Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазыналы ғұмыр

Қазыналы ғұмыр

«Ақыл марқаяды, жастық шалқаяды. Біз қарттар мар­қайған ақылдың маздаған отын жаға білейік. Сол мазда­ған оттың жылылығын, жарық сәулесін өмірде жылылыққа, жарыққа зәру жандарға жәрдем ретінде қалдыра білейік. Сонда ғана қарттықтың қасиетінен өзіміз де, өзгелер де өмірлік ләззат алған болады» деп жазады Қытайда туып, өмірінің кейінгі жылдарын өз Отанында өткізген жазушы Зейнолла Сәнік. Бүгінде отбасының ғана емес, түгел әулеттің, рудың ақсақалы атанып, өзінен кейінгілерді бір­лік пен ынтымақтастыққа ұйыстырып отырған данагөй қария Болат Ахметов ағамыздың өнегелі өмірін кейінгі ұр­паққа үлгі етуді жөн санадық.

Бас редактордың арнайы тапсырмасымен Болат ағамыздың шаңырағына бардық. «Көп қарттың ортасында жүрген дана болар» де­мекші, үлкен кісілердің, «тірі тарихтың» әде­мі әңгімесі, тағылымды ойы бізге қашан да қымбат.

Кезінде Әли Құлтай есімді ел ағасы өзге өңірден Сыр бойына бір топ орта жүздің азаматын әкеліп қоныстандырып, олардың аяққа тұрып кетуіне барынша жәрдем еткен екен. Өзі де осы өңірде отбасын құрып, ұрпақ өрбіткен ол кент орталығындағы поселкелік кеңестің басшысы болған. Талай адамға жақсылығын аямай, көптің алғысын алған абыз ақсақалдан 4 ұл, 2 қыз тараған. Ұлдың үлкені – біз айтып отырған Болат Әлиұлы ағамыз.

1968 жылы Жанат Нұржанова апамызбен отау көтеріп, шаңырақ құрған ағамыз бүгінде үлкен әулеттің ұйытқысы болып отыр. Өсірген ұл-қызы – қазіргі таңда түрлі салада қызмет етіп жүрген майталман маман. Сондай-ақ ұл-қыздан тараған немере-шөберелер де тамырын тереңге жайған бәйтеректің жайқалған жапырағындай. Өмірлік зайыбы екеуі Бақыт, Анар, Тимур есімді ұл қыздарды тәрбиелеп, әрқайсысын жеке отау қылып, аяқтандырған. Өмірі өнегеге толы жандардың тәрбиесін көріп өскен ұл мен қыз ата-ананы ешқашан жерге қаратпай, бір-бір үлгілі отбасының ұйытқысына айналған.

Болат аға Ахметов 1946 жылы бүгінгі Те­рең­өзек кенті орталығында дүниеге келген. Өмірі өнегеге толы қария бүгінде жетпістің желкенінен асып, сеңгір таудай сексен жасқа аяқ басып келеді. Қазыналы қарияның жастық шағы еңбекпен өтіпті. Ағамыз жастық шағын ерекше тебіреніспен еске алды.

– Кезеңіне қарай әр дәуірдің өз қызығы бар. Жастық шақ, балдәурен кездің көп естелігі бүгінде алыстап кеткен сағымдай көзден де, ойдан да ғайып болып ұмытылып бара жат­қандай. Кейбір ұйқысыз түнде барлығы күні кешегідей көз алдыма келеді. Адам өміріндегі ең ұмытылмас кезең – мектеп қабырғасында өткен бозбала дәурен мен жастық шақ екен, – дейді сыйлы ақсақал.

Кейіпкеріміз 1953 жылы А.Жданов атын­дағы орыс мектебіне барған. Оқу ордасын 1964 жылы бітіріп шыққаннан кейін кө­лік жүргізу саласына қызығушылық танытып, қызығушылықты білім мен тәжірибемен то­лықтырған. Аудан орталығындағы көлік жүр­­гі­зушілерін даярлайтын арнайы курсты оқып тәмамдаған соң, бозбала үлкен өмірге, ең­бек­ке араласып кеткен. Содан зейнет жасына дейін темір тұлпарды тізгіндеген ағамыз талай абыройлы тұлғалардың сенімді жолсерігі болған. Жастайынан шымыр, болаттай мығым болған ағамыздың темір ұсталығына да қызы­ғушылығы ерекше болып, бірнеше жыл дәне­керлеуші болып та жұмыс жасаған.

– Дәнекерлеуші болып бірнеше жыл жұмыс жасадым. Қолдан келген соң қосымша кәсіп қылып, темір ұқсатып, дарбаза жасадық. Сол кезде біздің қолымыздан шыққан кей дарбаза әлі күнге қызмет етіп келеді. Аудан көшелерін аралай қалсам, сол бір кезде өз қолымыздан шыққан дүниелер еріксіз көзге түседі. Өткеннің белгісіндей болып, ойды сонау бір кезеңдерге жетелеп кететін кездер болады, – дейді ауданға сыйлы азамат.

Ағаның өнегелі өмірі турасында замандас­тарынан да сыр тартып, пікір сұрадық. Кейіп­керіміздің құдайы көршісі әрі замандасы Нұрлан Оразбеков ардақты жанның көпке үлгі екенін айтып, сөзімізді қуаттай түсті.

– Бұл кісімен біз құдайы көршіміз. Одан бөлек, ағайындық-туысқандық жақындығымыз бар. Бәкең біздің әулетке күйеу әрі жиен болып келеді. «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» деген тәмсіл болса, қыздан туған жиеннің орны қазақ отбасында және ерек. «Көршіні Құдай қосады» дегенді де естуіңіз бар шығар. Бұл бір өзі қызық жағдай болды десек болады. Ертеректе, жас кезімізде, көршілес пәтерде тұрдық. Кейін бөлек шығып, жеке жайымызға қоныс аударғанда да Құдай жолымызды қайта қосып, арада 20-30 жыл өткеннен кейін қайта көрші болып отырмыз. Бәкең туралы айтқанда, балаларын айтпай кету мүмкін емес. Апамыз екеуі көзге көрінген балаларын өсіріп, жеткізді. Бәрі білім алып, өз алдына отау тігіп, бүгінде немере-шөберелері ата жолын, ана ізін жалғап келеді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы болса керек, – дейді Нұрлан аға Оразбеков.

Қай істе де ептілік пен жауапкершілік таныта білген ардақты ардагер 1973 жылы аудандық өрт сөндіру бөлімінің көлік жүргізушісі болып жұмысқа орналасқан. Үлкен көлікті тізгіндеп, талай қауіпті жағдайларда жан аяп қалмаған азамат осы жерде табан аудармастан жиырма жыл қызмет қылған. 1994 жылы денсаулық жағдайына байланысты зейнет демалысына шыққан.

Үлкен ас пен той-жиындарда ақ батасын беріп, үлкен-кішіні ұйымдастырып, ақылын айтып, жолын көрсетіп отыратын ақсақал көпке сыйлы. «Ауылыңда қартың болса, жазып қой­ған хатпен тең» деген. Көпті көрген дана қарттың кейінгіге берері де, айтары да мол болмақ. Әңгіме барысында ағайдың кітапқұмар екенін білдік. Жас күнінен кітапхананың кіта­бын тауыса оқыған ол өзінің кітапқа деген ерекше махаббатын анасы ашқанын айтады. Болат ағамыздың анасы Күлтай апа ұзақ жыл бойы аудандық кітапхананы басқарған. Анасына еріп, кітапханадан шықпаған Болат аға Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов сынды қазақ классиктерін, Шыңғыс Айтматов пен Олжас Сүлейменов сынды дарынды жазушылар еңбегін сүйіп оқығанын айтты. Жас кезінен рухани қазынаға жақын болған соң, кітап жинау да ағаның сүйікті ісі болыпты. Шағын ғана жеке кітапханасында көркем әдебиет және детектив жанрындағы кітаптар күні бүгінге дейін сақталып тұр. Кітап пен газет-журналды қалт жібермейтін ағамыз бүгінде денсаулық жағдайына байланысты қағаз кітапты заман талабына сай аудиокітапқа ауыстырғанын айтты.

Өткен күнге көз тастап, естеліктерден сыр шертіп отырып Болат аға жас кезінде спортқа да жақын болғанын айтты. Саламатты өмір салтын ұдайы ұстанатын ардақты азамат спорттың зор денсаулық кепілі екенін алға тартады. «Жігітке жеті өнер де аз» деген, ағамыз жас кезінде баян тартып, талай отырыстың сәнін келтірген. «Кәсіби түрде болмаса да, сол кездерде «сән» болған баян аспабында ойнауды сыныптасым үйретіп еді. Музыкалық қабілетпен нотасыз үйреніп кеттім» деген Болат аға жұмыс бабымен кейін қосымша қызығу­шылықтарынан қол үзіп қалғанын айтты.

Кейіпкеріміздің қарапайымдылығы сол үл­кенге құрмет пен кішіге ізетін көрсетуден танбаған. Ол туралы ізін басқан інілері де үл­кен тебіреніспен айтады.

– Болат ағамызды нағыз еңбектің адамы дей аламыз. Жастайынан үлкен жұмыстарға араласып, одан қалды айналасын ұдайы ұйыстырып, ұйымдастырып жүреді. Алдыңғы буын ағаларымыздың тәлімі мен тәрбиесін көріп өстік. Біздің де үлкен өмірге қадам басып, өмірден өз орнымызды табуымызға осы кісілердің бергені мол болды. «Ағаның етегін баспа, ізін қу» дейді ғой қазақ. Осы кісілерге қарап бой түзедік. Әлі күнге ақыл сұрап, маңызды мәселеде кеңесіп отырамыз. «Батаменен ел көгерер» деген. Абыз ақсақалдарымыздың батасын алу бір ғанибет. Көпті көрген ақылшы ардақтыларымыз аман болсын, – дейді аудандық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов.

Бүгінде жасы біразға келсе де ағайын-туғанның жиыны мен қуаныш-қайғысында бас болып жүрген Болат Ахметов – көпке сыйлы ақсақал. Ағайын арасындағы татулық пен ынтымақты, бірлік пен берекенің болуын кейінгі ұрпаққа, балалары мен ізін басқан інілеріне үлгі етіп, айтып отырады. Отаудың ғана емес, Отанның қамын қоса ойлап, іргелі істерде ірілік танытып жүретін осындай қазыналарымыздың орны қашан да бөлек. Абыздығы аңыз, даналығы түгел ұрпаққа мұра болар ақсақалдарымыз аман болып, терең тәлімі мен тектілік тәрбиесі үзілмесін демекпіз.



Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

09 тамыз 2022 ж. 592 0