Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан
Ата-ананың берген тәлімін толықтырып, үлкен өмірге аяқ басқан шақта өмірдің ақ пен қарасын ұғындырып, болашаққа жасар қадамдардың негізін қалайтын – ұстаздар. Ұстазға қарап шәкірт бой түзейді, оң мен солын білмейтін бала санадан кемел азамат қалыптастырып, «өзінен озған» шәкірт тәрбиелеп шығарады.
Мұғалімдік – мамандықтың төресі. Баланың болашағы, келешекте қандай адам болатындығында педагог дейтін ауыр жүгі бар қызмет иелерінің атқарар рөлі орасан. «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» дейді К.Д.Ушинский.
Қазан айының алғашқы жексенбісі – мәртебелі мамандық иелерінің мерейі артатын мереке. Бұл күн кәсіби мереке ретінде белгіленгенімен, адам баласын білім мен ілімге үйрететін аяулы жандардың әр күні мейрамға саяды.
Мереке қарсаңында Аманкелді ауылдық округіндегі №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейдің тәжірибелі ұстазы Перуза Уалиқызымен тілдесіп, өнегелі өмірі мен ұлы жолдағы елеулі еңбектері туралы сұрадық.
Аманкелді Иманов атын иеленген ауыл топырағында дүниеге келіп, осында білім алған Перуза Миянованың жастайынан ілім мен білімге деген қабілеті ерекше болған. 1980-1984 жылдар аралығында Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институында жоғарғы білім жинақтап, оқуды бітіре сала туған жерге табан тірейді. Сол уақыттан бастап Аманкелді ауылында мұғалім болып жұмыс жасап, абыройлы қызмет жүгін арқалап келе жатқанына биыл отыз алты жыл толып отыр. Жоғары білікті педагог, білімді де білікті, жаңашыл да талапшыл, өзіндік бағыты бар тәжірибелі ұстаз осы уақыт ішінде өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беріп келеді. Атқарылған еңбек пен маңдай тердің жемісі – шәкірттерінің жетістіктері. Перуза апайдан тәлім алып, қазақ тілінің емле-ережелерін біліп шыққан шәкірттер әр жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде шектік балл жинап, үздік нәтиже көрсетіп келеді. Сондай-ақ, республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі сайыстар мен олимпиадалардан жүлделі орын еншілеген оқушылары жетерлік. «Ұстаздан шәкірт озар» деген, мұғалім еңбегінің қайтарымы өзі оқытқан шәкіртінің биік белесті бағындырғаны болса керек. Бұл ретте, Перуза апай оқытқан бір кездегі ақ көйлек, ақ бантикті бозбала мен бойжеткендердің бүгінде бір-бір қызымет иесі болып отырғанын айта кету керек.
– Ұстаздық – ұлы қызмет. Үлкен жауапкершілікті қажет ететін еңбектің нәтижесін көру бір бақыт. Қырық жылға жуық уақыт ішінде қаншама шәкірт тәрбиеледім. Алдыңғы түлектерім беделді қызмет иелері, бір-бір мамандық майталмандары. Кейінгілері еліміздегі ең ірі оқу орындарында білім жолын жалғастыруда. Мұғалімнің мерейін арттыратын да «өзінен озған» шәкіртінің жетістігігін көру. Бұл тұста мен өзімді бақытты ұстазбын деп есептеймін, – деді құрметті мамандық иесі.
Перуза апайдың шәкірттерінен бөлек өзінің алғыс хаттары мен құрмет грамоталары бір төбе екен. Еңбекке араласқан қырық жылға жуық уақыт ішінде төрт рет ҚР Білім және ғылым министрінің «Құрмет грамотасымен» марапатталса, 2009 жылы Қызылорда облыстық білім жетілдіру институтының «Алғыс хатымен» марапатталған. 2012, 2015 жылдары облыс әкімінің «Алғыс хатын» иеленсе, 2015 жылы «Үздік мұғалім – 2015» атағын жеңіп алған. Перуза Миянова онымен қоса түрлі ғылыми-әдістемелік конференцияларда баяндама қорғап, ұсыныстары көпшілік тарапынан қолдау тауып жүр.
«Тіл – ұлттың жаны» деген. Ел еңсесін тіктеп, Тәуелсіздікке қол жеткізгелі қазақ тілінің мәртебесі, тіл саясаты мәселелерінің қоғамда алар маңызы зор. Осы тұста, қазақ тілін дамытуға өзіндік үлес қосып жүрген озат ұстаз Перуза Миянованы әріптестері мақтамайды, ұлағатты ұстазды мақтан тұтады.
Перуза Уалиқызы – ұжымда абыройлы, жан-жағын мейіріммен шуақтандырып отыратын аяулы ұстаз болса, отбасында ардақты жар, асыл ана. Елдің баласын тәрбиелеумен қатар өз балаларын оқытып-тоқытып өсірген ана – бұл күнде бақытты әже. Өзі көпбалалы жанұяда туып-өскен Перуза Миянова жолдасы Исабай Жүсіповпен шаңырақ құрып, бес баланы дүниеге әкелген. Исабай аға ұзақ жылдан бері Аманкелді ауылдық әкімдігінде бас маман болып қызмет атқарып, ауылдың, ауданның өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Перуза апайдың бауырлары да ұстаздық ұлы жолды өмірлік таңдауы етсе, үлкен қызы Эльмира – облыстық білім басқармасының бас маманы. Одан кейінгі Шакизаты облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің бас эксперті болса, кіші қызы Нұрсила Алматы қаласында дәрігерлік қызметте. Ұлдың үлкені Рамазан – облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының маманы. Ал кішісі Ерген №42 мектеп-лицейдің 11-сыныбында білім алуда.
Ұлағатты ұстаз шәкірт тәрбиелеп, шаңырағының шаттығын еселеп отырса да, «уақыт жоқ» деуден аулақ. Өзінің сүйікті ісі бау-бақшасын егіп, гүлдерін жайқалтып қояды. Мұның бәріне қалай үлгереді дерсіз, сірә. «Әйел қырық жанды» деген, шаңырағынан қонақ арылмайтын берекелі отбасының үй шаруасын да Перуза апай өзі үйлестіріп отырады. Мектепте кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, жас мамандарға бағыт-бағдар беруші ақылшы ұстаз болса, үйде құтты қарашаңырақтың ұйытқысы.
«Ұстаздық еткен жалықпас» демекші, «адам жанының бағбаны», «мектептің жүрегі» болған ұстаздарымыз егемен еліміздің ұлағатты ұрпағын қалыптастыру жолында жан аямай еңбек етуде. «Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» деген халық даналығы. Кім болса да, ұстаздың тәлімі мен тәрбиесінің нәтижесінде азамат болып қалыптасатыны анық. Ендеше, еліміздің қай салада болмасын жеткен жетістігінің ұшар басында ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегі тұрғаны анық.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