Шәкірттері шыңға шыққан
Сапалы білімнің іргетасы қаланатын бастауыш сыныпта баланың болашағы қалыптасады. Сондықтан мектеп табалдырығын аттаған әрбір балаға бағыт-бағдар беретін алғашқы ұстаздың ұлылығын барлық адам мойындайды. Мамандыққа деген адалдықты шәкіртке деген сүйіспеншілікпен ұштастырған алғашқы ұстаз бала жанының бағбаны екені сөзсіз. Бүгінгі кейіпкерім Гүлсара Сәдуова бастауыш сынып оқушыларын білім нәрімен сусындатып келе жатқан аяулы да ардақты жан.
Гүлсара Ашанайқызының білім саласында отыз жылдан астам уақыт жинақтаған мол тәжірибесі бар. Ол өз мамандығының жауапкершілігін терең сезінеді. Ұлағатты ұстаз алғашқы еңбек жолында көп қиындықпен бетпе-бет келсе де, алға қойған мақсатына жету жолында аянып қалмаған. Әлі де белсенділікті ту етіп, талай шәкірттің бағы мен бабын келістіріп, биіктерді бағындыруына жол ашып келеді.
Бүгінде бірінші санатты педогог-сарапшы атанған ұстаздың еңбек жолы 1989 жылы басталған. Бұл жылы ол небәрі 19 жаста еді. Ұстаздық қызметке қабылдаған №35 М.Калинин атындағы орта мектеп директоры Бөлебай Бисенов жас маманның болашағына үлкен сеніммен қарайды. М.Мәметова атындағы гуманитарлық жоғары колледжін «Бастауыш кластарда оқыту» мамандығы бойынша тәмамдаған жасқа ұжым үлкендері бағыт-бағдар беріп, қиын әрі қызықты еңбек жолына сәттілік тіледі. Міне, сол кезден бастап Г.Сәдуова ізденісті серік етіп, білімін, тәжірибесін ауданның білім беру саласының дамуына жұмсап келеді.
Бүгінгі күнге дейін мыңдаған шәкірт тәрбиелеген білікті ұстаз №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде 21 жыл еңбек етті. Қажырлы еңбекті қажет ететін бастауыш сыныптың тәжірибелі маманы қасиетті қашаңырақта еңбек ете жүріп, Анар Ізбасарова, Ұлтуған Бимурзаева, Мира Әкімжанова секілді ұлағатты ұстаздардан өмірлік сабақ ала білді. Кейіннен, яғни 2007 жылы өз мамандығы бойынша «Болашақ» университетінде оқыды. Қазіргі таңда Гүлсара Садуова №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде ұстаздық қызметте.
– Біз отбасында алты ағайындымыз. Әкем Ашанай өмірден ерте кеткен. Анам Жарқын 4 қыз бен 2 ұлды тәрбиелеп өсірген ардақты жан. Ұстаз атануым – бала күнгі арманымның орындалғаны. Біз басқаларды үйрете отырып, өзіміз де үйренеміз. Кәсібилікті үнемі жетілдіре отырып, баланы үлкен өмірге бейімдейміз. Нағыз тұлға болу үшін бала бойындағы қабілетті ашуға күш саламыз. Педагог һәм психолог ретінде әр баламен ыждағатты жұмыс жасаймыз. Сауатын ашуға көңіл бөліп, негізгі білімді қалыптастыруға күш саламыз. Бес-алты жастағы балалардың ой-өрісін дамыта отырып, алға қарай жетелейміз. Сондықтан бұл қызметте менің сан алуан бағытта ізденуім зор жетістікке жол ашады. Әрбір ұстаз ұлт алдындағы абыройлы борышы бар екенін ұмытпауы қажет, – дейді Гүлсара Ашанайқызы.
Білікті ұстаз халықаралық, республикалық деңгейдегі білім бәсекелері мен байқауларының жеңімпазын дайындағаны үшін арнайы дипломдарға ие болған. 2019 жылы республикалық «Тағылым» журналына ашық сабағы жарияланды. Осы жылы «Жаңартылған білім берудегі әдіс-тәсілдер» атты әдістемелік жинағы жарыққа шықты. «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық байқауының ІІ орын иегері атанды. Мұның бәрі қажырлы еңбектің мәуелі жемісі. Бүгінде ұлағатты ұстаздан білім алған шәкірттер де ел дамуының түрлі саласында еңбек етуде. Ұстаз өзінің оқуда озат шәкірттерімен мақтанады.
– Шәкірттерім егемен еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Олардың азамат ретінде қалыптасу кезеңі менің көз алдымда. Сенімім мен үмітімді ақтаған шәкірттерімнің әр жетістігі мен үшін зор қуаныш. Бүгінде оқушыларым мемлекеттік қызметпен қатар, түрлі саланың тізгінін ұстауда. 2011 жылы орта мектепті тәмамдаған шәкірттерім Әнел Иманғалиева мен Сандуғаш Исмағұлова «Алтын белгі» иегері атанды. Олардың алғашқы ұстазы ретінде Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының қолдауымен елордаға саяхат жасадым. Жекелеген оқушыларым түрлі олимпиада мен білім бәсекелерінде жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізуде. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт жоқ, – дейді білікті ұстаз.
Шәкірт тәрбиелеу ісінде абырой биігіне көтерілген Гүлсара Сәдуова 1990 жылы тереңөзектік Рүстем Смайыловпен отбасын құрады. Отасқандарына отыз толған жандардың екі перзенті бар. Тұңғышы Дәуренбек пен қызы Жадыра бір-бір үйдің егесі. Жары Рүстем жеке кәсіпкерлікпен айналысуда. Ол автокөлік шиналарын жөндеу орталығын ашқан. Сонымен бірге «Жадыра» азық-түлік дүкені жұмыс жасайды. Отбасылық бизнесті дамытумен қатар, табыс көзін еселеуге Рүстем Смайылов айрықша көңіл бөледі. Қазіргі пандемия уақытында санитарлық талаптарды қатаң ұстанады.
Әлемді дүрбелеңге салған пандемия кезінде білім саласына біршама өзгеріс енді. Дәл қазіргі уақытта ұстаздар жауапкершілікті айқын сезінуде. Онлайн жүйеде сабақ беруге машықтанған Гүлсара Ашанайқызы оқушыларға әліппе технологиясын, математикалық сауаттылықты меңгертеді. Сонымен бірге басқа да пәндер бойынша дәріс беруге дайын.
Балтабай ОРДАБЕКОВ