Еңбек – адам өмірінің мәні
Адам өмірі деген таңғажайып нәрсе, мәселе біздің саналы тіршілік иесі болуымызда ғана емес, табиғаттың бір бөлшегі бола тұра, дүниені өзгерте алуымызда. Мына әлемде бәрі де қайталанады, жыл артынан жыл өтіп, ғасыр ауысады, бірақ осы жаңғырулардың астарында сапарлық өзгеріс жатады. Жер жүзі бір алапат астаң-кестеңнен қауіптеніп отырған бүгінгі күні өткен ғасырдың зұлматы – екінші дүниежүзілік соғыс ойға оралады. Қарап отырсаң, сол соғыстың ең қиын кезеңі 1943 жылы дүниеге келген аға ұрпақ өкілдері 80 жасқа толып отыр екен.
Иә, бұл буын не көрмеді?! Сәбилік шағын аты өшкір соғыс пен одан кейінгі жылдар ұрлады. 40-жылдардың екінші жартысы қирап қалған КСРО-ның еуропалық бөлігіне ғана емес, қолда барын майданға берген республикаларға да тиді.
Абылай Әшірбекұлы сол 1943 жылдың 23 ақпанында Тереңөзек кентінде дүниеге келді. Ағамыздың өмірбаянының қатарластарынан еш айырмашылығы жоқ. Шүберек сөмке ұстап мектепке барды, аш-жалаңаш болмағанмен, әкесі майданда қаза тапқандардан асып бара жатқан жері де жоқ еді.
1960 жылы М.И.Калинин атындағы қазақ орта мектебін бітірген кезде алдында «қайсысына түсесің» деп күтіп тұрған сан тарап жол да болмады. Құрылыс монтаж басқармасы мекемесіне тракторшы болып жұмысқа кірді. Жастайынан техникаға құмар болып өсті және техника тілін жақсы білетін.
Еңбек – адам өмірінің мәні, ең болмағанда тірегі, ерте дүние данышпандарының бірі айтқандай: «Адам нан жеу үшін өмір сүруі керек емес, өмір сүруі үшін нан жеуі керек». Осы бір ақылды сөзді Абылай ағаға тірліктің өзі үйретті. Оның үстіне табиғи болмысы да, алған тәрбиесі де, осыған саятын.
Сыр елінде 60-жылдардың басында егіншілік жерді инженерлік жүйеге келтіру жұмыстары басталды. «Мелиорация» мекемесінің жылжымалы механикаландырылған колоннасында ағамыз бірнеше жыл еңбек етіп, айшықты қолтаңбасын қондырды. Содан 1965 жылы Тереңөзек кентіндегі автобаза мекемесіне жүргізуші болып ауысып, 15 жылдай осы жерде еңбек етті. Арасында сырттай оқып, Қызылорда политехникумын механик мамандығы бойынша бітіріп алды. Бұл жылдары тәжірибелі жүргізуші техниканың қыр-сырына әбден қанық еді. Сол кезеңнің бір ерекшелігі адам қазіргідей жұмыс іздеп сабылмайтын, қайта жұмыс адамды іздеуші еді. Өзі мықты маман, қабілет-қарымы мол Әбекеңді қызметке шақырушылар да аз болған жоқ. Бір жағы өсу де, алған білімі мен жинаған тәжірибесін пайдалану да керек. Содан ол «Сельхозтехника» мекемесіне шеберхана меңгерушісі болып орналасады. Бұл бір жағынан көңіл қалауы еді. Техниканың қай бөлшегін болмасын түпкі темірге дейін бұрып, қайта жинайтын. Жоғын қолдан жонды. Бұны ісмерлік деуге де болады.
1991 жылы Абылай Әшірбекұлын «Құмкөл-Харрикейн» мұнай компаниясы механиктік қызметке шақырды. Бұл қоғамдық құрылыс өзгерген, бірақ өтпелі кезеңнен әлі шыға алмаған шақ еді. «Құмкөл-Харрикейн» компаниясы өндірістің флагманы әрі жалақысы да жоғары. Әбекеңе тағы да тәуекел деуге тура келді. Шүкір жаман болған жоқ. Ұл-қыздарын оқытып, жоғары білім берді. Осы жерден зейнет демалысына шықты.
