Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 1 мамыр - бірліктің ерекше мерекесі

1 мамыр - бірліктің ерекше мерекесі

Бүгін аудан орталығында 1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай салтанатты іс-шара болып өтті.

Іс-шараға аудан тұрғындары мен ардагерлер және ауданымызды мекендейтін түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері қатысты.

Достық пен бірлік, ізгілік пен еңбек насихатталған салтанатты жиында Сырдария ауданының әкімі Сәрменбаев Берік Әбдіғаппарұлы көпшілікті мерекемен құттықтады.

- Түрлі ұлттар мен ұлыстар мекен ететін мемлекетімізде өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылымның ұлттар мен ұлыстар, түрлі дін өкілдері үшін маңызы ерекше.

Бүгінде ауданда орыс, кәріс, неміс, татар, өзбек, украин, қырғыз, молдаван, башқұрт, түрікмен, беларус сынды 16 түрлі ұлттан барлығы 463 адам тату-тәтті өмір сүруде. Бір үйдің баласындай татулықты ту еткен бауырластар аудан экономикасының өркендеуі мен әлеуметтік ахуалының жақсаруына атсалысып келеді. Мұның бәрі халқымыздың берік достығы мен тағылымды татулығының, абыройлы ауызбіршілігінің нақты нәтижесі.

Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қазақстандықтардың ынтымағын жарастырып, ырысын арттырсын. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Баршаңыздың отбасыларыңызға бақыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін! - деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мұнан соң, мерекелік шара ел бірлігін, ұлттар достығын паш еткен аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасымен жалғасты. Сонымен қатар, тұрғындар арасында спорттық сайыстар мен велошеру ұйымдастырылды.


01 мамыр 2023 ж. 159 0