СЫРДАРИЯДА БІРЛІК МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Бүгін Сырдария ауданында «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесі аталып өтті. Аудан орталығына жиналған көпшілікті аудан әкімі Ғ.Қазантаев шуақты мерекемен құттықтады.
– Татулық пен келісімнің шынайы үлгісіне айналған «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрам – сан ғасырлар бойы қазақтың кең байтақ даласын мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағын нығайтып, арман-тілегін бір арнаға тоғыстырған мереке. Қиын кезеңдерде ата-бабаларымыз елімізден пана іздеп келгендердің бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, бір үзім нанды бөліп жеді. Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі. Берекесі мен қазанын ортайтпаған, қанағатшыл болып, өзгені өзекке теппеген халқымыз ұтымды іспен, орамды оймен құшағын кеңейтіп келеді,- деді аудан басшысы.
Іс-шара барысында аудандағы бірлік пен ынтымақты, өзара түсіністікті қалыптастыру бағытында жемісті еңбек еткен ардагерлер мен сала мамандары аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Сонымен қатар, аудан тұрғындары мен қонақтары театрландырылған қойылымға куә болып, концерттік бағдарламаны тамашалады. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.