Мықты адамдардың өмірінде қатарында жүретін, бір-бірімен түйіспегенмен, бірі екіншісін жоққа шығармайтын, қайта қасиетін аша түсіп, мақсат-мұратын көрсететін екі бағыт болады. Оның біріншісі – күнделікті атқаратын еңбегің де, екіншісі – қоғамдық жұмыс. Абылай Әшірбекұлы кезінде Тереңөзек аудандық кеңесіне депутат болып сайланып, жерлестерінің аманатын арқалады. Бұл кісі қашан да көппен бірге, жұртшылықтың арасында. Қолы қалт етсе бильярд ойнайды. Мергендік пен салқынқандылықты талап ететін осы спорттың ауданда дамуына әсері де болды.
Тереңөзекте ардагерлер арасында бильярд ойынынан жарыс үнемі ұйымдастырылып тұрады. Осындай сайысты іздейтін аға ұрпақ өкілдері көптеп саналады. 2015, 2016, 2018 жылдары Абылай Әшірбеков аудан ардагерлері арасында өткізілген бильярд турнирінің жеңімпазы болды.
2020 жылы Ұлы жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Қызылдихан» шаруа қожалығының құрылғанының 10 жылдығын атап өткен болатын. Спорт бәсекелесінсіз той той ма? Осы жерде Әбекең бильярд ойынынан үздік өнер көрсетті. Мен өзім соған куәмін.
Еңбек адамының бойында қасиет көп болады, олай дейтінім маңдай терімен іскерлік-шеберлігімен қоғамға пайда келтірген адам, бір жағынан соның жемісін көрсе, екіншіден жасаған жақсылығың жүрегіңді нұрландырып, өзіңді әдемі бір күйге түсіреді. Жақсы жанның соңынан сәттілік көлеңкедей еріп жүреді, ел алғысы оны қашан да пәле-жаладан сақтайды. Абылай Әшірбеков – аймаққа белгілі елге сыйлы ақсақал. Өмір бойы орыстармен соғысып өткен, сөйте тұра патшаның өзінен құрмет көрген Шамиль Имамға қатарластырының бірі: «Сізді бүкіл Кавказ халқы риясыз сыйлайды. Осының себебін айтыңызшы?» депті. Сонда Шамиль Имам: «Мені қадір-қасиетімді танып, әуелі әйелім сыйлады. Сол сыйластықты көрген балаларым алдымнан кесе-көлденең өйтпейтін болды. Отбасына қадірлі екенімді білген ауылдастарым сөзімді тыңдады. Ауылға сыйлы екенімді білген соң бүкіл Кавказ құрмет тұтты» – деген екен.
Ертеден келе жатқан осы әфсана-әңгімеде үлкен мән бар. Әбекең ақсақалдың жұбайы Ұлбике Ерімбетова апамыз да өмірден көргені де, көңілге тоқығаны да көп жан. Жоғары білім алғаннан кейін барлық саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнады. Үлгілі, ұлағатты ұстаз атанды. Бұл кісілер екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, алтын асықтай 10 немере, 6 шөбере көріп отыр. Балалары шаруашылықтың сан саласында еңбек етсе, немерелері Қазақстанның түкпір-түкпірінде білім алып, олардың алды үлкен өмір жағына қадам басты.
Үлкен қызы Қаршыға Алматы қаласында Абай атындағы университетте оқып, білім алып, көп жылдан бері орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, ұстаздық етіп келеді. Ол мол тәжірибесін әріптестеріне үйретіп, білім саласына жалпы ұрпақ тәрбиесіне айтарлықтай үлес қосты. Қазір №35 мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Ал келіні Лиза Абатқызы №36 мектеп-лицейінде ұстаздық етеді.
Гүлнәр Абылайқызы да орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Қазір «ҚАМ» БМ ЖШС-де қызметкерлерді басқару бөлімі бастығының орынбасары. Ұлы Бүркіт СТ «Қазгермұнай» ЖШС-де инженер-механик, ал Талғат «ПетроҚазақстан» АҚ-да оператор болып еңбек етеді.
Абылай аға тамырын тереңге таратқан, жапырағын жайған бәйтерек сияқты. Алып ағаш жыл сайын жапырақ жайып, жаңарып, жаңғырып отырса, қария ұрпағымен көгеріп-көктеуде. Адам өмірінің мәні де, мәңгі өлместігі де міне осында. 80 жас білгенге қызығы мен қиындығы мол жылдар, тіпті айта беретін 8 белес те емес. Ол – мағыналы өмір, адам баласының мұраты. Аман болыңыз, арамызда жүре беріңіз, аға!
Шаһарбек Нұрсейітов,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі