Жаңа әліпби – жаңғыру талабы
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге басым бағыт берілген. Рухани жаңғыру төл әдебиетімізді, мәдениетімізді жаңғыртып, ұлттық сананы ояту десек, бұл жолда тілдің тұғырлы болуы – басты талап. Сондықтан жаңа замандағы озық технологияның тіліне айналған әліпбиге көшудің еліміз үшін, өнеріміз бен мәдениетіміз үшін тиімділігі мен пайдасы өте көп.
Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісін берері анық. Біз латын әліпбиіне көшу арқылы өркениетті елдердің қатарына қосылып, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Бұл бізге қолайлы және тиімді болмақ.
Латын графикасы қазақ еліне таңсық дүние емес. 1929 жылға дейін Қазақстанда араб жазуы пайдаланылып келсе, 1929-1940 жылдар аралығында қазақтың ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының ұсынысымен латын графикасына негізделген әліпби жазу жүйесіне енгізді. Ал одан кейін елімізде кирилл графикасы қолданылып келеді. Яғни бұрындары да латын әліпбиі қолданылғанын ескерсек, мұның қиындық туғызбайтыны анық және бұл қазіргі кезде біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңызды.
Қазіргі таңда жаңа әліпбиге көшу мәселесі бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Жаңа графиканы жасау, халық арасында сынамадан өткізу жұмысы жүргізілуде. Латын әліпбиі қолданысқа енгенде оны үйрету жұмыстары қарқынды іске асады. Сондықтан «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, халық болып жұмылып, жаңа әліпбиге көшуде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бұл кезеңнен сәтті өтетінімізге сенім мол!
А.МУхамеджан,
Қызылорда облыстық
Тілдерді оқыту орталығының
Сырдария ауданы бойынша
мемлекеттік тіл оқытушысы