Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Абырой – еңбектің жемісі

Абырой – еңбектің жемісі

«Қарты бар елдің – қазы­на­сы бар». 1 қазан – халық­аралық қарттар күні мерекесіне орай еңбегімен елге елеулі, кейін­гі ұрпаққа ісі­мен үлгі болып жүрген қазына­лы қария­ларымыздың өне­­гелі өмірін оқыр­ман қауым­ға дәріптеуді жөн сана­дық. «Көп қарттың ор­­та­сында жүр­ген дана болар» демекші, үл­кен кісі­лердің әдемі әңгімесі, тағы­­лым­ды ойы бізге қашан да қымбат.

Мақаламызға нәр беріп, одан қалса толымды ақпарат жинау мақсатында кейіпкеріміз Сұлтанбек Жұмаділов туралы ауыл азаматтарынан сұрастырған едік. Көпке сыйлы ел ағасына айналған азамат турасында тек жақсы пікір алдық. Ойға қонымды дерек пен ұтымды пі­кірді Қалжан ахун ауылының еңбек ардагері, қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытып, ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін қалтқысыз атқарған Болат Дүйсенбаев білдірді.

– Сұлтанбек 1954 жылы дүниеге келген, – деді Болат аға мәселенің мән-жайына қаныққаннан кейін әңгіменің тиегін ағытып. – Тарихы тереңде жатқан елдімекенде механизатор, көлік жүргізушісі болды. Одан кейін сов­хоз бригадирі болып, өзіне жүктелген міндетті, қызметті абыроймен адал атқарды. Жалпы, Сұлтанбек Жұмаділов туралы сұрағаныңызда, ме­нің ойыма «адалдық» сөзімен ассоциация айналып келе қалды. Себебі, бұл кісі еңбекте болсын, қызметте болсын, үлкен мен кішіге бірдей адал адам. Әр ісін жауапкершілікпен ықтияттап атқарады. Үлкенге ізетін, кішіге үлгі-өнегесін көрсетіп келеді. Мен Сұлтанбекпен отыз жыл қызметтес болған адаммын. Сол уақыт аралығында оның бір қыңыр мінезін, жаман қасиетін көрмеппін. Өзі қандай кең, қолы ашық азамат болса, әрбір ісі де сондай өнімді, еңбегі елеулі азамат. Қазіргі таңда зейнет демалысында. Бірақ, еңбектен еш ажыраған емес. Бүгінгі таңда да ауыл мешітіне қызмет қы­лып келеді, – деді ауыл ардагері.

Кейіпкеріміз Сұлтанбек Жұмаділов 1954 жыл­дың қыс мезгілінде Қалжан ахун ауылында дүниеге келген. 1972 жылы сегізсыныптық орта мектепті тәмамдап, кейін Жалағаш ауданындағы «СПТУ» оқу орнында білімін то­лықтырған. Сөйтіп, осы оқу орнынан көлік жүр­гізушісі мамандығын игеріп шыққан. 1973 жылы 19 жастағы бозбала Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанған. Екі жылдық әскер мектебін абыроймен өткізіп, шынығып, шыңдалып келген ол туған жерге ат басын тіреген. Сол жылдан бастап Қалжан ахун ауылының өсуі мен өркендеуіне, жан-жақты дамуына үлес қосып, түрлі салада қызмет еткен. Ең алғашқыда совхоздың механизаторы болса, бірнеше жылдан кейін көлік жүргізушісі болып жұмыс жасаған. Темір тұлпарды он бес жыл бойы тізгіндеп, 1992 жылдан бастап сов­хоз бригадирі қызметін атқарған. Соның арасында ауыл мешітінде қарауыл болып жұмыс жасаған ауылдың бетке ұстар азаматы кейінгі жылдары қайта совхоз бригадирлігіне ауысып, 2022 жылы құрметті зейнет демалысына шыққан.

Қалжан ахун ауылының беделді азаматы, еңбек ардагері, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған Сұлтанбек Жұмаділов өмірлік зайыбы Мешіткүл Жүсіпбековамен 22 жасында отау құрған. Өмірдің қызығы мен шыжығын, ащысы мен тұщысын қатар көрген жандар 2 қыз, 1 ұлды тәрбиелеп өсірген. Бүгінде адал еңбегінің берекесі мен ырысына кенелген қос қария ұл-қыздан тараған жеті немеренің сүйікті атасы мен әжесі.

– Біз жас кезімізден еңбекпен есейдік. Қазіргідей самсап жатқан техника жоқ. Барлық жұмыс қолмен атқарылады. Міне, сондай шақтарда еңбектен береке тауып, мына жұмыс ауыр, мына жұмыс жеңіл деп қараған емеспіз. Сондықтан бүгінгі буын да барлық жетістікке таза еңбекпен жетуі тиіс. Әрбір өткен күн – бүгін тарих, бүгініміз де ертеңгі күні тасқа басқандай тарих беттерінде қалары анық. «Адамның күні адаммен» деген. Қазіргі таңда жаңалықтардан небір сұмдықты естіп жатамыз. Адамдар мейірім деген алтын күнді жоғалтып алмауы керек. Абай айтқан «Ақырын жүріп, анық басты» әрбір адам жадында сақ­тап, дәл солай әрекет қылса, жөні сол. Қария – қазына болса, жастарымыз – жарқын болашақтың иесі. Ұрпағымыз аман, еліміз тату, бірлігіміз бекем болсын, – деп батасын берді ардақты ардагер.

Ауылдың дамуында С.Жұмаділов секілді қарттардың еңбегі ұшан-теңіз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
01 қазан 2022 ж. 361 0