БІР ШАҢЫРАҚТАН ТӨРТ САРБАЗ
Сұм соғыстың зардабын өткен ғасырдың бел ортасында сан мыңдаған халық тартқаны мәлім. Зұлматты, сұрқия соғыс өзге ұлтпен бірге әрбір қазақтың шаңырағын шайқалтты, қаншама бала жетім, арулар жесір қалып жатты. Қаралы хабар әр жанұяға келіп, кәрі шешенің жүрегін жұлып әкеткендей көрінді.
Ашкөзділік пен жауыздық қатар төнген сәтте әскер қатарындағы әр азамат жеңіс жолында жанын құрбан етуге даяр еді. Олардың ішінде, ешқандай артынан із қалмай, хабарсыз кеткені қаншама?! Бірі енді он алтыға келіп оқ бораған майданда мерт болса, екіншісі сау мүшесінен айырылып, ауыр халде, бірі қолынан, бірі аяғынан жарақаттанып туған ауылына оралып жатты. Өз уақытында намыстың туын биік қойып, талай сырдариялық соғысқа аттанып, отты жылдардың нағыз қаһарманына айналды. Біздің бүгінгі мақалаға арқау етіп отырған кейіпкерлеріміз – соғыс жылдары елге оралмай қалған боздақтар.
Ауданға қарасты бұрынғы «Ильич» кеңшарында қарапайым отбасында торсықтай егіз ұл дүниеге келеді. Бұл керемет жаңалықты Сейіловтер шаңырағы соғыс басталмас он тоғыз жыл бұрын атап өткен болатын. Ерлі-зайыпты Сейіл мен Мамық ұлдарының есімін Дайырбек пен Зайырбек деп қояды. Бұлар отбасында жеті ағайынды болатын. Қазіргі Ақжарма ауылында ержеткен екі перзентін соғысқа жіберу ана үшін оңай болмағаны анық. Себебі, егіз бауырдың ағалары Әшімхан мен Төлебай бұлардан бұрын соғысқа аттанған еді. Қатарынан төрт ұлын ажал апанына табыстау нағыз қасірет. Бірақ, әулеттің үлкендері елге оралып, абыройлы қызмет етті. Дегенмен, нағыз қанды қырғынның қызған шағында майданға аттанған егіздердің хабарсыз кетуі отбасына орны толмас ауыр қайғы болып тиді.
Жақында боздақтардың туыстарына Белоруссия мемлекетінің Қорғаныс министрлігінен хат келіпті. Онда егіздің сыңары, кіші сержант Зайырбек Сейілов 1943 жылы Витебск облысы, Лиозненский ауданы, Пнево ауылында жерленгені жөнінде хабар айтылған. Яғни, Ұлы Жеңістің 74 жылдығы қарсаңында тағы бір сырдариялық боздақтың хабары елге жетті. Ал, Дайырбек Сейілов туралы әлі күнге дейін еш хабар жоқ.
Отан үшін жан қиған боздақтардың ерлігі еш уақытта ұмытылмайды. Өйткені, олардың есімі Тереңөзек кентіндегі «Тағзым» алаңда яғни ескерткіште қашалып жазылған. Сондай-ақ, «Қазақ энциклопедиясы», «Книга памяти» «Боздақтар» кітабына енген.
Б.ОРДАБЕКОВ