Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Латын әліпбиі – қазақ тілінің жаңа көкжиегі

Латын әліпбиі – қазақ тілінің жаңа көкжиегі

Қазақтың жазу тарихы көнеден басталады. Біздің ата-бабаларымыз руналық графикаға негізделген орхон жазуын, араб графикасының түрлі формаларын пайдаланған. Содан кейін біз Ахмет Байтұрсынұлының  ұлттық жүйеге негізделген  араб  графикалы  «төте жазуын» қолдандық. Ескі латын негізді графикамен, содан кейін кирилше де жаздық. Еліміз егемендік алғалы да біраз уақыт өтті. Қазақ зиялылары ізін салып берген төл жазуымызды қалыптастырып, шегендейтін уақыт та жетті.  Латын әліпбиіне көшу  - мәңгілік елдің рухани жаңғыруы десек қате айтпағанымыз.

Латын әліпбиіне көшу біріншіден, заман талабы десек, екіншіден, жаһандану үдерісінде өркениетке жол ашады. Латын қарпіне ауысу қазақ тілінің дамуына, халықаралық мәдени, рухани және экономикалық байланыстардың нығаюына жағдай жасайды.

Әліпби ауыстыру кеше, бүгін қолға алына салған нәрсе емес. Бұл бастаманы тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының 2006 жылғы 24 қазанында өткен ХІІ сессиясындағы сөзінде «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік»,- дей келіп, «біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», - деген болатын. Одан кейін 2012 жылғы «Қазақстан - 2050» «стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл - ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруге, ең бастысы - қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», - деп тағы да атап көрсеткен еді.

Латын әліпбиіне көшудегі ең басты мәселе - әліпбиді жасау. 2017 жылдан бастап латын қарпіне көшуде көптеген жұмыстар жасалып келеді. 2017 жылы  33 қаріптен тұратын әліпби жобасы ұсынылды. Тілімізге апострофтар үйлеспегендіктен бұл жобаға өзгерістер енгізуге мәжбүр болды. Әліпбидің жаңа нұсқасында оны дайындаушылар тек ғылыми принциптерге сүйенді. Әліпбидің ғылыми негізділігі оның қазақ тілінің төл табиғатын сақтауға да, әліпби түзудің халықаралық принциптеріне сүйенуге де мүмкіндік берді. Әліпби жасаудағы осындай ұстанымның 3 маңызды жағы бар.  Біріншіден, бұл әліпби қолданысқа енгенде, қазақ тілінің табиғи байлығы мен бейнелілігі толық сақталады. Екіншіден, әліпби халықаралық тәжірибелерді, оның ішінде Халықаралық фонетикалық әліпбидің таңбалық базасына құрылғандықтан, оның әлемдегі танымалдылығы жоғары. Сондықтан да әліпбидің бұл нұсқасы әлемнің елуге жуық мемлекетінде тұратын қазақтардың пайдалануына қолайлы болады. Соның нәтижесінде, бұл әліпбиді дүниежүзі қазақтарының ортақ әліпбиі деуге негіз бар.  Үшіншіден, жетілдірілген әліпби нұсқасы ІТ технологияларға толық сәйкес келеді. Әліпбиге алынған таңбалардың барлығы UNICODE жүйесінде бар.

«Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін»,- деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, латын әліпбиіне көшу тіліміздің болашағы  үшін жасалған дұрыс қадам.


Айгерім Мұхамеджан,
тіл маманы
27 қараша 2022 ж. 185 0