Шәкірттері шыңға шыққан
Қазан айының алғашқы жексенбісі – мәртебелі мамандық иелерінің мерейі артатын мереке. Бұл күн кәсіби мереке ретінде белгіленгенімен, адам баласын білім мен ілімге үйрететін аяулы жандардың әр күні мейрамға саяды.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, «адам жанының бағбаны», «мектептің жүрегі» болған ұстаздарымыз егемен еліміздің ұлағатты ұрпағын қалыптастыру жолында жан аямай еңбек етуде. «Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» деген халық даналығы. Кім болса да, ұстаздың тәлімі мен тәрбиесінің нәтижесінде азамат болып қалыптасатыны анық. Ендеше, еліміздің қай салада болмасын жеткен жетістігінің ұшар басында ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегі тұрғаны анық.
Талай шәкірттің өмірден өз орнын табуда дұрыс бағыт-бағдар беріп, талай оқушының білімі мен білігін арттырып, ұстаздық жолда 20 жылдан бері абыройлы қызмет етіп жүрген Анар Арыстанбаева «Мұғалімдік – мамандықтың төресі» дейді. Анар апай жоғарғы білімді Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында алған. Бүгінде педагог-сарапшы атағына ие ұстаз аудан орталығындағы білімнің қарашаңырағы №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Жас ұрпақты тілге деген құрмет пен жанашырлыққа тәрбиелеп жүрген ұстаздың шәкірттері де бүгінде биік белестерді бағындырып жүр.
Анар Мүбаракқызы – үнемі ізденісте жүретін, жас ұрпақты тәрбиелеудің әр кезеңіне еркін ілесіп, балаларды қандай тақырыпқа да қызықтыра алатын білікті маман. Қазіргі дамыған технология мен ақпарат дәуірінде оқытушыға да, оқушыға да мыңдаған мүмкіндік жасалып, қолдау көрсетілуде. Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болу емес, тарихи-танымдық, педагогикалық-психологиялық сауаттылық, саяси-экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етілуде. Ол заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқу мен тәрбие ісіне еніп, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгергенде ғана білігі мен білімі жоғары жетекші тұлға ретінде ұлағатты саналады.
Осы ретте, Анар апай мемлекеттік наградалармен де марапатталып жүр. Атап айтар болсақ, 2015 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының «Құрмет грамотасымен» марапатталса, 2016 жылы «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық ұйымының «Алғыс хатына» ие болған. 2018 жылы Қызылорда облыстық білім басқармасы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің «Құрмет грамотасына» лайық деп табылған ізденімпаз ұстаз биыл Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің «Алғысына» ие болған. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, Анар Мүбәракқызының тәрбиелеген шәкірттері де түрлі сайысқа қатысып, жеңіс төрінен көрініп келеді.
– Өзім аудандағы қасиетті қарашағырақ №35 мектеп-лицейінен түлеп ұштым. Анар Әзқожаева, Гүлжан Әбдірәсілова сияқты білікті ұстаздардан тәлім алып, соларға қарап бой түзеп өстік. Сол кісілердің жолымен ұстаздықты, оның ішінде, қазақ тілі мен әдебиеті саласын таңдадым. Ақжелен Болатова, Арман Өмірғали, Аружан Келдібай, Ернар Дүйсенбай, Арайлым Асылханова, Мөлдір Жандарбек есімді дарынды оқушыларым осы салаға бағытталып, түрлі байқаулардан жүлделі орын алып, ата-ана мен ұстаздар мәртебесін арттырып, үмітті ақтап жүр, – дейді Анар апай.
Анар Арыстанбаева өзі де тәжірибе алмасып, түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп келеді. Сонымен қоса жан-жақты ұстаздың ғылыми мақалалары түрлі республикалық ғылыми жинақтарға енген.
Қолға қалам алып, кейіпкеріміз туралы ой толғау барысында апайдың қызметтестерінен пікір сұрап, ой бөлісуін сұрадық.
– Анар – еңбек жолында жетістіктерге жетіп, аудандық, облыстық, республикалық сайыстарға қатысып, жүлделі орын иеленіп, шәкірттерінің жүрегінен орын ала білген тәжірибелі ұстаз. Білімді әрі білікті маман. Жан-жақты сауатты, өз ісінің шебері. Жеке қасиеттеріне тоқталсам, Анар – адамгершілігі мол жан. Сондай-ақ адал әріптес. Сөздің емес, істің адамы. Оқушыларға үнемі жанашырлық танытады, – деп пікір білдірді мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жадыра Әкімтаева.
«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деп қазақтың белгілі жазушысы Мұхатр Әуезов бекер айтпаған. Еліміздің дамуы мен болашақтағы бейнесі ғылым мен білім жүйесінің біртұтастығымен өлшенеді. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген. «Қапы қалмасқа» ұстаздар қауымының атқарар қызметі мен алар орны орасан. Оларға артылар жауапкершілік те жоғары. Ендеше, түгел ұрпақты тәрбиелеуші мәртебелі тұлғаларды мерейлі һәм кәсіби мерекемен құттықтаймыз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