Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық жоба халықтың әл-ауқатын қалай арттырады?

Ұлттық жоба халықтың әл-ауқатын қалай арттырады?

Біреу білер, біреу білмес, былтыр елімізде «Қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатын арт­ты­руға бағытталған ор­нықты эко­но­микалық өсу» ұлт­тық­ жобасы бекітілді. ҚР Үкіметінің 12 қазандағы №730 Қаулысымен қабылданған ұлттық жобаның не­гізгі мақсаты – экономиканы әр­та­раптандыру, халықтың табысын арттырып, тұрмысын түзеу. Ел экономикасы мен жағдайын өр­­кен­дету әрі тиімді жағдайды ор­­нық­тыруды көздейтін ұлттық жо­баның қабылданғанына бір жыл өтті. 2025 жылға дейін алға қойылған жос­парды түгел орындау үшін ұлттық жоба аясында қандай жұмыстар қолға алынды? Шаруа қаншалықты шешіліп келеді? Алдағы үш жылға артылар салмақ қандай? Осы және өзге сұрақтар төңірегінде сараптай­тын боламыз.

ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУҒА ҚАНША ҚАРЖЫ ЖҰМСАЛАДЫ?

Өткен жылдың қазан айында Қазақстан Үкіметі бірнеше жобаны мақұлдаған болатын. Халықтың әл-ауқатын арттыруға ба­ғыт­­талған ұлттық жоба – сондай маңызды ше­шімдердің бірі. Мамандардың дерегінше, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлт­тық жобасын жүзеге асыру 2025 жылға қарай нәтиже бермек. Ұлттық жоба негізгі 5 бағытты қамтиды. Олар: индустриялық-инновациялық даму, мұнай-газ химия кешені мен геология саласын дамыту, энергетика саласын жандандыру, шикізаттық емес экспортты ілгерілету. Осындай негізгі бағыттарға сай жұмыс жасайтын ұлттық жобада әр бағыт бо­йынша негізгі міндеттер де айқындалған.

Аталған мақсаттар мен міндеттерге қол жет­кізіп, игі жобаның ізгі нәтижесін көру үшін 15,9 трлн теңге жұмсалады. Ұлттық жобаны іске асыру үшін қажетті қаржының 400 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, қал­ған жеке инвестицияларға артылар салмақ 15,5 трлн теңгені құрайды. Аталған жобаны то­лықтай іске асыру нәтижесінде тұрақты эко­номикалық өсім кемінде 5 пайыз деңгейінде қам­тамасыз етілетін болады. Елімізде 127,8 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда. Оның 102,8 мыңы – тұрақты жұмыс деп жоспарланса, қалған 25 мыңы – уақытша жұмыс орны бол­­мақ.

Ал еңбек өнімділігі 2019 жылмен салыс­тыр­ғанда 20,6 пайызға артады. 2019 жылғы деңгейге қарағанда халықтың нақты ақшалай табысының 2019 жылғы бағамен 27,1 пайызға өсуі жоспарланған. Өңдеу өнеркәсібіндегі қыз­меткерлердің орташа жалақысының 2020 жыл­ғы деңгейге қарағанда 31,5 пайызға, элек­тр энергетикасы саласы қызметкерлерінің ор­таша жалақысының 50 пайызға, мұнай-газ хи­миясы саласы қызметкерлерінің орташа жа­ла­қысы 2020 жылғы деңгейге қарағанда 25 па­йызға көтерілуі де күтіледі. Демек, іс жоспар бойынша жүріп отырса, ұлттық жоба «екі қолға бір күрек таппай жүргендердің» мәселесін ше­шіп, халықтың әл-ауқатын арттыратын болады.

БАҒЫТТАР БОЙЫНША БҮГІНГІ БАҒАМ

Индустриялық-инновациялық даму

Индустриялық-инновациялық даму бағыты екі негізгі міндетті қамтиды. Олар – өңдеуші кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту жә­не өндірілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейту арқылы өндіріс көлемін ұлғайту. Атал­ған жоспарды іске асыру үшін 11,46 трлн теңге қажет етіледі. Оның ішінде, бюджеттен тыс негіздегі қаржы көлемі 11,2 трлн теңгені құрайды.

Цифрлық технологияларды пайдалана­тын өңдеу өнеркәсібіндегі ірі және орта кә­сіп­орындардың үлесі 2020 жылы 6,1 пайызды құраса, жоба нәтижесінде бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 23 пайызға дейін өсуі қажет. 2020 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 13,23 трлн теңгені құраса, 2022 жылғы есеп бойынша бұл көрсеткіш 15,79 трлн теңгені құрауы керек. Аталған қаржы көлемі 2023 жылы 17,11 трлн теңгеге, 2024 жылы 18,41 трлн теңгеге, 2025 жылы 19,69 трлн теңгеге дейін артуы көз­деліп отыр. Ұлттық жоба аяқталар уақытқа қарай өңдеу өнеркәсібіне жалпы қосылған құн 15 трлн теңгеге дейін артуы тиіс.

Және экспортқа бағытталған өнімдер кө­бірек шығарылып, олардың көлемі 9,1 млрд долларға дейін ұлғаймақ. Жаңа жобаларды іске қосу есебінен өңдеуші кәсіпорындардан түсетін салық көлемі де артатын болады. Бұл көрсеткіш 2025 жылы 417,3 млрд теңге­ге артады деп күтіледі. Бұл ретте, өңдеу өнер­кә­сібіндегі негізгі капиталға 11,2 трлн теңге жеке инвес­тиция тарту жоспарлануда.

