Аудан әкімінің "Халықаралық қарттар күнімен" құттықтауы
Ардақты ардагерлер!
Қадірлі аға буын өкілдері!
Сіздерді «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Халқымызда «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген тағылымды сөз бар. Біз әрқашан қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Әркез алдыңғы буын аға-апаларымыздың ел дамуы жолындағы ерен ерлігі мен қажырлы еңбегін үлгі тұтамыз. Өйткені, ғұмыры ғибратқа толы ардақты ардагерлердің жүріп өткен жолы – өнеге мен тағылым мектебі.
Елімізде ардагерлердiң жақсы өмiр сүруiне көп көңiл бөлiнуде. Зейнетақының өсуi, ардагерлерге жасалып жатқан жеңiлдiктер, көпбалалы аналарды марапаттаумен қатар басқа да игі шаралар ардагерлерді қолдау деңгейiнiң жоғары екенiн көрсетедi. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар ауданда да атқарылуда. Аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өмірі өнегелі қарияларға көптеген құрмет көрсетілуде.
Бүгінде ауданда 1 Ұлы Отан соғысының ардагері, 169 тыл ардагері және 4106 зейнет жасындағы қария бар. Олардың әлеуметтік жағдайы, күнделікті тыныс-тіршілігі, тиісті қолдаулар мен жеңілдіктерге ие болуы мемлекет назарында. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан зейнет жасындағы ардагерлер қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, қоғамның дұрыс дамуына зор үлес қосуда. Сол себепті Сіздерге үлгі болар өнегелі істеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін.
Сіздерді мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін!
Қадірлі аға буын өкілдері!
Құрметпен,
Талғат ДҮЙСЕБАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі