Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Латын әліпбиіне көшу - Қазақстанның жарқын ертеңі үшін қажет

Латын әліпбиіне көшу - Қазақстанның жарқын ертеңі үшін қажет


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы - Қазақстанның бүгінін белгілеп, ертеңін айқындайтын бағдарлы құжат болып табылады. Осы мақала аясында қазақ жазуын әлемдегі ең танымал жазулардың бірі латын әліпбиіне көшіру мәселесі дер кезінде көтерілді.
Мемлекет басшысының «Үш тұғырлы тіл» саясаты туралы көтерген бастамасында, қазақ тілі арқылы ұлт болып сақталу, ал орыс және ағылшын тіліндерін меңгере отырып, әлемдік кеңістікке, халықаралық байланыстарға шығу мүмкіндіктері ашылатындығын атап өткен болатын.
Бүгінгі күні жаһандану заманындағы технология және ақпарат алмасудағы басымдылық ағылшын тіліне беріліп отырғаны баршамызға аян. Сондықтан да, Қазақстанның әлемдегі дамыған мемлекеттер көшінен қалмауы және дүниежүзілік білім мен ғылым және ақпарат пен технологияның кеңістігіне еркін енуі үшін латын әліпбиіне көшудің аса қажеттігі заман талабынан туындап отыр.
Деректерге сүйенсек, бүгінде әлемдегі елдердің 70 пайыздан астамы латын жазуы арқылы білім мен ғылымды игеруде. Яғни, білім мен ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, және т.б. қатысты жазбаша ақпараттың барлығы латын графикасымен берілетіндіктен, қоғамдық өмірдегі жаңалықтардың басым бөлігі осы графиканың негізінде таралады деген сөз. Демек, латын әліпбиі еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуына бірден бір септігін тигізері анық.
Түркітектес халықтар арасында латын әліпбиі 1926 жылдан бастап қолданылып келеді. Латын әліпбиін алғаш қолданысқа енгізген – Түркия мемлекеті болып табылады. Қазақстанда ХХ ғасырдың 20-жылдарында ел зиялыларымен латын әліпбиіне көшу мәселесі көтерілген. Қазақ тілінің табиғатына сай әліпби үлгісі жасалып, қолданысқа енгізілген болатын. Қазақ тілі әліпбиінің негізін қалаған ғалым А.Байтұрсынұлы: «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Сондықтан, сөйлей білу қандай қажет болса, жаза білу одан да артық», - деген болатын.
Мысалға алсақ, Латын әліпбиіне көршілес Өзбекстан, Түркменстан және Әзірбайжан мемлекеттері тәуелсіздік алған уақыттан бастап көшкені белгілі.
Қазақстан Республикасының Президентінің 2018 жылдың 19 ақпанындағы № 637 қаулысымен «Латын графикасына негізделген қазақ тілі алфавиті» бекітілді. Қазіргі ХХІ ғасырда жазудың маңыздылығы бұрынғыдан бірнеше есе өскен заман. Сондықтан, әлемдегі елдердің басым бөлігі, соның ішінде түркітектес халықтар арасында қолданылатын латын әліпбиіне көшу – жаһандану дәуіріндегі рухани жаңғырудың маңызды қадамы болып табылады.
Аида Әбибуллаева,
"Қазпошта" АҚ Қызылорда облыстық
филиалының директоры,
"Сымбат" БПҰ топ жетекшісі
23 ақпан 2018 ж. 1 657 0