнаулы орта білімімді алғаннан кейін, жоғары оқу орнына түсіп, заңгерлік білімімді шыңдап, алғаш еңбек жолымды Қызылорда облыстық соттар әкімшісінің кадр бөлімінің іс тіркеушісі болып бастадым. Бірте-бірте білімім мен тәжірибемді шыңдап, өзімнің көп жылғы арманыма жетуге қол созып, мемлекеттік қызметшілікке өту сынағын жоғары ұпаймен тапсырып, алға бір қадам басқаным әлі есімде. Уақыт өте келе, облыстық, аудандық соттың жетекші маманы сонымен қатар бас маманы болып қызмет жасадым. Қазіргі таңда Сырдария аудандық сотының аға сот приставынан бас маман-сот отырысының хатшысы лауазымына ауыстырылдым. Таңдаған мамандығыма құрметпен қараймын.
Отанға қызмет ету, оны сүйіп, ардақтау әрбір азаматтың ел алдындағы парызы мен азаматтығының белгісі деп білемін. Өз туған еліме Сырдария аудандық сотына ауысуымның негізгі себептерінің бірі – өз елімнің дамуына үлесімді қосу болып табылады. Осы жылдар аралығында көп жыл армандаған арманыма қол жеткізгеніме және ұжымымда үлгі тұтар апа-ағайларыммен бірге мақтанамын. Атап өтетін болсам осы саланың мамандары Д.Байдушев, Г.Пірімбет, М.Асан, Н.Әбдікәрім секілді әріптестерімнің ізін басып келемін. Мен де сот жүйесін жетілдіріп, әділдік іздеген көпшілікке сапалы қызмет ұсынуды негізгі мақсатым деп санаймын.
Тәуелсіздік алғалы бері мемлекет тарапынан сот саласына барынша қолдау мен қамқорлық жасалып келеді. Реформалар мен оң өзгерістер қарқынды жүріп жатыр. Биылдан бастап Ата Заңымызда айтылғандай, биліктің бір тармағы саналатын сот жүйесі – елімізде адам құқығы мен бостандығының сақталуын, қоғамдағы тұрақтылықтың дамып өркендеуіне қосқан үлесі үшін сот қызметкерлерінің құрметіне орай күнтізбенің 24 маусымы – «Сот және сот қызметкері күні» кәсіби мерекесі болып белгіленіп, мерекемізді атап өтудеміз.
Сот саласының қызметінің қыр-сырын меңгеріп, машықтанып келемін. Қазіргі заман кезеңінде бізге қойылатын талаптар күннен-күнге күшеюде. Мемлекеттік қызметшіге тек қана кәсіби маман болу жеткіліксіз. Оған қоса ол басым көпшілікпен, түрлі әлеуметтік топтармен жақсы араласып, жағымды тұлға болуы тиіс.
Мемлекеттіміздің одан әрі өркендеуіне аянбай еңбек етіп, күш-жігерін егеменді еліміздің дамуына жұмсап, қоғамға жат мінез-құлыққа жол бермей, халық игілігі үшін жауапкершілікпен қызмет атқару – мен үшін үлкен міндет. Мұны мен жақсы түсінемін. Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан» деген нақыл сөзін өмірлік ұстанымым ретінде қолданамын.
Қорыта келгенде, мемлекет алдында да, заң алдында да жауапкершілікті сезіне білуіміз қажет. Яғни, сот саласының ыстық суығына күйіп, осы салада жұмыс жасау – мен үшін жауапты міндет.
Ж.Сырғабаева,
Сырдария аудандық сотының
бас маман-сот отырысының хатшысы
Сырдария аудандық сотының
бас маман-сот отырысының хатшысы