Мұнай-газ химия кешіні

Қазақстанда мұнай-газ химия саласын дамыту қажеттігі – бұрыннан күн тәрті­біндегі мәселе. Бұл экономиканың шикізат­тық бағытынан алшақтап, қосылған құны жо­ғары өнім өндіруге мүмкіндік береді. Және жаңа нарықтық тауарларды айқындап, эконо­микалық өсудің жаңа нүктелерін құруға және экономикалық әлеуетті арттыру мақсатында қолайлы инвестициялық ахуал жасауға таптырмас мүмкіндік саналады. Бұл үшін бес саланы қамтитын мұнай-химия кластері құрылуда. Қазақстанда полипропилен, метанол, бензинге арналған қоспа, полиэтилентерефталат өн­ді­рілетін болады. Сондай-ақ газ өңдеу зауыты іске қосылады деп жос­парлануда. Аталған зауытқа негізгі шикізат көзі ретінде Қашаған кен орны тартылмақ.

Мұнай-химия кластерін құру үшін жалпы кө­лемі 2,46 трлн теңге қажет етілсе, оның 2,42 трлн теңгесін жеке инвестициялардан тарту көз­делуде.

Ұлттық жобаны әзірлеуші мамандардың ай­туынша, мұнай-газ химиясы өнімдерінің өн­дірісі 2020 жылғы 360 мың тоннадан 2025 жы­лы 2 млн тоннаға дейін өседі. Бұл дегеніміз ұлттық жоба мерзімі аяқталғанша 5,5 есеге көбею дегенді білдіреді. Ал осы бағыттағы экспорт көлемі 1,36 млрд долларға дейін артпақ.

Геология саласын дамыту

Жоба негізінде түрлі іс-шараларды ұтымды ұйымдастыру геологиялық барлаудың инвес­тициялық тартымдылығын арттыратын бола­ды. 2025 жылға қарай осы салада 14 ин­вес­­тициялық пакет қалыптастырылады. Сон­­­­­­­­­­­­­дай-ақ геологиялық материалдарды сақ­тау жә­­не өңдеу жұмыстары 100 пайыз мемлекеттік инфра­құрылыммен қамтамасыз етіледі. Және ұлт­­тық жобаның соңына қарай геологиялық-гео­фи­зикалық зерделеумен қамту ұлғая түседі деп көзделуде.

Энергетика саласын дамыту

Бұл бағыт бойынша экономиканы ор­нық­ты дамыту талаптарына сай келетін энер­ге­тикалық кешенді жаңғырту басты міндет болып табылады. Себебі, ел экономикасы мен халықтың сұранысына сай электр энергиясына деген қажеттілік жылдан-жылға артып келеді. 2025 жылға қарай іске қосылған электр қуатының қосымша көлемі 5341 МВт құрайтын болады. Бұл алға жылжу жаңартылған энергия көздерінің жаңа қуаттары мен аралас циклді станциялар және энергия өндіруші ұйым­дармен инвестициялық келісімді іске асыру есебінен жүргізіледі. Бұл ретте, энергия тасымалдаушы ұйымдардың саны 2017 жылғы деңгейден 30 пайызға дейін қысқарады.

Шикізаттық емес экспортты ілгерілету

2025 жылға қарай сыртқы сауданың жалпы көлеміндегі тауарлар мен қызметтердің ши­кізаттық емес экспортының үлесін 32-ден 45,7 пайызға дейін, көлемін 41 миллиард долларға дейін екі есеге арттыру жоспарлануда. Оның ішінде, шикізаттық емес тауарлар экспорты 29,5 млрд долларды, қызмет көрсету 11,5 млрд долларды құрайтын болады. Бұл көрсеткіш пен алға қойылған жоспарға қол жеткізу үшін республикалық бюджеттен барлығы 34,5 млрд теңге қажет. Ал мем­ле­кеттік қазынадан қар­жылық қолдау шара­ла­рына 23,18 млрд теңге, қаржылық емес қол­дауға 2,41 млрд теңге бө­лінеді.

Елде 1000 белсенді экспорттаушы жұмыс істейтін болады. Сауда және интеграция минис­трлігінің мәліметі бойынша, 2022 жылдың басында бұл көрсеткіш 540-ты құраған. Сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындар халықаралық электронды платформаға шығарылатын болады. Олар экспортты жеделдету бағдарламасына қатыса алады.

2025 жылға қарай кем дегенде бес жаңа аккредиттеу схемасын енгізу жоспарлануда. Ал жаңартылған сынақ зертханаларының үлесін 30 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұл үшін зертханалық база жаңартылып, экономика салаларында стандарттарды қолдану деңгейін есепке алу және талдау жүйелері енгізіледі.

ТҮЙІН

«Қазақстандықтардың әл-ауқатын артты­руға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасының қабылданғанына бір жыл болып қалды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында «Мен келесі жылдан бас­тап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым» деп нақты айтты. Демек, халықтың да айтыл­ған жобадан күтері мол.

Облыс әкімдеріне Қазақстан Республи­касының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұлттық жобаның жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруды қамтамасыз ету жүктелген. Қазіргі таңда осы бағытта іс-ша­ралар атқарылуда. Ел экономикасын әрта­раптандыру әрі ілгерілетуді мақсат еткен жоба негізінде жаңа жұмыс орындары ашылып, жалпы ішкі өнім мөлшері артпақ. Жобаның мерзімі 2025 жылы аяқталады. Яғни, әлі үш жылдан аса уақыт бар. Осы уақытта жоспар бойынша жұмыс жүргізілер болса, ел әлеуеті алдағы уақытта қазіргіден де жақсара түсері анық.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
20 қыркүйек 2022 ж. 188 0