Тағдыры тайталасқа толы адам
Неміс философы Карл Яскерс: ”Адамзаттың тарихында ерекшелі кезеңдер болады, болашақ өркениеттің тағдыры, соған қарай өрбиді” дейді. Өткен ғасырдағы сол ерекше кезең Германияның жеңілгені еді, бұл жартылай қирағанына, халқының үлкен бөлігін жоғалтқанына қарамастан Кеңестер одағының дамуына, әлемде социалистік лагерьдің құрылуына жол ашты. Аға ұрпақтың сол соғыстағы жан беріп, жан алысқан ерлігі ұрпақтың бірнеше буынына отансүйгіштік тәрбие берді. Соңғы кезде соғыс ерлері жайлы жазу азайған сияқты. Олардың қатары саусақпен санарлықтай болып сиреп қалды, ал өмірден өткендерін отбасы әруағына арнап құран оқытқанда, сондай ақ Жеңіс күнінде болмаса, еске ала да бермейміз. Бұл үлкен қателік, мәселе бір адамның жауынгерлік ерлігін мадақтауда емес, өскелен ұрпаққа ұлттық, ұлағаттық тәрбие бере отырып, соғыс атты зұлматтың адамзатқа қаншалықты қайғы-қасірет әкелетінін көрсете білуде.
Сырдариялық майдангер Әлайдар Сағындықовтың есімі елге жақсы таныс. Соғыс және еңбек ардагерімен қатар жүрген, сыйлас болған, бірге еңбек еткен адамдар әлі арамызда бар.
ХХ ғасырдың 20-шы жылдары дүниеге келген аға ұрпақтың тағдыр-тіршілігі тым қиын болды. Олар он жасқа толмай жатып ақ қазақ халқының жартысы жуығын алып кеткен ашарлықты, қуғын-сүргінді көрсе, азамат болып қалыптаса бастағанда фин соғысына, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Көбі сол қанды қырғында опат болды.
Әлайдар Сағындықов 1919 жылдың мамырында Тереңөзек ауданының Құндызды ауылында дүниеге келеді. Жасынан зерек болып өседі, ата-анасынан ерте айырылып, бала жасынан еңбекке араласады. Тас мешін ашаршылық кезінде 12-13 жасар Әлайдар қарындасы Айшагүлмен бірге аман қалудың жолын ойлап, сол кездегі тоқ қала Ташкентке арып-ашып жетеді. Көшеде нан табу қамымен жүргенде айырылып қалады. Бозбалаға бұлда үлкен қайғы-қасірет әкелді. Сонда балалар үйінде тәрбиеленеді. Кейін елге қайтып келеді. Қарындасымен 30 жылдан аса уақыттан кейін туған жерлері Тереңөзекте табысады. Еті тірі Айшагүл ағасын іздеуден танбай ақыры мақсатына жетеді. Бұндай жағдай ашаршылық жылдары өскен буынның көбісінің басында бар…
“Алмас қылыш қын түбінде жатпайды”, Әлайдар аға 1930-1937 жылдары балалар үйінде тәрбиеленіп 7-жылдық мектепті бітіреді. Ес жиып, етек жаба елге келеді. Еңбек енді араласып, өзін көрсете бастаған шақта фин соғысы басталды. 1939 жылдың 30 қарашасы мен 1940 жылдың 12 наурыз аралығында болған “Маннергейм” шебінде кеңес армиясы қатты қырғыңға ұшыраған бұл соғыс жайлы көп айтыла бермейді. КСРО “Ленинградқа қауіп төнеді” деген сылтаумен Финляндиядан Карель мойнағын өзіне беруді талап етті, ол орындалмағандықтан Қызыл армия шабуылға шықты.
Әлайдар Сағындықов 1939 жылы армияға алынып, Ленинград қаласында әскери борышын орындап жүргенде алғашқылардың бірі болып осы ұрысқа кіреді. Қантөгіс шайқаста Әлайдар ағамыз алғаш оқ-дәрінің түтінін иіскеп, өлім атты тажалды көреді. Өзі де шынығып, соғыс өнерін үйренеді. Қарап отырсақ фин соғысында марапат көп болмаған, бірақ оның қиындығы Германиямен соғыстан кем түспеген еді. Шағын ғана Финляндиямен соғысу Қызыл армияның жақсы жарақталмағанын, әлсіз екенін көрсетті. Дегенмен 1940 жылдың 12 наурызында соғысушы жақтар келісімге келіп, Карель мойнағы КСРО-ға берілді.
Ағамыз қызмет ететін әскери құрам Мурманск қаласында қалдырылады, бірақ көп ұзамай 1940 жылы Литваны азат ету ұрыстарына қатысады. Бұның арты екінші дүниежүзілік соғысқа ұласқанын тарихтан жақсы білеміз. Майдангер ағамыз І,ІІ Украина майданындағы қиян-кескі шайқастарда ерлігімен көзге түседі. Содан Австрияға дейін барып, Жеңіс күнін Вена қаласында қарсы алады.
Соғыстан кейін өмір бірден жақсарып кете қойған жоқ. Елге келген жауынгер қираған дүниені қалпына келтірудің күрделі кезеңінде еңбекке араласады.Дегенмен жоғарыда айталғандай соғыс кезінде кеңес әскерінің қару-жарағы кемшін, әскери құрам басшыларының біліксіздігінен Әлайдар тәрізді мыңдаған жауынгер аздаған уақыт жау тұтқынында болып, қашып шығады. Бірақ кейін бұл жағдай оның алдынан шығып, қатігез заманның теперішін көруіне ықпал етеді. Соғыстан кейін оның Қарағанды қаласында еңбек етуіне осы жағдай мәжбүрлеген болатын. Ол Қарағанды қалалық автокөлік мекемесінде темір ұстасы, кейін шахтер болып еңбек етеді. Сол жақта 1952 жылы автокөлік жүргізушісі мамандығын алады.
Ағамыз 1958 жылдың сәуір айында елге келіп, Тереңөзек кентіндегі құрылыс-монтаж басқармасында темір ұстасы, кейіннен жүргізуші болады. Жүргізушілік жұмысты №16 Қызылорда село құрылысы тресінің автобазасында жалғастырып, сол жерден еңбек демалысына шығады.
Сан соқпақты өмір жолынан өткен Әлайдар Сағындықов тағдыр теперішіне қарсы тұра біліп, бақытты ғұмыр кешті. 1946 жылы Әсіл анамызбен отбасын құрып, өмірге келген 5 ұл, 2 қызды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде осы асыл жандардан тараған ұрпақ елге қызмет етуде.
Әлайдар Сағындықов Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі “Отан соғысы” орденімен, Г.K. Жуков медалімен, кейінгі жылдары ұлы жеңістің 20,30,50,60 жылдық, КСРО Қарулы күштерінің құрылғанына 50,60,70 жыл толуына арналған медалдарымен және 1979 жылы “Еңбек ардагері”медалімен марапатталды.
Міне, майдангер осылай өнегелі өмір сүрді. Қандай қиындық көрсе де мұқалмады, бұл – қайсарлықтың, жігерліліктің белгісі. Аш-жалаңаш жүріп оқыды, жастық шағын аты өшкір соғыс ұрлады. Одан кейінгі жылдарды да еңбекке арнады. Бір тағдардың өзінде қаншама сыр, тәлім аларлық өнеге бар.
Ие, өмір күрделі, бірақ мықты адам оның шырмауын тарқата алады.
Шаһарбек Нұрсейітов,
ҚР Журналистер одағының мүшесі