ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі күн тәртібіне қойылғаны баршамызға белгілі. Мақала жарық көрген күннен бастап, осы мәселе қоғамда кеңінен талқыланып, латын әліпбиінің қазақ тілін дамытудағы маңыздылығы, өзектілігі жан-жақты айтылып талқыланылып келеді. Осы орайда латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы туралы терең мағлұмат беру, қоғамдық пікір қалыптастыру, қоғамда өзін көрсете және өз еліне пайдалы бола алатын, жаңа қазақстандық патриотизмнің құндылықтары мен мұраттары жүйесін иеленетін патриот ұрпақ тәрбиелеу мақсатында Н.Ілиясов ауылдық модельді кітапханасының ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі – заман талабы» атты танымдық пікір алмасу сағаты өтті.
Шара барысында оқушылар мен оқырмандар тарапынан «Латын әліпбиіне көшкен уақыттағы қазақ тілінің келешегі қандай болмақ?», «Сіз латын қарпіне көшу керектігін құптайсыз ба?», «Латын әліпбиінің тиімді тұстары қандай?» сынды сұрақтар қойылып, оған №132 Т.Айтбаев атындағы қазақ орта мектебінің педагог-ұйымдастырушысы Қ.Бисенбаев пен ауылдық жастар ісі жөніндегі әдіскері А.Мәлібекова жауап берді. Бүгінгі күн тәртібіне қойылған ең өзекті мәселенің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Тарихи тамыры терең тұғырлы тілімізді түлетіп, санамызды сілкінткен, заманның өзі талап еткен бұл бастама көпшіліктің қызу талқысына түсті. Елбасы өз Жолдауында «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Латын жазуына көшу бүгінгі күннің кезек күттірмес қажеттілігі екенін, латын жазуы әлемдік өркениетке бағыттайтын күре жол болатынын қазақстандық әр азамат білуге тиіс, өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттық мұрасы еш уақытта жоғалмайды, тот баспайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сол себепті, латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ» деп атап өтті. Сонымен қатар, қазақ елінің өткен тарихында әліпбиі бірнеше рет ауысып, 1929 жылға дейін араб әліпбиін қолдансақ, 1940 жылға дейін латын әліпбиін пайдаландық. 1940 жылдан күні бүгінге дейін орыс әліпбиін қолданып келеміз. Латын графикасына өту – бұл еліміздің рухани тұрғыдан жаңғыруын және мәдени дамуын тездететін, әлемдік құндылықтарды игеруге мүмкіндік беретін тарихи бетбұрыс деген сеніммен шара қорытындылады. Шара соңында «Латын әліпбиі – қазақ тілінің жаңа көкжиегі» атты кітап көрмесі оқырмандарға таныстырылды.
Айдана МАРАТҚЫЗЫ